Тәлім мен тәжірибе

Мемлекеттік қызмет жүйесінде кадр әлеуетін арттыру, жаңа қызметкерлердің тез бейімделіп, кәсіби машықтарын шыңдауы үшін тәжірибелі мамандардың білімі мен тәжірибесіне арқа сүйеу маңызды.
«Білімнің басы – тәрбие, тәрбиенің басы – үлгі», – деп ұлы ғұлама Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай, тәлімгер – жас маман үшін үлгі болатын тұлға. Ол қызметтік тәжірибені ғана емес, адамгершілік құндылықтарды да үйретеді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев ел дамуының жаңа кезеңінде мемлекеттік қызметті жаңғыртуды басым бағыттарының бірі ретінде міндетін қойды. Ол өз сөзінде мемлекеттік органдар қызметіндегі сабақтастық пен институционалдық жадының жоқтығы сияқты проблеманы жиі тілге тиек етті.
Осы орайда, еліміздің барлық өңірінде құрылған Тәлімгерлер кеңесінің жұмысы ерекше маңызға ие болуда. Кеңестің негізгі мақсаты – жас мемлекеттік қызметшілерге қолдау көрсету, кәсіби даму жолында бағыт-бағдар беру және құндылықтарға негізделген мәдениетті қалыптастыру.
Тәлімгерлік – бұл тек білім беру емес, сондай-ақ тәжірибе алмасу, жеке қабілеттерді дамыту, моральдық қолдау көрсету мен жауапкершілікке тәрбиелеу үрдісі. Тәлімгерлік арқылы жас маман қызметтің қыр-сырын тез меңгеріп, мемлекеттік қызметке тән ережелер мен әдептілік ұстанымдарды бойына сіңіреді.
Мемлекеттік қызметті дамытудың 2024–2029 жылдарға арналған тұжырымдамасында кәсіби кадрлық құрамды қалыптастыру мен адам капиталын дамыту басым бағыттардың бірі ретінде айқындалған. Бұл құжатта тәлімгерлік институтын нығайту, үздік тәжірибелерді енгізу және институционалдық қолдауды күшейту көзделген. Осы ретте, Тәлімгерлер кеңесінің құрылуы – стратегиялық құжаттың тәжірибедегі нақты көрінісі бола отырып, қазіргі буын басшылары мен мемлекеттік қызмет ардагерлерінің арасындағы сабақтастықты дамытуға және мемлекет үшін адал қызмет ететін кадрларды ұстап қалу мен кәсібилендіруді қамтамасыз ететіні анық.
«Адамның адамшылығы – жақсы ұстаздан», – деген Абай Құнанбайұлының сөзі бүгінгі тәлімгерлік жүйесінің рухани негізін көрсетеді. Ұстаздық пен тәлімгерлікті бөліп қарауға болмайды – екеуі де адамның кемелдену жолындағы маңызды баспалдақтар.
Кәсібилік пен адалдықты бойына сіңірген жас буынды тәрбиелеу – ел болашағына жасалған инвестиция деп білемін. Сондықтан әрбір тәлімгердің еңбегі – мемлекет мүддесі үшін атқарылған үлкен іс. Ал бұл істің жүйелі жүруі – Тәлімгерлер кеңесінің белсенділігі мен тиімділігіне тікелей байланысты.
Қызмет жолында абыройлы болу үшін алдымен дұрыс тәлім керек. Мен зейнетте жүрсем де, әлі күнге дейін жас мамандармен кездесіп, ақыл-кеңесімді беріп тұрамын. Бұл – ардагер үшін үлкен бақыт. Сол себепті, тәлімгерлік институтын қолдап, тәжірибелі кадрларды жастармен тұрақты байланыстыру – заман талабы деп санаймын. Тәлімгерлер кеңесінің мүшесі ретінде кеңестің жұмысын жандандырып, мамандармен өз тәжірибеммен бөлісуді мемлекеттің дамуына қосқан шынайы үлес деп білемін.
Дәулеткерей Рахметуллин,
«Жаңару» Сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалыс» РҚБ төрағасының орынбасары