«Табиғатты бірге қорғайық» экологиялық квесті өтті
Астанадағы №100 жалпы орта білім беретін мектепте «Табиғатты бірге қорғайық» экологиялық квесті өтті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Аталған іс-шара Астана қаласы әкімдігінің Балаларға қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығы және №100 жалпы орта білім беретін мектептің ұйымдастыруымен «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасының «Қамқор» жобасын, сондай-ақ «Экологиялық мәдениетті дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған «Таза Қазақстан» тұжырымдамасын іске асыру, табиғатты қорғау және экологиялық мәдениетті қалыптастыру мақсатында өткізілді. Іс-шараға мектептің 7″а»,7″ә»,7″б»,7″ғ»-сынып оқушылары қатысты.

Квест — қатысушылардың қызығушылығын арттырып, білімдерін ойын түрінде толықтыруға мүмкіндік беретін заманауи әдіс. Квест барысында қатысушылар кітапхана ішінде орналастырылған QR-кодтарды іздеп тауып, смартфон арқылы сканерлеп экология тақырыбына берілген тапсырмаға жауап берді. Жауаптар кітаптар мен оқу залының ақпараттық материалдары арқылы табылды.

Іс-шара танымдық және ойын форматында өтіп, қатысушылардың табиғатқа жауапкершілікпен қарауын және кітапхана ресурстарын тиімді пайдалануын арттыруға бағытталды. Қатысушылар экология тақырыбына арналған сұрақтарды дайындап, QR-кодтар жазылған тапсырмаларға берілген уақыт ішінде жауап берді. Экология тақырыбына арналған кітаптар, энциклопедиялар, анықтамалық материалдар кітапханада қойылды.
Квест оқушылардың экологиялық сауатын арттыруға, қоршаған ортаға жауапты көзқарасты қалыптастыруға септік етті. Сонымен қатар саналы тұтыну мәдениетін дамытып, қалдықтарды сұрыптау, энергия мен суды үнемдеу дағдыларын меңгеруге ықпал етті.



