Басты ақпаратҚоғам

Табиғат жанашырлары

Елорданың ерке Есілінің экологиялық жағдайы мәз емес екені көпшілікке белгілі. Бүгінде көктеп, балдыр басып кеткен өзен жағалауымен серуендеудің өзі мұңға айналды, себебі күл-қоқыс толып, танауды жаратын жағымсыз иіс бар. Осы мәселені шешіп, Есіл өзенінің экологиялық жағдайын жақсарту мақсатында Астананың Әлкей Марғұлан атындағы №40 мектеп-лицейінің 5-сынып оқушылары Айзат Шаяхмет пен Нұрбақыт Ермекұлы бірегей жобаларын ұсынды.

Табиғат жанашырлары аталмыш жобаны «Таза Қазақстан» экофестивалі барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа таныс­тырды. Бұл көрмеде өңір-өңірден үздіктер жиналып, жалпы саны 8 экожоба ұсынылды. Ал астаналық дарынды оқушылар бірден ізденімпаздығымен көзге түсіп, Президенттен «жарайсың!» деген қолдау да естіп, қол алысты.

«Президентпен кездесу армандарымның бірі еді. Әу баста Есіл өзеніне арналған жобаны бүгінде кез келген өзен-көлді қорғап қалуға бағыттасақ болады. Жобаны іске асырып, тиімділігін көру – басты арманымыз. Бұл жобаны біз кездейсоқ ұсынған жоқпыз. Мектебіміздегі орта буын оқушыларына арналған «Эко патруль» ерікті тобының мүшесіміз. Осы ерікті топтың басқа да мүшелерімен бірге жыл сайын елорданың табиғи орындарын аралаймыз. Осындай сапарлардың бірінде Есіл өзеніне барып, зерделеп, айналасы күл-қоқысқа толы екеніне куә болдық. Мұндай күйдегі өзеніміздің тазалығын қалай сақтап қалсақ деген ой мазалады. Нәтижесінде бұл мәселені шешуге бағытталған жобамызды іске асыру идеясы келді.

Жоба Есіл өзе­­нінің қазіргі жағдайы мен болашақтағы жағдайы деген екі бөлімнен тұрады. Яғни қазіргі жағдайда өзен лас­танған, қоқыстан зардап шегуде. Мұндай күйге жеткізген әрине, адамзат. Жаз мезгілінде өзен жағалауында демалып, серуендеп жүріп, көпшіліктің тағам қалдықтарын тастап кететіні үйреншікті жағдайға айналды. Мақсатымыз – өзенді барынша тазарту» деді жоба авторларының бірі Айзат.

Стартап жобаның екінші бөлімін Нұрбақыт таныстырып, Есіл өзенінің болашақтағы бейнесін көрсетті. Оқушы Есіл өзенін саф күйге жеткізуге мүмкіндік беретін бірнеше жолдар ұсынды.

– Бұл – сіз бен біз болып атқарған жұмыстың нәтижесі. Алдымен біз 2-3 метрлік қорғаныш темір торларын орнатамыз. Олар желмен ұшып келген түрлі қалдықтар мен қоқыстарды 60-70% шамасында ұстап тұруға септеседі. Сондай-ақ қорғаныш торлары жаз мезгілінде балалар мен жасөспірімдердің белгіленбеген жерде суға түсуін қорғап, қайғылы оқиғалардың алдын алады. Мұндай қорғаныш торларын, негізінен, адам көп шоғырланған жағалауларға және камералар орнатылмаған орындарға қойған дұрыс.

Өзенді қорғаудың тағы бір жолы – молюскалар. Олар өз сифондары (дене мүшелері) арқылы лас суды сіңіріп, таза су шығаратын қасиетке ие. Табиғатты ластауда адам кінәлі. Сондықтан оны аялау – басты парызымыз, – деді Нұрбақыт.

Оқушылардың жобаны бастау­ға жаратылыстану пәніне қызығушылықтары сеп болса керек. Шетелдік үлгілердің ішінде Жапонияның тәжірибесіне сүйеніп, екі ай уақыт бойы дайындалған. Биыл «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы ұйымдастырған «Pro Eco» байқауының қалалық кезеңінде бас жүлде алып, жоба көптің ішінде топ жарған еді.

Талабы таудай оқушылардың әр идеясын мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, экологиялық топтың жетекшісі Қайрат Атчибаев қолдап келеді. Спикердің айтуынша, орта буын оқушыларына ғана емес, жоғары сыныптарға арналған «Eco Team» тобы 2019 жылы құрылып, бүгінде бірқатар жас экологтарды тәрбиелей білген бірегей алаңға айналды.

– Оқушылардың Мемлекет басшысымен кездесіп, жобаларын көпшілік алдында таныстырғаны айтарлықтай серпін берді. Бүгінде ерікті тобымыздың мүшесі болғысы келгендер арта түсті. Әрине, бұл жоба оқушылардың ой-қиялынан туындаған. Бірден іске аспаса да, бастауы көпшілікке ой салса деген үміт бар. Мұндағы мақсат – Есілдің айналасын түгел қоршап тастау емес, тек адам көп баратын жағалаулардың маңында орналастыру, сол арқылы қауіпсіздікті күшейту.

Экомәдениетті кеңінен насихаттау мақсатында ерікті топпен бірге бастауыш сынып оқушыларымен кездесеміз. Қағазды дұрыс сұрыптау, органикалық қалдықтардың мәні, қалдыққа екінші өмір сыйлаудың қыр-сыры жазылған ақпараттық тақтайшаны топ мүшелері өзге оқушыларға түсіндіреді. Мұндай бастама барлық мектепке ғана емес, қоғамға өте қажет. Бала көргенін істейді, сондықтан экомәдениетті балабақшадан-ақ бастап үйреткен дұрыс. Ал мектеп қабырғасында бөлек экология пәнін енгізсек те артық емес. Себебі жаратылыстану пәнінде салаға қатысты кейбір тақырыптар айтылуы мүмкін, бірақ ол кең көлемде талданбайды, – деп ой бөлісті Қ.Атчибаев.

Индира БЕРЖАНОВА

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button