Сырттан ішкен ас сіңімді бола ма?

Қaзіргі зaмaндa тамaқтану мәдениеті айтарлықтай өзгеріске ұшырады. Бұрындары әр отбасы, әр адам күнделікті асын үйден дайындап ішсе, бүгінде бұл нәрсе баяулап, сырттан дайын ас ішу кеңінен етек алды. Әсіресе қалалық жерде тұратын адамдар үшін күнделікті сырттан тамақтану қалыпты жағдайға айналды. Алайда бұл ыңғайлы әрі уақытты үнемдейтін әдеттің арғы жағында денсаулыққа, қаржы тұрақтылығына және өмір сапасына төнетін бірқатар қауіп-қатер барын халық аңғара бермейді.
Сырттан тамақ ішу дегенде тек фacт-фуд немесе көше тағамдары ғана емес, түрлі мейрамхана, дәмхана, асхана, кофехана мен онлайн-жеткізу қызметі арқылы алынатын дайын тағамдардың барлығы осы санатқа кіреді. Мұндай тағам түрлері адамға уақыт үнемдеуге мүмкіндік береді, көп жағдайда дәмді әрі тартымды көрінеді. Бірақ ол дәмнің астарында не жатқанын, сол тағамның қалай және қандай жағдайда дайындалғанын, оның құрамында не барын тұтынушы көбіне біле бермейді. Cанитарлық ережелердің сақталмауы, өнімдер мерзімінің өтіп кетуі, қызметкерлердің гигиена нормаларын елемеуі адамның улану қаупін арттырады. Тіпті кей жағдайларда жұқпалы аурулар, мысалы гепатит, дизентерия және ішек инфекциялары дәл осы дұрыс өңделмеген немесе сақталмаған сыртқы тағамдардан таралып жатады. Статистика деректеріне сүйенсек, жыл сайын Қазақстанда жалпы улану оқиғалары 7-8 пайызды құрайды. Бұл қоғамдық денсаулық үшін қауіптің барын білдіреді.
Астана қаласының бас санитары Айгүл Шағалтаева бұл ретте тұрғындарды сырттан тағам сатып аларда мұқият болуға шақырады. Оның айтуынша, аспаздық өнімдердің жарамдылық мерзімі өте қысқа, көбіне 12-24 сағаттан аспайды. Сондықтан қаптамада дайындалған күнімен қатар нақты уақыты да көрсетілуі керек. Уақыты белгісіз немесе мерзімі өтіп кеткен өнімдерді тұтыну денсаулыққа қауіпті. Санитар маман тағамның сыртқы түріне де назар аудару керектігін ескертеді.
«Қараю, көгеру, жағымсыз иіс, зең секілді белгілер болса, ондай өнімнен бас тартқан жөн. Сондай-ақ тоңазытқыш, жұмыс орны, сатушының киімі – барлығы санитарлық талаптарға сай болуы тиіс. Қапталмаған тағамды қолғаппен және арнайы ораммен сату міндетті. Дайын тағам шикі өнімнен бөлек сақталуы керек. Ал үйде дайындалған тағамдарды дүкендер мен қоғамдық орындарда сатуға рұқсат етілмейді. Барлық өнімнің сапасын растайтын құжаты болуы шарт» дейді маман.
Себеп – дұрыс тамақтанбау
Cырттан тамақтанудың ең басты қаупі – денсаулыққа тікелей әсер етуі. Соңғы жылдары дәрігерлер мен диетологтарды семіздік, жүрек-қан тамырлары аурулары, қант диабеті, гипертония, асқазан-ішек аурулары секілді созылмалы сырқаттар алаңдатып отыр. Бұл аурулардың басты себептерінің бірі – дұрыс тамақтанбау. Сырттан алынатын тағамдардың басым бөлігі майлы, тұзы мен қанты көп, қуырылған, қайта өңделген және консерванттарға толы болып келеді.
«Мұндай тағам түрлері адам ағзасына ұзақ мерзімде теріс әсерін тигізуде. Ағза қажетті дәрумендер мен минералдарды жеткілікті мөлшерде ала алмай, оның орнына артық калория мен зиянды заттарды қабылдайды. Мұндай көрсеткіштер адам денесінің әлсіреуіне, иммунитеттің төмендеуіне және ағзадағы зат алмасу процесінің бұзылуына алып келеді» дейді гастроэнтеролог, медицина ғылымдарының докторы Ләйла Тәшенова.
Маманның айтуынша, асқазан-ішек ауруларына себеп болатын бактериялар аз емес. Солардың бірі – хеликобактериоз. Бұл бактерия көбіне санитарлық талапқа сай дайындалмаған тағамдар арқылы ағзаға түседі. Ауру асқазан қабынуына, жараға, тіпті онкология дертіне дейін алып келуі мүмкін.
Көп жағдайда мейрамхана немесе асхананың ас үйінде не болып жатқанын, тағамның қалай сақталып, қандай температурада дайындалғанын көру мүмкін емес. Көптеген жағдайда дұрыс өңделмеген немесе сақталмаған сыртқы тағамдардан таралып жатады. Әсіресе көктем мен жаз мезгілдерінде көше бойындағы дайын тағам сатушыларынан сатып алынған астың құрамында бактериялар тез көбейіп, ол ас ішкен соң бірнеше сағат ішінде улануға әкелуі мүмкін.
Қалтаға салмақ салады
Тек физикалық денсаулық емес, сырттан тамақтанудың қаржылай салдары да аз емес. Бір қарағанда, кафеде немесе дәмханада тамақ ішу аса қымбат көрінбейтін шығар. Алайда айлық немесе жылдық деңгейде есептегенде, бұл әдет айтарлықтай шығын алып келуі мүмкін. Мәселен, бір адамның күніне екі рет сырттан тамақтануы орта есеппен күніне 1500-2000 теңге шамасында болады. Бұл – айына 50-60 мың теңге деген сөз. Ал дәл осы сомаға үйге апта бойына жететін азық-түлік сатып алуға болады. Үйде дайындалған тағам – әрдайым пайдалы әрі таза. Ол тек қаржы жағынан тиімді емес, сонымен қатар адамның тамақтану мәдениетін, жауапкершілігін арттырады. Өз қолымен дайындаған ас адамға рухани да, физиологиялық тұрғыдан да жақсы әсер етеді.
Тағы бір назар аударарлық жайт – сырттан алынатын тағамның құрамындағы белгісіз қоспалар. Көптеген тағамға дәмін, түсін немесе иісін күшейтетін арнайы химиялық заттар қосылады. Олардың қатарында мононатрий глутаматы, натрий нитриті, түрлі жасанды бояғыштар мен консерванттар бар. Мұндай қоспалар кейбір адамдардың ағзасында аллергия реакциясын тудырып, ұзақ мерзімде тұтынылған жағдайда жүйке жүйесіне де теріс әсерін тигізуі мүмкін. Әсіресе балалар мен жасөспірімдердің денсаулығына зияны орасан. Жас ағзаның мұндай қоспаларға төзімділігі төмен болғандықтан, болашақта бұл түрлі ауруға алып келуі ықтимал.
Жауапкершілік өзімізден басталады
Психологиялық тұрғыдан да сырттан жиі тамақтану белгілі бір тәуелділікке айналуы мүмкін. Адам сыртқы тағамдарға үйреніп қалған сайын үй тағамына деген қызығушылығы азая түседі. Уақыт өте келе бұл әдет біртіндеп эмоционалды тамақтануға ауысуы мүмкін. Яғни адам аш болғандықтан емес, көңіл күйі түсіп кеткенде, шаршаған кезде, зеріктеуден немесе жалғыздықтан тамақ ішуге бейімделе бастайды. Мұндай психологиялық тамақтану артық салмақтың, мазасыздықтың және күйзелістің бір себебіне айналады. Бұл жағдай адамның өзін-өзі бақылау қабілетін де әлсіретеді.
Әрине, қазіргі қоғамда сырттан мүлде тамақтанбау мүмкін емес. Кейде жол үстінде, іссапарда немесе белгілі бір жиынға барғанда сырттан ас ішуге мәжбүр боламыз. Бірақ оны күнделікті әдетке айналдырмау керек. Ара-тұра дәмханаға бару демалыс, сергіту, әлеуметтік қарым-қатынас үшін тиімді болар. Алайда тұрақты түрде сырттан тамақтанып үйреніп кеткен адамның ағзасы біртіндеп зиянды қоспаларға тәуелді болып, ұзақ мерзімде денсаулығына орасан нұқсан келтіруі мүмкін.
P.S: Сырттан тамақ ішу – қазіргі қоғамның қалыпты көрінісі болғанмен, ол өзінің көлеңкелі жағын да қоса алып жүретіні шындық. Бұл жағдайдан жалтарудың қажеті жоқ, керісінше, саналы түрде денсаулығымызға жауапкершілікпен қарауымыз керек. Уақыт үнемдеу мен ыңғайлылық үшін таңдалатын мұндай әдеттің ұзақ мерзімде қандай зиян әкелуі мүмкін екенін ескерген жөн. Тазалық пен денсаулықты бірінші орынға қою әр адамның саналы таңдауы болуы тиіс.
Нәсіпхан СӘКЕНҰЛЫ,
Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық
университетінің студенті