Шаһар шежіресі

Сын сағатта серік болған…

Жылдың алғашқы санында сол кезеңдегі бағаны ырықсыздандыру мәселесіне  мән беріпті. Шын мәнінде тауардың бәсі артып, базардың бағасы ушығып тұрғанын кеңестік түйсікпен түсіну қиын еді. Бұл істе қалалық ІІБ Социалистік меншікті талан-таражға қарсы күрес бөлімі аянбай күрескен.

Бүгін баға мынадай…

1992 жыл, 9 қаңтар

Газетте жарияланған Целиноград қалалық ішкі істер бөлімінің милиция капитаны А.Лукиннің есебінде, алыпсатар аталған қазіргі ұғымымыздағы «кәсіпкерлердің» әрекеті айтылады. Көп ретте ұсталған азаматтар заң бұзғандығын мойындамай қатерлі қарсылық көрсеткен. Тәртіп сақшылары  дүкендерден 9 сом 10 тиынға алған бір шөлмек арақты 35-50 сомға дейін бағасын көтеріп сатқандарды ұстап отырған.

Күйзелістің шегі бола ма?

1992 жыл, 12 қаңтар

Екінші қаңтардан бастап бағаны еркімен жіберген Ресей мемлекетінен сәл кейін Қазақстан да бағаны босатқан. 6-шы қаңтар күні дүкенге келген сатып алушылар бағаның шарықтап күрт көтерілгеніне таңданып шалқасынан түсе жаздады. Соңғы кездері көп айтылып жүрген «шоковая терапия» деген сөз өз мағынасын толық айқындаған сияқты. «Қорқыт, қорқыт дегенде дәл осылай деп пе едім» деп уәж айтқан Қожекең секілді біз бағаны ырықтандыруда тап осылай баға боларын күтпеп едік.

Атыңнан айналайын, Ақмола

1992 жыл, 30 қаңтар

«Ақмоланы Хрушевтың бір сөзімен Целиноград деп бір күнде өзгертіп жіберді. Халықтың пікірімен санаспай өзгертілген атты қайтадан Қазақ Республикасының Жоғарғы Кеңесінің шешімімен қайтару керек. Бұрынғы  жылдары осыны ашық айтуға жасқанғанымыз да шындық. Ол уақытта айт­сақ, біздің сөзімізге ешкім құлақ аспайтын еді. Енді тәуелсіз мемлекет болып отырған жағдайда өз қалаларымыздың атауын қаулының күшімен-ақ өзгертуге болады» деп ұсыныс айтады.

Бұрымың қайда, бойжеткен?

1992 жыл, 13 ақпан

13 ақпанда жарияланған мына мақаланың келесі жолдары жүректен шығып жүрекке жетті. Гүлмира есімді автор,                «…қыздың шашы желкесінен шорт кесіліп қиылып жерге түскенде ішім у ішкендей ашып кетті. Шаштараз тек қыздың шашын емес, сонымен бірге оның бойындағы әдептілік пен нәзіктікті де қиып тастағандай болды… Біздің заманымыз­да жаяу кісі жатып, аттылы адам жерге түсіп қарайтын қос бұрымды арулар бұл күнде кемде-кем» (екі қарттың әңгімесінен).

БӨЛЕКБАЕВ ТУРАЛЫ БӨЛЕК СӨЗ

2013 жылы 26 желтоқсанда Астана қаласындағы Жастар сарайында саяси және қоғам қайраткері, Целиноград қаласының алғашқы әкімі Аманжол Бөлекбаевты соңғы сапарға шығарып салу рәсімі өтті. Ол  –            саналы ғұмырын елорданың дамуына арнаған, қайта құру кезеңінде дауылдың алдында жүрген мемлекет қайраткері.

Ол 1941 жылы 1 қаңтарда туған. 1981 жылы Целиноград ауыл шаруашылығы институтының механикалық факультетін бітірген. 1987 жылы Целиноград қалалық атқару комитетінің төрағасы болып тағайындалып, 1992-1997 жылдар аралығында Ақмола қаласының әкімі, Ақмола арнайы экономикалық аймағының төрағасы болған. ҚР Парламенті екінші шақырылымында Сенат депутаты болып сайланған. Ол «Құрмет белгісі», «Құрмет» ордендерімен марапатталып, Астана қаласының құрметті азаматы атанған ерекше тұлға.

1992 жыл, ақпан

Осыдан тура бір ай бұрын, 1992 жылы 9 қаңтарда жария­ланған Аманжол Бөлекбаевтың «Ермак» атты Сібір казактары жерлестігі бюллетенінде жариялаған, тарихты білмесең, білгіш казактардан үйрен деген сарынмен жазылған мақалаға берген өткір жауабын былайша тарқатады. «Мен казактардың Қазақстан тарихындағы орны туралы тоқталмақ емеспін. Тоқталар болсақ, қазақ халқын қан қақсатқан деректі көптеп келтіруге болар еді. Кесіп айтарым: Ақмола топырағында әскери отрядтар құрып, қару-жарақ асынып жүруіне қала басшысы ретінде жол бере алмаймын, станицалық мырзалар!» деп жазады.

«Лад» деген жік шықты…

1992 жыл, 8 ақпан

«Иә, еріккен бәз біреулердің біздің мемлекетіміздегі сүттей ұйыған тыныштықты бұзуға бағытталған ойсыз әрекеттерін қалай бағалауға болады?» деп «Егеменді Қазақстан» газетінің меншікті тілшісі Мұратбек  Тоқтағазы облыс, қала басшылығына сауал қояды.

1992 жыл, 14 наурыз

Жазылған жайдың жаңғырығы ретінде тағы да «Ладтың» лаңы туралы айтылады. «Арандатуға жол бермейік» деген атпен жазылған хабарда: «Ақпан айының соңғы аптасында халық депутаттары қалалық сессиясының кеңесі болып өткені баршамызға аян. Ондағы қаралған өзекті мәселелеріміздің бірі қаламыздың тарихи атауын қайтару туралы болатын. Өкінішке қарай, халықтың ынтыға күткен хабары сәтсіздікпен аяқталды. Себебі «Лад» қозғалысының көсемі В.Михайлов деген бүйректен сирақ шығарып, арамызға іріткі салып, лаң туғызып, халықты екі жікке бөліп қойды. Тегі арамыздағы Михайлов сияқты арам ниетті ел бүлдіргіштерді аластамай тұрып, жетім балаша жалтақтамай күн көреміз деу бекер».

1992 жыл, 12 наурыз

Қала басқару жүйесіндегі жаңа тағайындаулар мен өзгерістер туралы «Ақмола ақиқаты» газеті «Жаңа билік білікті болса» деп жазыпты. «Сонымен қаламызға жаңа басқару жүйесі келіп, әкіміміз атқа қонды. Үш-төрт жыл көлемінде неше рет өзгеріп, тығырыққа тірелген билік о басында екі адамның қолында болса, енді келіп республика Президентінің өзіне тікелей бағынып, барлық жарлық пен құжатты бақылауға алып, іс жүзінде асыратын жеке әкімшілдік жүйе орнықты» деп қала басшылығының қысқаша өмірбаяны мен тікелей жауапкершілігіне қатысты мәліметті беріпті.

Түлектерге қамқорлық

1992 жыл, 7 мамыр

Мектепті биыл бітіретін оқушылардың ата-аналарының және олардың мұғалімдерінің көптеген өтінішіне байланысты қала әкімі «Продтовары» және «Обувь» бірлестіктеріне ерлер мен әйелдерді костюмдерін, көйлектерін киім тігуге қажетті маталар, аяқ киімдердің қорын жинауға және оларды мектеп түлектеріне арнаулы тізім бойынша сатуға рұқсат береді» деп хабарлайды қала әкімшілігінің баспасөз орталығы.

 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button