Қоғам

Сыбайлас жемқорлықсыз болашақ

Сыбайлас жемқорлық – мемлекеттің дамуына, қоғамның әл-ауқатына және халықтың билікке деген сеніміне едәуір нұқсан келтіретін ең қауіпті әлеуметтік құбылыстардың бірі. Сондықтан бұл мәселеге тек құқық қорғау органдары ғана емес, бүкіл қоғам болып қарсы тұруымыз қажет.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауларында бірнеше мәрте жемқорлықпен күрестің маңыздылығын атап өтті. Бүгінде елімізде ашықтықты қамтамасыз ету, есептілік пен қоғамдық бақылау­ды күшейту бағытында бірқатар нақты қадамдар жасалып жатыр.

Әкімшілік деңгейде де бұл бағытта жүйелі жұмыстар атқарылуда. Барлық мемлекеттік қызметтер цифрландырылып, азаматтардың тікелей байланысын қысқарту арқылы жемқорлықтың алдын алу шаралары қолға алынуда. Сонымен қатар, қоғам тарапынан бақылауды арттыру мақсатында арнайы қоғамдық кеңестер мен мониторингтік топтар құрылып, олардың ұсыныс­тары мен ескертпелері – басты назарда.

Сыбайлас жемқорлықпен күрес тек жазалау шараларымен шектеліп қалмауы тиіс. Ең бастысы – оның алдын алу, жастардың бойына адалдық пен әділдік құндылықтарын сіңіру. Бұл бағытта білім беру ұйымдарында, мекемелерде тәрбие жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуі қажет.

Әр азаматтың белсенді ұстанымы, адал еңбегі мен әділ көзқарасы – жемқорлықсыз қоғамның берік іргетасы болмақ. Сондықтан баршамыздың ортақ мақсатымыз – әділетті, ашық әрі таза қоғам құру.

Бұл бағыттағы ауданымызда ашықтық пен қоғаммен кері байланысты арттыру мақсатында тұрғындармен есептік кездесулер мен көшпелі қабылдаулар тұрақты түрде өткізіліп келеді. Мұндай диалог алаңдары халықтың өзекті мәселелерін тыңдап, бірлесе шешім қабылдауға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында тұрғындар жергілікті бюджеттің бір бөлігін басқаруға тікелей атсалыса алады. Бұл бастама азаматтардың бастамашылдығын арттырып, мемлекеттік шешім қабылдау процесін барынша ашық етуге жол ашады.

Мәселен, ағымдағы жылы Байқоңыр ауданында барлығы 138 аула аумағы абаттандырылса, оның 116-сында жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді және 22-сі кешенді абаттандырылды. Ал 22 ауланың 12-сі дәл осы «Халық қатысатын бюджет» жобасы арқылы жүзеге асырылды.

Сыбайлас жемқорлықсыз қоғам – бұл тек арман емес, қол жеткізуге болатын шынайы мақсат. Бұл жолда әрқайсымыздың атқарар рөліміз маңызды. Адалдық пен жауапкершілік – тек мемлекеттік қызметте емес, күнделікті өмірімізде де басты ұстанымға айналуы тиіс. Таза ниетпен, әділ жолмен біріге әрекет етсек, болашағымыз да жарқын, мемлекетіміз де қуатты болары сөзсіз.

Талғат РАХМАНБЕРДІ,

Астана қаласы

Байқоңыр ауданының әкімі

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button