Сутекті энергетиканы дамытудың перспективалары талқыланды

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ғимаратында «Қазақстан Республикасында сутекті энергетиканы дамытудың перспективалары» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Іс-шараны ҚР Парламенті Мәжілісінің Экология және табиғат пайдалану мәселелері комитеті ұйымдастырды. Отырысқа негізгі министрліктер мен ведомстволардың өкілдері, сарапшылар мен бизнес-қауымдастық мүшелері қатысты, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Кіріспе сөзді Комитет төрағасы Еділ Жаңбыршин сөйледі. Одан кейін ҚР Энергетика вице-министрі Бақытжан Ільяс сутекті энергетиканы дамытудың басымдықтары жөнінде баяндама жасады.
Ол сутекті энергетика жаһандық энергетикалық көшу аясындағы ең перспективалы бағыттардың бірі екенін атап өтті. Парниктік газдар шығарындыларын азайту және қазба отын түрлерінен біртіндеп бас тарту қажеттілігі жағдайында сутек әмбебап, таза әрі кең көлемде қолдануға болатын энергетикалық ресурс ретінде танылуда. Бұл ретте, жаңартылатын энергия көздерін пайдалану арқылы өндірілетін «жасыл сутектің» маңызы зор.
Халықаралық энергетикалық агенттіктің және Hydrogen Council-дың болжамы бойынша, 2050 жылға қарай сутек жаһандық энергия теңгерімінің 20%-ына дейінгі үлесін құрауы мүмкін. Вице-министр Қазақстанның осы қалыптасып жатқан жаһандық сутек архитектурасында лайықты орын алу үшін барлық алғышарттарға ие екенін атап өтті. Бұл – күн, жел және су энергиясының елеулі әлеуеті, Еуропа мен Азияның тоғысындағы стратегиялық орналасу, инфрақұрылымға қолжетімділік және халықаралық логистикалық тізбектерге ықпалдасу мүмкіндігі.
Министрлік халықаралық ынтымақтастықты да белсенді дамытып келеді. Германиямен Астанадағы Сутек дипломатиясы кеңсесінің қолдауымен бірлескен зерттеулер мен іс-шаралар жүргізілуде. Қытаймен «Бір белдеу – бір жол» бастамасы аясында өндірісті жергіліктендіру, зертханалар мен сутек кластерлерін құру бағыттары қарастырылуда. Бұл бағытта Ұлттық ядролық орталық, China Energy Overseas Investment және Шанхай Цзяотун университеті арасында меморандумға қол қойылды.
Ұлттық компаниялар да осы үдерісте белсенділік танытуда. «ҚазМұнайГаз» АҚ төмен көміртекті даму бағдарламасын жүзеге асырып, Атырауда сутек технологиялары зертханасын құруда. Сондай-ақ көк сутек пен төмен көміртекті аммиак өндіру жобалары қарастырылуда.
Саланың негізгі қиындықтары ретінде вице-министр жобалардың ауқымды капиталдық шығындарын, нормативтік-құқықтық сүйемелдеудің қажеттілігін, сондай-ақ электролиз әдісі арқылы сутек өндіру кезінде су ресурстарын ұтымды пайдаланудың маңыздылығын атап өтті. Осыған байланысты Сутекті энергетиканы дамыту тұжырымдамасында, әсіресе құрғақ аймақтар үшін, суды үнемдеуге бағытталған шаралар көзделген.
Сөз соңында Бақытжан Ільяс ведомствоаралық үйлестірудің, бизнес пен халықаралық ұйымдармен тұрақты әріптестіктің және дәйекті мемлекеттік саясаттың маңызын атап өтті. Қазақстан сутек жобаларын тұжырымдамалық жоспарлаудан нақты іске асыру кезеңіне көшуде. Бұл өз кезегінде тиімді реттеуші және инвестициялық ортаны қалыптастыруды талап етеді.