Мәдениет

Суретшілер симпозиумы

Астанада қалалық Мәдениет басқармасының қолдауымен Рес­пуб­лика күні мерекесіне орай Жұмысшы мамандықтары жылы аясында суретшілердің республикалық симпозиумы өтті. Бес күн бойы еліміздің әр өңірінен келген қылқалам шеберлері жаңа туындылар салып, тәжірибе алмасып, шеберлік дәрістерін берді.

Еңбек адамдары дәріптелген іс-шара қатысушыларының бірі, белгілі қылқалам шебері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жұмақын Қайрамбаевтың айтуынша, осындай симпозиумның суретшілерге берері мол.

«Кез келген адам баласы, қандай мамандық иесі болсын, ісін алға бастыру үшін бір жерге барып, біреу­лермен араласып, тәжірибе алмастырып, өзі де үренуі керек. Сондай бірден-бір алаң – осы симпозиум. Бұл іс-шара суретшілерге бейнелеу өнерінде кім бар, кім жоғын, заманауи өнердің бағыт-бағдарын білуге, талқылауға, сырласуға мүмкіндік берумен қатар шабыт сыйлады. Бұл – адам жанына керек азық» дейді саңлақ суретші.

Тағы бір танымал қылқалам шебері Жеңіс Кәкенұлы симпозиумға құрылысшы мамандығына арналған қос картина ұсынды.

«30 жылда қаншама қаламыз өзгерді. Астанамыздың өзі адам танымастай кейіпке енді. Бұл, сөзсіз, құрылысшылардың еңбегі. Осы мамандық иелеріне арнап диптих салдық. Құрылысшылардың қолымен қаншама ғимарат салынды» дейді қылқалам шебері.

Симпозиум қорытындысында Оzgeepiс креатив хабында «Өз жерім: urban nomads» көрмесі ашылды. Оған қазіргі бейнелеу өнері бағыттарынан 40-тан астам жаңа картина қойылды. Аталмыш көрмені 15 қарашаға дейін тамашалауға болады.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button