Суды үнемдеп, болашақты сақта!

Келешекте әлемде су тапшылығы мәселесі туындауы мүмкін. Бұған су тұтыну салаларының көбеюі, табиғи су көздерінің тартылуы, жалпы табиғаттағы көптеген өзгеріс себеп болуда. Оның үстіне қазіргі адамдардың көбінің суды үнемдеп қолдану мәдениеті төмен. Осыған орай, ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігі Су ресурстарының ақпарат-талдау орталығы «Суды үнемде – болашақты сақта!» бағдарламалық тұжырымдамасын әзірлеп шығарды. Тұжырымдаманың мақсатты аудиториясы – оқушылар, білім беру ұйымдары және бизнес саласы.
Су – тіршілік көзі, онсыз өмір сүру мүмкін емес. Өкінішке қарай, әлемде су қоры шектеулі. Жердің 70 пайыздан астам бөлігін су алып жатыр. Жер бетінде су көп секілді көрінгенмен, БҰҰ дерегі бойынша адамзатқа қолжетімді тұщы су әлемдегі жалпы су қорының 1 пайызынан да кем. Ауыз сусыз адамдар да, жан-жануарлар мен өсімдіктер де өмір сүре алмайды. Әлем бойынша 2 миллиардтан астам адамға ауыз су қолжетімсіз.
Президенттік жастар кадрлық резерві форумында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Ең алдымен суды үнемдейтін технологияларды енгізген жөн. Су тұтыну мәдениетін қалыптастыруда қоғамдық жұмыстарды жүзеге асыру қажет, себебі біз суды қалай болса солай тұтынамыз. Елді сумен қамтамасыз ету – аса маңызды міндет, ол – мемлекеттің қауіпсіздік мәселесі» деген болатын. Осыған орай, Қазақстанда 2024-2030 жылдарға арналған су ресурстарын басқару жүйесін дамыту тұжырымдамасын жүзеге асыру бойынша іс-қимыл жоспары әзірленген. Соның ішінде су көздеріне мұқият қарау және оларды сақтау тәсілдері туралы халықтың хабардарлығын арттыруға бағытталған ауқымды ағартушылық бағдарламаларды әзірлеу деген пункт бар. Сол бағытта дайындалған жоба Су ресурстары және ирригация министрлігінің бастамасымен, Су ресурстарының ақпарат-талдау орталығы, Оқу-ағарту министрлігі Республикалық қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығы, Астана қаласының Білім басқармасы, Астана қаласы әкімдігінің Әдістемелік орталығы, ERG компаниясы және «Жас ұлан» бірыңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігінің қолдауымен іске асуда. Бағдарлама суды үнемдеу мәдениетін қалыптастыруға, халық үшін тиімді шешімдер енгізу, судың құндылығын түсіндіруге бағытталған. Себебі елімізде су ресурстарының 50 пайызға жуығы тиімсіз пайдаланылады екен. Сондықтан бастама аясында ағартушылық іс-шаралар өтуде.
– Мақсат – су тапшылығы мен оны үнемдеу әдістері туралы халыққа кеңінен ақпарат беру, суды үнемді пайдалануға қатысты жауапкершілікті күшейту, осы бағытта инновациялық технологиялар мен шешімдерді насихаттау. Су ресурстарын қорғау бойынша бастамаларды жүзеге асыру үшін білім беру ұйымдары мен бизнесті, мемлекет арасындағы серіктестікті дамыту көзделуде. Мектептердің білім беру бағдарламасына осы тұжырымдаманы енгізу жоспарда бар, – дейді «Су ресурстары ақпарат-талдау орталығы» КЕАҚ басқарма төрағасы Қайратғали Хайрулла.
Жобаны жүзеге асыру үшін 10 іс-шара өткізуге жоспар бекітілді. Атап айтқанда, жоспарда бірыңғай қалалық экосағат, сурет байқауы, экоойындар фестивалі, квест, қалалық фестиваль, эколагерь ұйымдастыру, экоертегі кітабын шығару, өндіріс нысандарына экскурсияға бару, мектеп оқушыларын кәсіби бағдарлау, бейнеролик байқауын өткізу бар. Жыл соңына дейін жалғасын табатын қанатқақты жобаға 17 наурызда Астанадағы №104 мектепте Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітовтің өзі қатысып, өткізген алғашқы жалпықалалық сынып сағатынан бастау алды. Сынып сағатын бастан-аяқ өзі жүргізген министр балаларға су тапшылығы мәселесіне қатысты елдегі және әлемдегі ахуалды түсіндіріп, суды үнемдеудің маңызына тоқталды және оқушылардың сұрақтарына жауап берді. Ал 18 сәуірде бүкіл республика бойынша мектептерде осындай сағаттар өтіп, оған 700 мыңнан астам оқушы қатысты.
– Бүгінгі таңда су тапшылығы дүние жүзі бойынша ең өзекті мәселелердің біріне айналды. Климат өзгеріп, жазда өте ыстық, ал қыстың аязы азайып, құрғақшылық жиі қайталанып отыр. Бұл өзгерістер әлемдегі су ресурстарына да кері әсер етуде. Бізден кейінгі ұрпаққа су қолжетімді бола ма, жоқ па, бұл бәрімізге байланысты екенін түсінуіміз керек. Қазақстанда экономика мен азаматтардың қажеттіліктері үшін пайдаланылатын судың 60 пайызы ауыл шаруашылығына жұмсалады. 30 пайызы өнеркәсіп қажеттілігіне және шамамен 5 пайызы тұрмысқа, коммуналдық шаруашылыққа пайдаланылады. Бұл ретте Қазақстанның су ресурстарының 55 пайызы еліміздің аумағында қалыптасады, қалған 45 пайызы көршілес мемлекеттерден келеді. Елімізде су тапшылығын болдырмау үшін оны тиімді пайдалану керек. Біз не істей аламыз? Ең бастысы – суға деген көзқарасты өзгерту. Әрқайсымыз бағалы ресурсты сақтауға өз үлесімізді қоса аламыз, – деді министр ашық сағатта.
Бағалы ресурсты сақтауға көмектесетін қарапайым әдеттер:
1️. Ваннаның орнына душ қабылдаңыз – осылайша сіз ондаған литр су үнемдейсіз.
2️. Тіс тазалаған кезде суды өшіріңіз – бұл су шығынын бірнеше есе азайтады.
3️. Көкөністер мен жемістерді жуған суды үй өсімдіктерін суаруға пайдаланыңыз.
4️. Кір жуатын және ыдыс жуатын машиналарды тек толық жүктемемен ғана қосыңыз.
– Күн сайын тіс жуғанда суды стаканға құйып жуу арқылы бір адамнан жылына 6300 литр су үнемдеуге болады. Ал ванна орнына душ қабылдау арқылы әр адамнан жылына 15600 литр су үнемделеді, жеміс-жидектер мен көкөністерді кранның астына емес, ыдысқа су құйып жуу әр адамнан жылына 1500 литр су үнемдеуге септік етеді. Егер әрқайсымыз осы қарапайым ережелерді сақтасақ, су шығынын едәуір азайтып, оны болашақ ұрпаққа сақтай аламыз, – деді министр.
Жоспарға сәйкес, балалар арасында республикалық сурет байқауы өтті. Оған қатысу үшін Қазақстанның түкпір-түкпірінен мыңнан астам сурет келіп түсті. Соның 884-і техникалық іріктеуден өтті. Нәтижесінде ең үздік туындылар анықталып, жеңімпаз балаларға бағалы сыйлықтар, ал мұғалімдерге алғыс хаттар табыс етілді.
Бағдарламаның кейіпкері ретінде Тамшы алынды. Тамшының суретімен суды үнемдеуге шақыратын түрлі ақпарат-насихат материалдары қоғамдық орындарда, автобустарда, әкімшілік ғимараттарда, аялдамаларда және басқа да жерлерде ілінеді. «Су – тіршілік көзі, үнемді пайдалан!» және басқа да ұрандармен көшелерде билбордтар ілу және экология тақырыптарына арналған ертегі кітаптар шығару жоспарлануда. Бастама көтерген министрлік бағдарламаның еліміз бен оның болашағы үшін қаншалықты маңызды екенін еске сала келе, оны толық тиімді жүзеге асыру үшін басқа да құзырлы органдарды бұған қолдау білдіріп, бірлесе атсалысуға шақырады.
Райхан РАХМЕТОВА