
Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов жаңа Конституция жобасы туралы пікір білдіре отырып, құжаттағы су ресурстары саласында сапалы іске асыруды қамтамасыз етуге арналған бірқатар маңызды жаңалық бар екенін жеткізді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
-Бұл құжат жарты жылдан астам уақыт бойы сарапшылар мен азаматтық қоғам өкілдерінің кешенді жұмысының нәтижесі. Құжат Мемлекет басшысының былтыр қыркүйек айында Қазақстан халқына Жолдауында көтерілген бірпалаталы Парламентке көшу бастамасының логикалық қорытындысы.
Ұсынылған түзетулердің ауқымы мен маңыздылығына байланысты жаңа басты заңды қабылдау қажеттілігі туындады. Жалпы саны 1600-ден астам ұсыныс түскен. Құжат жобасында мемлекеттік саясатты, оның ішінде су ресурстары саласында сапалы іске асыруды қамтамасыз етуге арналған бірқатар маңызды жаңалық бар.
Жаңа Конституция жобасының Преамбуласында құқықтың үстемдігін айқындайтын «Заң және тәртіп» қағидаты бекітілген. Су қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін Су кодексі мен елдің су ресурстарын сақтау жөніндегі басқа да нормативтік актілердің талаптарын орындау маңызды.
Бұл қағидаттың Конституцияның жаңа жобасында бекітілуі өзендер мен су айдындарын қорғау, судың «қара нарығымен» күресу, сондай-ақ экономиканың әртүрлі салаларында су ресурстарын үнемдеу мен әділ бөлу бағытындағы мемлекеттік саясатты тиімді іске асырудың құқықтық негізін күшейтеді, — дейді министр.
Сонымен қатар ол жобада Қазақстан Республикасы адам капиталын, білім беруді, ғылым және инновацияны дамытуды мемлекеттің стратегиялық бағыты ретінде танитыны айқындалғанын атап өтеді. Бұл норма еліміздің ұзақ мерзімді даму басымдықтарын көрсетеді.
-Қазақстан цифрландыруға, жасанды интеллектіні енгізуге, озық халықаралық тәжірибені зерделеуге, жаңа технологияларды әзірлеу мен бейімдеуге, білікті кадрларды даярлауға және отандық ғалымдарды қолдауға басымдық беріп отыр. Бұл үрдістер қазіргі таңда ауқымды трансформация кезеңінен өтіп жатқан су шаруашылығы саласына да қатысты. Жаңа Конституция жобасы осы бағыттың стратегиялық маңызын және оның болашақ ұрпақ үшін айрықша мәнге ие екенін айқындайды.
Су – жер бетіндегі ең құнды ресурс, әсіресе жаһандық климаттың өзгеруі жағдайында. Негізгі заңның жаңа жобасы еліміздің алдында тұрған табиғи сипаттағы заманауи сын-қатерлерді ескеретіні қуантады.
Қазақстан Республикасы азаматтарының міндеттерінің бірі ретінде қоршаған ортаны сақтау және табиғи байлықтарға ұқыпты қарау бекітілген. Бұл норма табиғатты қорғау саясатының құқықтық негізін күшейтіп, ресурстарды, соның ішінде суды тұрақты пайдаланудың қоғамдық маңызын айқындайды.
Заң шығару мен оны орындауда құндылықтар мен ережелер айқындалып, экологиялық зиян үшін жауапкершілік бекітіледі. Сондай-ақ экологиялық қауіптер мен қоғамның ұзақ мерзімді мүдделерін ескеретін жаңа даму моделіне уақытында өту қамтамасыз етіледі.
Табиғи байлықтардың маңызы Конституцияның «Конституциялық құрылым негіздері» І бөлімінің бір тармағында да көрсетілген. Онда меншік құқығын пайдалану қоғам мен мемлекеттің мүдделеріне сай болуы, қоршаған ортаға зиян келтірмеуі және басқалардың заңмен қорғалған құқықтары мен мүдделерін бұзбауы тиіс екені айтылған, — дейді спикер.
Сондай-ақ ол жаңа Конституция жобасында көрсетілген ынтымақтастық пен бейбітшілік саясатының қағидаттары, соның ішінде халықаралық міндеттемелерді адал орындау мәселесі де ерекше маңызға ие екеніне тоқталған.
-Трансшекаралық өзендердің төменгі ағысында орналасқан мемлекет ретінде Қазақстан су дипломатиясына айрықша мән береді. Осылайша, жүргізіліп жатқан реформа еліміздің тату көршілік қағидаттарына және өзара мүдделерді сақтауға деген берік ұстанымымызды айқын көрсетеді, -деп сөзін қорытындылаған министр.



