Қала мен сала

Су қоймасының сыйымдылығы артады

Енді Астана су қоймасының сыйымдылығы 47 млн текше метрге артады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев­тың тап­сырмасымен Астана су қоймасы 55 жылдан кейін алғаш рет тазартылып жатыр.

Мамандардың айтуынша, аталған су қоймасының сыйымдылығы 47 млн текше метрге ұлғаяды. Су ресурстары және ирригация министрлігі Гидротехникалық имараттар басқармасының бас сарапшысы Сергей Добрыниннің сөзіне сенсек, бұл жұмыстар 13 жыл бойы жазғы және күзгі кезеңдерде жалғасады.

«Биыл қазан айының соңына дейін Астана су қоймасынан 50 мың тонна лай шығару жоспарланған. Лай шығарылған соң қойманың жобалық көлемі 47 млн текше метрге ұлғаяды. Осы жұмыстар үшін осындағы «Қазсушар» филиалы арнайы екі техникамен қамтылған. Оны қолдану үшін филиал мамандары арнайы дайындықтан өтіп отыр» дейді бас сарапшы Сергей Добрынин.

1970 жылы салынған Астана су қоймасына бүінгі уақытқа дейін тазарту жұмысы жүргізілмеген. Бұл – елорданы ауыз сумен қамтамасыз ететін жалғыз су қоймасы. Жалпы көлемі – 410,9 млн текше метр. Ал 2030 жылы Астана халқы 2 млн-ға жеткен жағдайда, 150 млн текше метр су қажет болмақ. Мамандар климат жағдайына байланысты балықтың уылдырық шашу кезеңін ескере отырып, тазарту процесі кемінде 10 жылға созылуы мүмкін деп болжайды. Себебі бір жылда 5 ай ғана жұмыс істеуге мүмкіндік бар.

Айта кетейік, Су ресурстары және ирригация министрлігі гидротехникалық құрылыстарды салу және қайта жаңғырту бойынша 214 жобаның жоба-смета құжаттамалары мен техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлеуде. Жобалар ішінде 21-і жалпы көлемі 1,8 млрд текше метр болатын су қоймаларын салу және қайта жаңғыр­туға арналған. Тағы 180 жоба ұзындығы 4024 шақырымға жететін 243 су арнасын жаңартып, автоматтандыруды көздейді. Ал қалған 13 жоба басқа да гидротехникалық құрылыстарды қамтиды.

«Барлық жоба су ресурстарын ұтымды пайдалануды көздейді. Сондай-ақ автоматтандыру элементтерін қамтиды. Бұл жобалар жүзеге асса, 577 мың гектар жердің суармалы сумен қамту жағдайы айтарлықтай жақсарады. Жобалардың басым бөлігіне қатысты құжаттарды әзірлеу жұмыстарын биыл жыл соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр» дейді Су ресурстары және ирригация вице-министрі Ерболат Ибрайханов.

Ержан ҚОЖАС

 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button