Қоғам

Сұлулық сыйлаған шебер

Жұмысшы мамандықтар жылы аясында қоғамның дамуына елеулі үлес қосып жүрген еңбек адамдарын дәріптеу жалғасып келеді. Өйткені елдің өркендеуі – тек ғылым мен техникада емес, адал еңбектің қадірін ұғынған қарапайым мамандардың қолында. Өз ісінің шынайы шебері, еңбегімен елге сұлулық пен сенім сыйлап жүрген сондай жанның бірі  – Астана қаласындағы «Назмед» сұлулық салонының топ шаш шебері Тоғжан Базарбекова.

«Сұлулық әлеміне ғашық жанмын. Бұл салаға келуімнің басты себебі – әйел қауымына қуаныш пен әдемілік сыйлау, олардың алғысына бөлену. Әрбір  жанның көңілінен шығу – үлкен жауапкершілік пен шабыт көзі» деп бастады  әңгімесін Тоғжан Пернебекқызы. Шаштараз болып жұмыс істеп келе жатқанына алты жылдан асып барады. Өз ісіне адалдығының арқасында 5000-нан астам қыз-келіншектің ризашылығына бөленген. Үнемі даму мен жетілу жолын таңдаған Тоғжан күнделікті кәсібімен шектелмей, әлемдік деңгейдегі мамандардан тәжірибе алып, жаңа бағыттарды меңгеріп келеді.

«Бұл салада үздік болу үшін тек қол шеберлігі емес, үнемі ізденіс пен шығармашылық керек. Әрбір жаңа техника, әрбір тренд – мен үшін үйренудің жаңа мүмкіндігі. Биыл наурыз айында Өзбекстанда өткен ашық халықаралық чемпионатқа қатысып, жүлдегер атандым. Қазіргі уақытта Сочи қаласында өтетін халықаралық чемпионатқа дайындық үстіндемін. Мұндай жарыстар – өз деңгейімді бағалап, тәжірибемді шыңдауға көмектеседі. Ал ең бастысы – өз елімнің атын шығару» дейді ол.

Біле білген адамға шаштараз мамандығы – нәзіктік пен төзімділікті, ұқыптылық пен сезімталдықты талап ететін ерекше кәсіп. Бұл жұмыстың құндылығы – еңбектің нәтижесін бір сәтте көру. Тоғжанның айтуынша, тұтынушы  айнаға қарап, өз бейнесіне күлімдеген сәт – ол үшін ең үлкен марапат. Сондықтан болар, оның қолынан шыққан әрбір шаш үлгісі – сұлулық пен сенімнің үйлесімі.

Әр әйелге кәсіби білім қажет. Өйткені сұлулық – тек сырт келбет емес, адамның ішкі күйін де өзгертетін күш. Қазір қоғамда сұлулық индус­триясы дамып, шаштараз, визажист, нейл-мастер сияқты мамандықтарға сұраныс артты. Дегенмен, бұл кәсіп иелерінің еңбегі жеңіл емес. Таңертеңнен кешке дейін әр адамға  ерекше көңіл бөлу – үлкен шыдамдылықты талап етеді.

«Мен үшін ең бастысы – өз ісімді жақсы көру. Ал еңбегімнің бағалануы мен адам­дардың  алғысы – ең үлкен табысым» дейді  Тоғжан Пернебекқызы.

Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Ұқсас жаңалықтар
Close
Back to top button