Ел тынысы

Сұлулық пен сән салтанат құрды

Ұлттық киім күніне орай Астанада «Әсем fashion» қалалық байқауы өтті. Сұлулық пен ұлттық сән үлгісі салтанат құрған іс-шараға жас дизайнерлер, тәрбиешілер мен мәдени мұрадан шабыт алатын көпшілік қауым қатысты.

Елордадағы кәсіптік-техникалық колледж директоры Римма Иманғазинаның айтуынша, талантты студенттерді қолдауға, ұлттық нақыштағы киімдерді насихаттауға және жастардың жұмысшы мамандықтарына деген қызығушылығын арттыруға бағытталған жоба биыл екінші жыл қатарынан өтіп отыр және бұл жолы қатысушылар саны едәуір артқан.

– Биыл болашақ дизайнерлер – елордалық колледж студенттері мен әл-Фараби атындағы Оқушылар сарайының тәрбиеленушілері өз жұмысын ұсынды. Байқау барысында әр оқу орны 12 костюм дайындады, жас сәнгерлер тағы 10 киімді сахнада көрсетуге мүмкіндік алды. Бұл жолы ұрпақтар сабақтастығы идеясына ерекше назар аударылды. Жастармен бірге подиумға Нұра ауданындағы Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының қатысушылары да шығып, көрерменге жылулық пен шынайы­лық сыйлады, – деді колледж директоры.

Конкурсқа қатысушы, колледждің 2-курс студенті Аружан Қабдешова дайындықтың бірнеше айға созылғанын, енді, міне, сол оқу жылының басынан бастап атқарылған жұмыс­тардың нәтижесін қуана көрсетіп жатқанын, бұл ретте екі топтама, яғни дәстүрлі киімге және заманауи келбетке арналған киім үлгілері көрсетілгенін атап өтті.

Осылайша, «Әсем fashion» жай ғана сән көрсетілімі емес, ұрпақтар сабақтастығы, шығармашылық ізденіс пен заманауи сән тіліндегі ұлттық дәстүрлерді қайта ұғыну алаңына айналды.

Әсел ЖҰМАҒҰЛОВА

 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button