Студенттік турнирдің іріктеуі

Астанадағы «Aspan» №7 мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде grappling бойынша Student Games League студенттік спорттық турнирінің іріктеу кезеңі өтті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
Жарыс «Заң және тәртіп» аясында «Астана – есірткісіз қала» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі, Астана қаласы Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы, сондай-ақ Қазақстан grappling қауымдастығы мен Астана қаласының grappling федерациясының бірлесіп ұйымдастырылуымен өткізілді.
«Бұл бастама студенттік спортты дамытуға және жастар арасында салауатты, белсенді өмір салтын қалыптастыруға бағытталған. Турнирдің басты ерекшелігі – оның «5х5» форматында өтуі. Әрбір университет 5 үздік спортшыдан құралған команда ұсынды.
Олар ММА, grappling, дзюдо, еркін және классикалық күрес сияқты спорт түрлері бойынша сынға түсуде. Бұл тек спорттық жарыс қана емес, сонымен қатар қылмыстың алдын алу құралы. Осындай іс-шаралар жастар арасында тәртіпті нығайтып, зиянды әдеттерден алшақ болуға ықпал етеді», деді Student Games League бас жобалық менеджері Даулет Капаев.
Жарысқа Дене шынықтыру және бұқаралық спорт академиясы, Еуразия ұлттық университеті, С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университеті, Есіл университеті, Тұран университеті, Назарбаев университеті, Қазақ технология және бизнес университеті және Абай Мырзахметов атындағы Көкшетау университетінің студенттерінен құралған командалар қатысты.
Ал, іріктеу кезеңінің қорытындысы бойынша үздік командалар 2026 жылғы 25 сәуірде өтетін финалдық кезеңге жолдама алды.



