Студенттермен кездесті

Астана қалалық мәслихаты төрағасы Табиғат Зейнұлқабден С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің экономика факультетінің ұстаздарымен кездесті.
– Кездесуге бірден үш маңызды оқиға себеп болды – Астана күні қарсаңындағы дайындық, оқу жылының аяқталуы және қабылдау науқанының басталуы. Бұл – менің кәсіби жолым бастау алған, білім алған alma mater-ім, яғни жүрекке жақын оқу орным. Мұндай сәттерде түлектер мен оқу орны арасындағы байланысты сақтап, тәжірибе алмасудың маңызы зор. Факультет деканы Бегіндік Саутұлына ерекше алғысымды білдіремін. Ол кісі – тек білім беріп қана қоймай, сол жылдары көптеген студенттердің тұлғалық қалыптасуына зор ықпал еткен азамат. Сондай-ақ кездесуді ұйымдастырған Түлектер клубының төрағасы Александр Майерге шынайы ризашылығымды білдіремін.
Бұл бастама – университет пен түлектер арасындағы байланысты нығайтып қана қоймай, кәсіби жолымызға деген құрмет пен бірлік рухын сақтауға себеп болады.
ҚазАТУ – елорданың ең байырғы оқу орындарының бірі. Оның ғылыми әлеуеті мықты, ұжымы тәжірибелі, ал ерекше рухы – жан-жақты дамыған азаматтарды тәрбиелеуге мүмкіндік береді.
Барша профессор-оқытушылар құрамына мықты денсаулық, сарқылмас шабыт, шәкірттердің құрметі мен әріптестердің қолдауын, ең бастысы, өз еңбегінен ләззат алуды тілеймін! – деді мәслихат төрағасы.