Студенттерге құқықбұзушылықтың салдары түсіндірілді

Астана Қазтұтынуодағы жоғары колледжінде «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында Байқоңыр аудандық полиция басқармасының өкілдерімен кездесу өтті. Жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру және құқықбұзушылықтың алдын алуға бағытталған іс-шарада кез келген тәртіп бұзу жазасыз қалмайтыны түсіндірілді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Колледж өкілдері бұл іс-шараның білім беру саласындағы «Біртұтас тәрбие» бағдарлама шеңберінде де маңызы зор екенін алға тартты. Осы ретте аталған оқу орнында «Заң және тәртіп» апталығы өтуде. Кездесуде Байқоңыр аудандық ювеналды полициясының учаскелік инспекторы, полиция майоры Гүлмира Қалиақпарова жасөспірімдер арасында кездесетін қылмыс түрлеріне қатысты ақпарат берді.

-Күн сайын бізге түрлі құқықбұзушылықтар жасаған жасөспірімдер түнгі уақытта жеткізіледі. Сіздерге түнгі 23.00-ден кейін ата-ана немесе ересек адамсыз сыртта жүруге болмайтынын білесіздер. Тәулік бойына біздің учаске инспекторлары, ювеналды полиция қызметкерлері, патрульдік полиция осы мезгілде жасалатын қылмыстардың алдын алу үшін патрульге шығады. Себебі қылмыстардың 90 пайызы түнде болады. Оның үстіне колледждегі студенттердің жартысының ата-анасы қала сыртында, өзге өңірлерде тұрады. Ондай жастар бір сенімді өкіліне сенімхат жаздыртып алуы тиіс. Түнде жалғыз жүрген жасөспірім бірінші рет ұсталғанда тек ескерту беріледі, екінші рет ұсталса айыппұл салынады, — деді ол.
Құқыққорғау саласы өкілінің айтуынша, жасөспірімдер арасында супермаркеттерге кіріп, керек затын қалтасына салып, ақшасын төлемей шығып кете беретіндер көп. Олар өз әрекетін ешкім байқамады дегенмен, бәрі камераға түсіп қалады.
-Қазір барлық жерде камера бар. Сондықтан бірдеңе жасамас бұрын алдын ала ойланып алыңыз. Құқықбұзушылық әрекетке барудың қажеті жоқ. Бәрібір назарға ілігесіз. 1 құты горилла сусынын тығып алып шыққаныңыз үшін қылмыстық іс қозғалуы мүмкін. Сол үшін ата-анасы баласына дұрыс тәрбие бере алмағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылып, айыппұл арқалайды. Қылмыстық жауапкершілікке тарту 14 жастан басталады, ал әкімшілік жауапкершілікке бала 16 жастан бастап тартылады. Студенттер арасында 434-бап бойынша ұсақ құқықбұзушылық фактілері жиі болады. Атап айтқанда, боғауыз айту, темекі тұқылын, қоқыстарды кез келген жерге тастау, босаған бөтелкені лақтыру бойынша көп тіркеледі. Бұл үшін 20 АЕК көлемінде айыппұл салынады. Мұндай ақшаны төлеу ата-анаға оңай тимейді, — деді Г. Қалиақпарова.

Сонымен қатар құқыққорғау саласы өкілі олар көп жұмыс істейтін 127-бап бойынша қандай міндеттер мен оны орындамағанда не жаза күтетінін түсіндірді. Бұл бала тәрбиелеу бойынша ата-ананың міндеттерін дұрыс атқармауынан туындайтын жаза. Бала колледж жарғысына, ішкі тәртібіне бағынбаса, қайта-қайта ескерту алса, кешігіп келе берсе, сыртқы киіміне, түріне қарамаса, буллинг жасаса, осындай тәртіпсіздіктің бәрі аталған бапта қарастырылып, ата-анасы жауапқа тартылады. Әсіресе, буллинг бойынша мәселе қатты қаралады, біреуге әлімжеттік көрсеткені бірнеше рет дәлелденген бала бірден тіркеуге алынады. Ол бала полиция және колледж басшылығы тарапынан қатаң бақылауда болады.
Жиында колледж маңындағы учаскелік инспектор Жеңіс Айтбаев студенттердің оқу орнына жақын орналасқан дүкендерінен заттар алып, үйлер алдындағы орындықтарға отырғанда айналаны қоқыспен бүлдірмей жүруін, себебі сол үйлер тұрғындарынан шағым жиі түсетінін жеткізді. Іс-шара барысында қазіргі таңда құқықбұзушылықты жасырудың мүмкін емес екенін және дропперлік қылмысқа аяқ асты түсіп кету қаупін көрсететін арнайы бейне роликтер жастардың назарына ұсынылды.
Райхан Рахметова
Фото: Василий Крась



