Стратегиялық серіктестік салтанаты

Ақордада Қазақстанға мемлекеттік сапармен келген Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедовті қарсы алу рәсімі өтті. Мемлекеттер басшылары бір-біріне ресми делегация мүшелерін таныстырды. Құрмет қарауылының бастығы рапорт берді. Екі елдің әнұрандары шырқалған соң президенттер келіссөз өтетін залға барды. Одан кейін Мемлекет басшысы Түрікменстан Президентімен шағын және кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді.
Ежелден достығы жарасқан
Қасым-Жомарт Тоқаев еліміз Түрікменстанды стратегиялық серіктес және бауырлас мемлекет санайтынын жеткізді. «Бізді ғасырлардан жалғасып келе жатқан достық, ортақ тарих, тіл мен мәдениет біріктіреді. Мемлекеттеріміз арасындағы сауда-саттық, экономикалық ықпалдастықтың басқа да түрлері және мәдени-гуманитарлық байланыстар қарқынды дамып келеді. Екі ел серіктестігінің ауқымы мен сапасына көңіліміз толады деп айтуға негіз бар. Бұл ынтымақтастық стратегиялық сипатқа ие. Дегенмен алға қадам басу қажет. Күн тәртібінде өте маңызды мәселелер тұр. Бүгін олардың шешімін бірлесіп табамыз деп ойлаймын» деді Қазақстан Президенті.
Сердар Бердімұхамедов Қазақстан Республикасына мемлекеттік сапармен келуге шақырғаны және қонақжайлық танытқаны үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтты. «Сізге түрікмен халқының Ұлт көшбасшысы, құрметті Гурбангулы Мяликгулыевич Бердімұхамедовтің сәлемі мен ізгі тілегін жеткізуге рұқсат етіңіз. Бүгінде Түрікменстан мен Қазақстанның қарым-қатынасы достық, бауырластық және тату көршілік қағидаттары негізінде дамып келеді. Өзара ықпалдастығымыз саяси-дипломатиялық, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салаларды қамтиды» деді Түрікменстан Президенті.
Бұдан кейін келіссөздер екі ел делегацияларының қатысуымен кеңейтілген құрамда жалғасты. Әңгімелесу барысында мемлекеттер басшылары екіжақты ынтымақтастықтың басым бағыттарын талқылады. Атап айтқанда, сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық және көлік-логистикалық ықпалдастық мәселелері қарастырылды. Энергетика, өнеркәсіп кооперациясы, ауыл шаруашылығы, IT, білім беру және медицина салаларындағы бірлескен жобаларды іске асыруға баса назар аударылды. Қасым-Жомарт Тоқаев шақыруын қабыл алып, Астанаға мемлекеттік сапармен келгені үшін Сердар Бердімұхамедовке алғыс айтты.
«Қазақ пен түрікмен – ежелден достығы жарасқан туыс халықтар. Біздің тарихымыз және мақсат-мұратымыз – ортақ, мәдени-рухани құндылықтарымыз – бір. Біз Түрікменстанмен ынтымақтастықты тату көршілік және өзара қолдау рухында барынша нығайтуға айрықша мән береміз. Жарқын болашаққа бірге қадам басу үшін күш жұмылдырамыз. Бауырлас халықтарымыздың игілігі үшін стратегиялық серіктестікті нығайта түсеміз. Мен бұған кәміл сенемін» деді Мемлекет басшысы. Қазақстан Президенті екі ел арасында барлық деңгейде белсенді әрі табысты байланыс орнағанын атап өтті. Үкіметтеріміз жүйелі жұмыс жүргізіп, ведомствоаралық байланыс нығайып келеді. Елдеріміз көпжақты құрылымдар аясында нәтижелі қарым-қатынас жасайды. Мемлекет басшысының айтуынша, Астана мен Ашхабадтың өңірлік, халықаралық күн тәртібіндегі көптеген мәселе бойынша көзқарастары мен ұстанымдары ұқсас.
Қасым-Жомарт Тоқаев келіссөздер барысында сауда-экономикалық ықпалдастыққа айрықша назар аударды. Соңғы 5 жылда өзара сауда көлемі 4 еседен асып, жарты миллиард долларға дейін ұлғайды. Қазақстанда түрікмен капиталы бар 140-қа жуық компания табысты жұмыс істейді. Осы арқылы аталған кәсіпорындар экономикалық байланысты нығайтуға зор үлес қосып келеді. Қазақстанның Түрікменстанға құйған инвестициясы 120 миллион доллардан асты. Мемлекет басшысы мәдени-гуманитарлық байланыстың даму қарқынына тоқталды. Президент екі елдің мәдениет күндерін алма-кезек өткізу, көрнекті қайраткерлердің ескерткіштерін ашу шаралары қос халықтың мәдени-рухани мұрасына айтарлықтай үлес қосады деп санайды.
Сердар Бердімұхамедов Қазақстан мен Түрікменстанды Орталық Азиядағы стратегиялық серіктес мемлекеттер деп атады. «Мемлекеттерімізді ұрпақтан ұрпаққа аманат болып, көзіміздің қарашығындай сақтап келе жатқан ортақ тарихи тамырластық, мәдени-рухани ұқсастық, салт-дәстүріміздің жақындығы секілді құндылықтар біріктіреді. Саяси-дипломатиялық салада Түрікменстан мен Қазақстан жаһандық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша сындарлы ықпалдастық орнатқан. Атап айтқанда, бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтау, энергетикалық тұрақтылықты нығайту, көлік байланысын ілгерілету, орнықты даму мақсаттарына қол жеткізу және климат өзгерісіне қарсы күрес мәселелері бойынша ұстанымдарымыз ортақ» деді Түрікменстан Президенті.
Кездесу соңында Мемлекет басшысы Түрікменстан Президентінің елімізге сапары екіжақты ынтымақтастықтың жаңа кезеңіне жол ашып, достық пен стратегиялық серіктестікті нығайтуға тың серпін беретініне тоқталды. Келіссөздер қорытындысы бойынша Қасым-Жомарт Тоқаев пен Сердар Бердімұхамедов Бірлескен мәлімдемеге қол қойды.
«Алтын Қыран» орденімен марапаттады
Мемлекет басшысы Түрікменстан Президентін «Алтын Қыран» орденімен марапаттады. Салтанатты рәсімде Қасым-Жомарт Тоқаев Сердар Бердімұхамедовтің жаңа тұрпаттағы беделді саяси қайраткер, Түрікменстанның мемлекеттілігін, әлеуметтік-экономикалық әлеуеті мен халықаралық аренадағы орнын дәйекті түрде нығайтып келе жатқан прогрессивті, мықты көшбасшы ретіндегі рөлін атап өтті.
«Сіз түрікмен халқының Ұлт көшбасшысы, аса құрметті Гурбангулы Мяликгулыевич Бердімұхамедовтің келешекке арналған стратегиялық бағдарын сенімді түрде жалғастырып келесіз. Сіздің салиқалы басшылығыңызбен Түрікменстан экономикасы керемет қарқынмен дамуда. Еліңізде өнеркәсіп, көлік инфрақұрылымы белсенді түрде жаңғырып жатыр. Энергетикалық әлеуетті нығайту және технологиялық трансформация бағытында ауқымды жұмыс атқарылуда. Баянды бастамаларыңыздың арқасында бауырлас Түрікменстанда ірі әлеуметтік жобалар жоспарлы түрде жүзеге асырылып, ғылым-білім саласы соны серпін алып, халықтың әл-ауқаты жақсара түсті. Бұл жетістіктің бәрі шынайы құрметке және жоғары бағаға лайық» деді Президент.
Мемлекет басшысы Ашхабадтың дипломатия, бейбітшілік пен тұрақтылық мекені ретіндегі халықаралық беделі мен мәртебесін арттыру жолындағы Түрікменстан басшылығының күш-жігеріне ерекше тоқталды. Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Түрікменстанның 2025 жылды Халықаралық бейбітшілік және сенім жылы деп жариялау туралы бастамасын БҰҰ Бас Ассамблеясының қолдауы елдің жауапты әрі белсенді ұстанымын көрсетеді. Мемлекет басшысы Түрікменстан Президентінің бауырлас елдер арасындағы достықты, өзара түсіністік пен стратегиялық серіктестікті нығайтуға қосқан үлесіне жоғары баға берді. «Қазақ-түрікмен қарым-қатынасының келешегі жарқын екеніне сенімдімін. Бүгінгі келіссөздер қорытындысы осыған айқын дәлел. Қол жеткізілген уағдаластықтардың табысты жүзеге асырылуы көп жоспарлы серіктестігімізге тың серпін беріп, қазақ-түрікмен ынтымақтастығының жылнамасындағы жаңа кезеңге жол ашатынына күмән жоқ» деді Мемлекет басшысы.
Сердар Бердімұхамедов Қазақстанның ең жоғары мемлекеттік наградасы – «Алтын Қыран» орденімен марапаттағаны үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа және қазақстандықтарға алғыс айтты «Бұл марапатты Түрікменстан халқына көрсеткен құрметіңіз, елдеріміз арасында ғасырлардан жалғасып келе жатқан берік достық пен тату көршіліктің белгісі ретінде қабылдаймын. Екі мемлекет халықаралық аренада тығыз әрі нәтижелі ықпалдастық орнатқан. Ынтымақтастығымыз өңірлік және жаһандық күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді шешуде өзара түсіністіктің, бірліктің және қолдаудың жоғары деңгейін көрсетіп келеді» деді Түрікменстан Президенті.
Ортақ тарих біріктіретін елдер
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Сердар Бердімұхамедов БАҚ өкілдеріне арналған брифинг өткізді. Мемлекет басшысы Президент Сердар Бердімұхамедовтің қазақ жеріне мемлекеттік сапарының мәні айрықша деп санайтынын, Түрікменстан – Қазақстан үшін маңызды әрі сенімді серіктес, бауырлас ел екенін атап өтті. «Қос халықты шынайы достық, ортақ тарих пен рухани-мәдени құндылықтар біріктіреді. Осындай мызғымас тұғыры бар қарым-қатынасымыз стратегиялық әріптестік рухында қарқынды дамып жатыр. Екі ел арасында жоғары деңгейдегі саяси диалог қалыптасты. Сауда-экономика саласындағы байланыс жылдан жылға күшейіп келеді. Мәдени-гуманитарлық бағыттағы ықпалдастық нығая түсті. Біз аймақтық қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуге белсене атсалысып келеміз» деді Мемлекет басшысы.
Осы орайда Қасым-Жомарт Тоқаев Сердар Бердімұхамедов пен бауырлас түрікмен халқын Түрікменстанның тұрақты бейтараптығының 30 жылдығымен құттықтады.
«Бейтарап саясат жүргізу Түрікменстанның халықаралық аренадағы беделін биіктетіп, бейбітшілік, тұрақтылық пен қауіпсіздік қағидаттарына бейіл екенін көрсетті» деді Мемлекет басшысы.
Президент келіссөздер барысында екіжақты күн тәртібінің кең көлемді мәселелері талқыланып, ықпалдастықтың басым бағыттары белгіленгенін жеткізді. Әуелгі кезекте сауда-экономикалық байланыстарды кеңейтуге назар аударылды. «Бірлескен күш-жігеріміздің арқасында елдеріміз арасындағы тауар айналымы жыл сайын жарты миллиард доллардан асады. Биылғы көрсеткіштерге де көңіл толады. Құрметті Түрікменстан Президентімен бірге өзара сауда көлемін бір миллиард долларға дейін ұлғайту үшін қажетті шараларды қолға аламыз. Осы мақсатта Қазақстан тауар айналымын ұлғайту жөніндегі жұмыс жоспарын қабылдауды ұсынды. Екі елдің бизнес өкілдерін қолдау үшін Сауда үйлерін ашу туралы шешім қабылдадық. Сондай-ақ қос мемлекеттің қалалары арасында тікелей коммерциялық әуе рейстерін ашу мәселесін қарастыруға келістік» деді Президент.
КӨЛІК-ТРАНЗИТ ДӘЛІЗІ
Қазіргі уақытта көлік-транзит саласы стратегиялық басымдыққа ие. Бұл орайда Солтүстік – Оңтүстік көлік дәлізінің маңызды буыны ретінде Қазақстан – Түрікменстан – Иран теміржол бағдары ерекше рөл атқарады. «Биыл он айда тасымал көлемі бір жарым миллион тоннаны құрап, 14 пайыз ұлғайды. Тарифтерді оңтайландыру, әкімшілік үдерістерді жеңілдету шаралары қабылдануда. Шекара маңының инфрақұрылымы белсенді түрде дамып, өткізу бекеттері жаңғыртылып жатыр. Түрікменбашы – Гарабогаз – Қазақстан шекарасы бағыты бойынша жол инфрақұрылымдарын ұштастыру мәселесі біртіндеп шешілуде. Контейнерлік тасымалды жандандыру үшін Каспийдегі Ақтау, Құрық, Түрікменбашы порттарының көлік-логистикалық әлеуетін толық пайдалануға уағдаластық» деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Бұдан бөлек, келіссөздер барысында Ауғанстан арқылы өтетін Оңтүстік Азия бағытындағы теміржол желісін тарту перспективасы қарастырылған. Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығы ықпалдастықтың маңызды саласы саналатынына тоқталды. «Қазақстан бидайын түрікмен нарығына жеткізу көлемін арттыруды егжей-тегжейлі талқыладық. Сонымен қатар өсімдік майы, макарон және ет-сүт өнімдерінің экспортын ұлғайтуға мүмкіндігіміз бар. Түрікменстан-Ауғанстан шекарасында астық терминалын салу перспективасын пысықтадық» деді Президент. Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, энергетика саласындағы бірлескен жобаларға баса мән берілген. Қазақстан түрікмен газын Қытайға тасымалдауда ұзақ жылдар бойы сенімді серіктес болып келеді. Бүгінгі келіссөздер қорытындысы бойынша тараптар газды қайта өңдеу, көгілдір отын жеткізетін инфрақұрылымды дамыту жобалары аясындағы ықпалдастықты жалғастыруға уағдаласқан. Оған былтыр қол қойылған Газ саласын дамыту бойынша стратегиялық ынтымақтастық жөніндегі келісім негіз бола алады. Еліміз мемлекеттік қызмет көрсетуді цифрландыру және ІТ технологияларды енгізу ісіндегі тәжірибесін ескере отырып, түрікмен тарапын аталған салада бірлескен жобаларды жүзеге асыруға шақырды.
Бұдан кейін екіжақты қарым-қатынасты өрістетуде мәдени-гуманитарлық байланыстар ерекше орын алатыны айтылды. Келіссөздер барысында президенттер өңірлік және халықаралық күн тәртібінің өзекті мәселелері бойынша ұқсас ұстанымда екенін растаған.
Төлен ТІЛЕУБАЙ



