STEAM және ЖИ-ге негізделген білім берудің жаңа моделі таныстырылды
Астана қаласындағы №8 мектеп-лицейінде «Жасампаздық мектебі: STEAM және AI құралдары арқылы білім берудің заманауи моделі» тақырыбында мектеп директорлары мен ақпараттық технологиялар бағытына жауапты директордың орынбасарларына арналған қалалық семинар өтті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Іс-шараны Астана қаласы әкімдігінің «Әдістемелік орталығы» МКҚК мен «CYBERPACK» ЖШС бірлесіп өткізді. Семинардың негізгі мақсаты – білім беру ұйымдарында STEAM бағыттарын дамыту, жасанды интеллект құралдарын оқу үдерісіне тиімді енгізу және мектептердің цифрлық трансформациясын қолдау.
Семинар барысында қатысушылар білім беру жүйесінде кеңінен қолданылып келе жатқан заманауи технологиялардың мүмкіндіктерімен танысты. Сонымен қатар STEAM білім беру бағытының артықшылықтары, жасанды интеллект негізіндегі цифрлық құралдарды сабақ барысында қолданудың тиімді жолдары талқыланып, білім беру саласындағы озық тәжірибелер ортаға салынды.
Жаңа оқу кеңістігінде оқушылар STEAM, цифрлық технологиялар және жасанды интеллект бағыттары бойынша тәжірибелік жұмыстар жүргізіп, инновациялық құралдармен жұмыс істеу мүмкіндігіне ие болады. Бұл өз кезегінде білім алушылардың технологиялық сауаттылығын арттырып, болашақ мамандықтарға бейімделуіне ықпал етеді.



