Stalking қаупін қалай сейілтеміз?

Астана қаласы Полиция департаменті «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында елордадағы «Достық» үйінде «SТOР Stalking және тәуекел аймағы» тақырыбында семинар өткізді. Іс-шара әйелдер мен балалардың еркіндігі және құқығын қорғауға, сталкинг профилактикасының бірыңғай тәсілдерін әзірлеуге, тұрмыстық отбасылық зорлық-зомбылықтың, сталкинг фактілерінің алдын алуға бағытталды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Жиынға мемлекеттік органдар, құқыққорғау, сот, үкіметтік емес ұйымдар, денсаулық сақтау басқармасы, білім басқармасы, прокуратура, Қорғаныс министрлігі және басқа да мүдделі ведомстволар өкілдері қатысты. Шымкентте 21 жасар Нұрай есімді қыздың сталкинг құрбаны болу оқиғасынан кейін қоғамның қауіпсіздік мәселесіне алаңдаушылығы күшейді. Осы жағдай және биыл қаңтар айының өзінде Астанада сталкинг бойынша 12 фактінің тіркелуі зорлық-зомбылықтың кез келген түріне мүлдем төзбеу қағидатын жүзеге асыру және ведомствоаралық өзара іс-қимылды күшейту қажеттілігін көрсетті. 2025 жылы 16 шілдеде Президент «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне ҚР қылмыстық заңнамасын оңтайландыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойды. Құжат некеге мәжбүрлеу, сталкинг үшін қылмыстық жауапкершілікті қарастырады.
— Сталкинг бір адамның екінші бір адамға немесе топқа қалауына қарсы тұрақты түрде назар аударуы, мазалауы, аңдуы немесе қорқытуы. Бұл жеке шекараны бұзатын, психологиялық қысым тудыратын, қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғуы мүмкін қауіпті әрекет. Мұндай әрекеттер үшін 200 АЕК-ге дейін айыппұл салу, 200 сағатқа дейін қоғамдық жұмысқа жегу немесе 50 тәулікке дейін қамау көзделген. Егер сталкинг зорлық көрсету, қауіп төндіру немесе бопсалау сияқты әрекеттерге ұласса, сонымен қатар жеке өміріне қолсұқпаушылық ережесі бұзылса, мұндай қысым қосымша Қылмыстық кодекстің басқа да баптары бойынша қарастырылады, — деді Астана қаласы Полиция департаменті отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күрес жөніндегі бөлім бастығы Алмагүл Исмағұлова.
ҚР 125-1 бабы, яғни некеге мәжбүрлеу бойынша Астанада жыл басынан бері фактілер тіркелмеген. Дегенмен елімізде бұл жағдайлар орын алып отыр. Сондықтан құқыққорғау органдары елордалықтарды зорлық-зомбылықтың қай түріне ұшыраса да оларды қорғаушылар бар екенін жеткізді. Сол ретте бірнеше қызмет түрлерін атады. Атап айтқанда, тәулік бойына істейтін 111 немесе 71-60-63 сенім телефондарына, дағдарыс орталықтарына, 102 полиция нөміріне соғып, хабарласа алады. Бүгінгі таңда Астанада «Үміт» және «Қорғау-Астана» дағдарыс орталықтары, «Ана үйі» қоғамдық қоры, Тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арналған орталық жұмыс істейді. Сонымен қатар «Жанұя» отбасы институтын қолдау орталығы да уақытша баспанамен қамтамасыз етіп, психолог, заңгер және басқа да мамандар қызметін ұсына алады. Жыл басынан бері дағдарыс орталықтарына 17 әйел мен 28 бала жіберілген. Сонымен қатар 58 адамға оңалту сипатындағы психологиялық көмек, 39 адамға әлеуметтік және 9 адамға заң қызметі көрсетілген. 2026 жыл басталғалы «102» арнасына хабарласатындар саны 11,5 пайызға азайған.
Семинар барысында сталкинг белгілері туралы арнайы бейнеролик көпшілік назарына ұсынылды. Астана қаласы Полиция департаменті Қоғамдық қауіпсіздік басқармасының басшысы, полиция полковнигі Марат Өмірбаев та сөз сөйлеп, осы мәселелер бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Өзге де құқыққорғау органдарының өкілдері қатысушылардың өзекті сұрақтарына жауап берді.
Райхан Рахметова
фото: Астана қаласы әкімдігі



