Басты ақпаратҚоғам

Спорт саласы бюджеттің сүлігі ме?

2025 жылы қабылданған жаңа заң арқылы Қазақстан дене шынықтыру және спорт саласындағы заңнамасын едәуір жаңартып, жүйелі реформалардың бастауын жариялады. Дамыған елдер тәжірибесі көрсеткендей, спортты басқару мен дамытудағы басты тірек – нақты, бейімделген және серпінді заңнама. Қазақстанның бұл бағыттағы қадамы – отандық спорт жүйесін жаңа сапалық деңгейге көтеруге ниеттенген маңызды бетбұрыс.

Нақты өзгерістер және әлем тәжірибесі

Қазақстанда енгізілген өзгерістердің бірі – «ұлттық» мәртебесін айқындау және спорт федерацияларының халықаралық ұйымдармен байланысын құқықтық тұрғыда реттеу. Бұл – әлемдік тәжірибеге сәйкес маңызды қадам. Мысалы, Франция мен Германияда ұлттық спорт федерациялары үкіметтік аккредитациядан өтіп, өз спорт түрі бойынша жалғыз өкілдікке ие. Мұндай жүйе спорттағы орталықтандырылған басқару мен тәртіпті қамтамасыз етеді.

Жаңа заң аясында енгізілген маңызды өзгерістің бірі – ұлттық мәртебесі бар спорт федерацияларын нақтылау және олардың халықаралық ұйымдармен байланысын құқықтық тұрғыда реттеу.

Спорт және дене шынықтыру істері комитеті төрағасының орынбасары Нұрлан Есембаев: «Енді отандық спортшылар тереңдетілген, кезеңдік және ағымдағы медициналық тексеруден, сондай-ақ кешенді функционалдық тестілеу мен жарыс алдындағы тексеруден өтеді. Тереңдетілген медициналық тексеру спортшының дене бітімінің дамуы, жалпы денсаулық жағдайы, соның ішінде физикалық және функционалдық жай-күйі туралы толық ақпаратты қамтиды. Бұл деректер арнайы медициналық картаға енгізіліп, медициналық ақпараттық жүйеде сақталады» деп түсіндірді.

Мемлекеттік спорт ұйымдарының бірінші басшысын ротациялау алғаш рет заңмен бекітілді. Мұндай тәжірибе Финляндия мен Швецияда кеңінен қолданылады. Яғни спорт ұйымына басшылыққа келу мерзімі шектейді. Бұл тәсіл ашықтық, нәтижелілік және жаңашылдық қағидатын қалыптастыруға ықпал етеді.

Жаңа заң бойыша инклюзивті спортты дамыту үшін бірінші топтағы мүгедектігі бар спортшымен бірге жүретін тұлғалардың шығынын өтеу нормасы енгізілді. Бұл қадам мүгедектігі бар спортшыларды қолдайтын персоналды мемлекеттік гранттар арқылы қаржыландыруды көздейді. Канада мен Норвегияда осы үлгідегі мемлекеттік қолдау жақсы жолға қойылған.

Қазақстанның жаңа заңнамасында мектеп, колледж, университет спортының мәртебесі айқындалып, спорттық резерв дайындау мәселесі заңмен белгіленді. АҚШ-тың NCAA моделі – жастар спортының тиімді дамуына үлгі бола алады. Бұл модельді Қазақстанда да енгізу, университеттік спортты кәсіби деңгейге көтеру – маңыз­ды стратегиялық мақсаттардың бірі.

Нұрлан Есембаевтің сөзінше, ел бойынша 734 техникалық және кәсіби білім беру ұйымы және 1 миллионнан астам студент оқитын 145 жоғары оқу орны бар, дене шынықтыру сабақтарымен 574 мың студент қамтылған, бұл білім алушылардың жалпы санының 57 пайызын құрайды.

Қаржы көп, нәтиже жоқ

Қазақстанда 100-ге жуық кәсіби спорт клубы тіркелгенімен, олардың басым бөлігі дербес қаржыландыру көзіне ие емес, жергілікті әкімдіктер мен квазимемлекеттік ұйымдардың қаржысынан тәуелді. Бұл жағдай еліміздегі спорттың даму моделінің әлі де мемлекеттік қолдауға тәуелді екенін көрсетеді.

2020-2023 жылдар аралығында Қазақстан құрамасы түрлі спорт түрлерінен 300-ден астам шетелдік спортшыны өз қатарына қосты. Олардың көпшілігі футбол, хоккей, баскетбол, волейбол, күрес және ауыр атлетика сынды спорт түрінде өнер көрсетеді. Премьер-лигада жыл сайын 60-тан астам шетелдік футболшы ойнайды. Спорт министрлігінің мәліметі бойынша, кейбір спорт түрлерінде ұлттық құраманың 40-60 пайызы шетелдік спортшылардан тұрған-ды. Бұл өз кезегінде ішкі спорт резервінің әлсіреуіне әкеліп соғатыны анық.

Мәжіліс депутаты Нартай Сәрсенғалиевтің 2022 жылғы мәліметіне сүйенсек, «Astana Qazaqstan Team» велокомандасының жылдық шығыны 4 миллиард теңгені, «Астана» футбол клубының шығыны 4,8 миллиард теңгені, ал баскетбол клубының шығыны 1,2 миллиард теңгені құраған. 2023 жылы бұл көрсеткіштер өсіп, велокомандаға 6 миллиард теңге, футбол клубына 5,3 миллиард теңге, баскетбол клубына 1,3 миллиард теңге бөлінді. 2022 жылы «Барыс» хоккей клубын ұстауға 8 миллиард теңге жұмсалса, бір жылдан кейін квазимемлекеттік сектордан бөлінетін қаржы 8,5 миллиард теңгеге жетті. Алайда ҚХЛ-дің 2022-2023 жылғы маусымында «Барыс» 22 команданың арасында 20-орынды иеленсе, 2023-2024 жылғы маусымда 22-орынға тұрақтады. Бюджеттің қомақтылығына қарамастан, команданың көрсеткіші көңіл көншітпейді.

Легионерге неге құмармыз?

Шетелдік легионерлердің жалақысы да айтарлықтай жоғары. Олардың жалақысы 200 мыңнан 1 млн долларға дейін жеткен. Sports.ru дерегіне сәйкес, «Барыста» ойнаған Никита Михаилис пен Линден Вей жылына 200-500 мың доллар аралығында табыс тапқан. «Астана» футбол клубы 2018-2023 жылдары 50 миллиард теңге қаржы жұмсады. Бірақ осы уақыт ішінде клуб өз академиясы мен инфрақұрылымын дамытпай, тек алаңдар мен ғимараттарды жалға алуға 1,4 миллиард теңге шығындады.

Спорт және дене шынықтыру істері комитеті төрағасының орынбасары Нұрлан Есембаев:

– Соңғы мәліметтер бойынша командалық ойын клубтарында 200-ден астам шетелдік спортшы бар. Жаңа заң негізінде оларды қаржыландыру көзі тек инвесторлар мен демеушілер тарапынан ғана жүргізіледі. Ұлттық құрама сапында легионерлер жоқ, – деді.

Спорт менеджменті саласының профессоры Динара Садықованың пікірінше, бюджеттік қаржыландыру елдің даму басымдықтарын көрсетеді. Егер легионерлерге көп қаржы бөлінсе, ішкі спорт мектебінің дамуы тежеледі. Спорт шолушысы Есей Жеңісұлы легио­нерлердің көптігі ұлттық құраманың әлсіреуіне әкелетінін және жеңістің тек өз спортшысымен келгенде ғана маңызды болатынын атап өтті. MMA спортшысы Қуат Хамитов өз спортшысын даярлай алмаған мемлекетті әлсіз деп есептейді.

Демек, легионерлерге бюджет есебінен шектеу қою – орынды талап және жүйелі реформаның бастамасы. Ендігі кезекте бұқаралық және жоғары жетістіктер спортына бөлінетін қаржыны тиімді пайдаланып, ұлттық кадрлар даярлауға және ішкі спорт инфрақұрылымын қолдауға бағытталған қадамдар жасалуы қажет.

Нұрлат БАЙГЕНЖЕ

P.S: Ендігі міндет – сырттан келетін дайын нәтижеге емес, ішкі әлеуетке сеніп, соны дамыту. Бұл жол – күрделі әрі ұзақ, бірақ тұрақты әрі сенімді. Жаңа заң осындай маңызды бастамаларды жүзеге асыруға берік негіз қалайды. Алайда оның нақты нәтижесі – өзіміздің жауапкершілігіміз бен табандылығымызға байланысты.

 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button