Ел тынысы

Спорт реформасы – заңнан басталады

Жақында Парламент Сенаты отырысында спорт саласын жаңғыртуға бағытталған маңызды заң жобасы қабылданды. Бұл құжат – еліміздегі дене шынықтыру мен спорт жүйесін қайта қарап, артық реттеулерден арылтуға және басқару тиімділігін арттыруға бағытталған стратегиялық қадам. Яғни дене шынықтыру және спорт саласында артық заңнамалық регламенттеуді болғызбау мәселесі қаралды.

Негізгі басымдығы қандай?

Сенаттың Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің мүшесі, депутат Әсем Рахметова заң бойынша баяндама оқыды. Сенатордың түсіндіруінше, заң жобасы екі кодекс пен бес заңға түзетулер енгізуді көздейді.

Біріншіден, басым спорт түрлерін Олимпиада, Паралимпиада, Сурдлимпиада және Азия ойындарындағы нәтижелер негізінде анықтайды. Бұрын спорт түріне қолдау көбіне субъективті (рейтингілік) негізде бөлінсе, енді Олимпиада, Паралимпиада, Сурдлимпиада және Азия ойындарындағы нақты нәтижелер – басты критерийге айналады. Бұл спортқа бөлінетін мемлекеттік қаражаттың тиімділігі мен қайтарымын арттырады.

Екіншіден, ұлттық спорт федерацияларының мәртебесін нақтылау және оларды аккредиттеу талаптарын күшейтеді. Бірыңғай оператордың құзыретін кеңейту арқылы спорттық инфрақұрылым салу мен жаңғыртуға жаңа инвестициялық мүмкіндік ашылады. Әсіресе, өңірлердегі балалар мен жасөспірімдердің спортқа қолжетімділігін арттырады.

Үшіншіден, шетелдік спортшыларды қаржыландыруға тыйым салу және кәсіби спорт клубтарына арналған лимит белгілейді. Бұл үдеріс – кәсіби спорттағы артық шығынды оңтайландырылып, үнемделген қаражат балалар-жасөспірімдер спортына қайта бағыттауға мүмкіндік береді. Бұл болашақ чемпиондарды өз елімізде тәрбиелеу саясатына негіз қалайды және ұлттық спорт резервін күшейтеді.

Төртіншіден, спорттық медицина мен оңалтуды дамыту, заманауи технологияларды енгізу және арнайы ұлттық медициналық мекеме құрады. Спорттық медицинаға қатысты енгізілген нормалар – Қазақстан спортының кәсіби деңгейге көтерілуіне жасалған нақты қадам. Бұл салада заманауи тәсілдерді (реабилитация, спорттық ғылым, биохимиялық бақылау, нейропсихологиялық қолдау) заңмен бекіту – спортшының қауіпсіздігін, ұзақмерзімді нәтижесін және кәсіби өмір сүру ұзақтығын қамтамасыз етуге бағытталады.

Бесіншіден, мемлекеттік спорт ұйымдарының басшыларын ротациялау – нәтижеге жұмыс істеуге ынталандырады. Бұл бұрынғыдай формалды-әкімшілік басқарудан нәтижеге бағдарланған, тиімді, икемді жүйеге көшіруді көздейді. Заңда алғаш рет спорт ұйымдары басшыларының ротациясы, KPI жүйесі, нақты көрсеткіштер арқылы бағалау тетіктері енгізіліп отыр. Бұл – жауапкершілік пен кәсібилікке негізделген басқару мәдениетін қалыптастырудың басы.

Алтыншыдан, мүгедектігі бар спортшыларды алып жүретін адамдардың шығындарын өтеу тетігін заңдастырады. Сурдлимпиада, арнайы олимпиада және басқа да инклюзивті бағыттағы спорт түрлері заңнамада жеке көрсетіліп, оларға да мемлекеттік қолдау құралдары таратылады. Бұл – ерекше қажеттіліктері бар азаматтардың құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейтеді, әлеуметтік теңдікті нығайтады.

Бұған дейінгі спорт саласын басқару көбінесе фрагментарлы, науқандық сипатта болса, енді мемлекеттің тұрақты және нәтижеге бағытталған саясатты қалыптастырады.

Мәселен, жоғары жетістіктер спортын дамытуда басты назар – нақты нәтиже көрсеткен спорт түріне аударылып отыр. Бұл – қолдаудың әділеттілігі мен тиімділігіне басымдық беру деген сөз. Сонымен қатар, балалар және жасөспірімдер спортына қаржының қайта бөлінуі – ұзақмерзімді нәтижеге бағытталған стратегиялық шешім.

Депутаттар не дейді?

Заң жобасын қарау барысында депутаттар қоғамдағы өзекті мәселелерді қозғап, заңнамада олардың шешім табуын талап етті. Сенатор Нұрлан Бекназаров Мемлекет басшысының футбол инфрақұрылымын дамыту туралы тапсырмасын негізге алып, балалар спортын қолдауға көбірек қаражат бөлу, ал шетелдік легионерлерді қаржыландыруды шектеу қажеттігін алға тартты. Исландияның мысалын келтіріп, тиімді жаттықтырушылар жүйесі мен заманауи инфрақұрылым арқылы үлкен жетістікке қол жеткізуге болатынын атап өтті.

Сенатор Нұрия Ниязова есту қабілеті бұзылған спортшылардың құқықтық теңдігін қорғап, олар қатысатын Азиаттық-Тынық мұхит ойындарының заңнамада аталмауын сынға алды. Бұл жарыста ел спортшылары 66 медаль жеңіп алғанына қарамастан, олар спорттық атақтардан, сыйақы мен әлеуметтік қолдаудан шет қалды.

Ал, сенатор Амангелді Толамисов жасөспірімдер спорт мектептері басшыларына арналған ротация жүйесінің мәнін нақтылауды сұрады. Оның айтуынша, ұзақ жылдар бойы нәтиже көрсетпеген басшылардың орнын жаңарту – жүйелі жаңғыртудың алғышарты болуы тиіс.

Депутат Айнұр Арғынбекова ерекше қажеттіліктері бар балалар қатысатын Арнайы олимпиаданың заңдық мәртебесін нақтылауды талап етті. Ол бұл қозғалыстың мемлекет тарапынан назардан тыс қалмауы керек екенін атап өтті.

Халық қалаулысы Наурызбай Байқадамов қайырымдылық көмекті реттейтін баптағы қайталауды сынға алып, олимпиадалық емес спорт түрлерінің заңнан түсіп қалу себебін нақтылауды сұрады. Бұл – заңнамалық нақтылық пен әділдік қағидатын сақтау қажеттігінен туындаған сұрақ еді.

Сенатор Айгүл Қапбарова спорт саласындағы сапасыз басқару, нәтижесіз қаржыландыру, спорттық медицинаның әлсіздігі сияқты жүйелік проблемаға тоқталды. Ол заңның қабылдануы – Президент тапсырмасына негізделген стратегиялық реформа екенін атады.

Қазақстандық спорт – бюджеттің сүлігі

Қазақстанда 100-ге жуық кәсіби спорт клубы тіркелгенімен, олардың басым бөлігі дербес қаржыландыру көзіне ие емес, жергілікті әкімдіктер мен квазимемлекеттік ұйымдардың қаржысынан тәуелді. Бұл жағдай еліміздегі спорттың даму моделінің әлі де мемлекеттік қолдауға тәуелді екенін көрсетеді.

2020-2023 жылдар аралығында Қазақстан құрамасы түрлі спорт түрлерінен 300-ден астам шетелдік спортшыны өз қатарына қосты. Олардың көпшілігі футбол, хоккей, баскетбол, волейбол, күрес және ауыр атлетика сынды спорт түрінде өнер көрсетеді. Премьер-лигада жыл сайын 60-тан астам шетелдік футболшы ойнайды. Спорт министрлігінің мәліметі бойынша, кейбір спорт түрлерінде ұлттық құраманың 40-60 пайызы шетелдік спортшылардан тұрған-ды. Бұл өз кезегінде ішкі спорт резервінің әлсіреуіне әкеліп соғатыны анық.

Мәжіліс депутаты Нартай Сарсенгалиевтің 2022 жылғы мәліметіне сүйенсек, «Astana Qazaqstan Team» велокомандасының жылдық шығыны 4 миллиард теңгені, «Астана» футбол клубының шығыны 4,8 миллиард теңгені, ал баскетбол клубының шығыны 1,2 миллиард теңгені құраған. 2023 жылы бұл көрсеткіштер өсіп, велокомандаға 6 миллиард теңге, футбол клубына 5,3 миллиард теңге, баскетбол клубына 1,3 миллиард теңге бөлінді. 2022 жылы «Барыс» хоккей клубын ұстауға 8 миллиард теңге жұмсалса, бір жылдан кейін квазимемлекеттік сектордан бөлінетін қаржы 8,5 миллиард теңгеге жетті. Алайда, ҚХЛ-дің 2022-2023 жылғы маусымында «Барыс» 22 команданың арасында 20-орынды иеленсе, 2023-2024 жылғы маусымда 22-орынға тұрақтады. Бюджеттің қомақтылығына қарамастан, команданың көрсеткіші көңіл көншітпейді.

Шетелдік легионерлердің жалақысы да айтарлықтай жоғары. Олардың жалақысы 200 мыңнан 1 млн долларға дейін жеткен. Sports.ru дерегіне сәйкес, «Барыста» ойнаған Никита Михаилис пен Линден Вей жылына 200-500 мың доллар аралығында табыс тапқан. «Астана» футбол клубы 2018-2023 жылдары 50 миллиард теңге қаржы жұмсады. Бірақ осы уақыт ішінде клуб өз академиясы мен инфрақұрылымын дамытпай, тек алаңдар мен ғимараттарды жалға алуға 1,4 миллиард теңге шығындады.

Олимпиадалық спорт түрлерінде де шетелдік спортшылардың санының көп болуы отандық спорттың өркендеуіне кедергі келтірері анық. Зүлфия Чиншанло, Майя Манеза, Светлана Подобедова сынды Олимпиада чемпиондары елге қаншалықты пайда әкелді? Қазір олар қайда жүргені белгісіз. Олар чемпиондық үшін берілген сыйақыны алып, өз жолымен кетті.

Спорт және дене шынықтыру істері комитеті төрағасының орынбасары Нұрлан Есембаев:

– Соңғы мәліметтер бойынша командалық ойын клубтарында 200-ден астам шетелдік спортшы бар. Жаңа заң негізінде оларды қаржыландыру көзі тек инвесторлар мен демеушілер тарапынан ғана жүргізіледі. Ұлттық құрама сапында легионерлер жоқ, – деді.

Спорт менеджменті саласының профессоры Динара Садықованың пікірінше, бюджеттік қаржыландыру елдің даму басымдықтарын көрсетеді. Егер легионерлерге көп қаржы бөлінсе, ішкі спорт мектебінің дамуы тежеледі. Спорт шолушысы Есей Жеңісұлы легионерлердің көптігі ұлттық құраманың әлсіреуіне әкелетінін және жеңістің тек өз спортшысымен келгенде ғана маңызды болатынын атап өтті. MMA спортшысы Қуат Хамитов өз спортшысын даярлай алмаған мемлекетті әлсіз деп есептейді.

Демек, легионерлерге бюджет есебінен шектеу қою – орынды талап және жүйелі реформаның бастамасы. Ендігі кезекте бұқаралық және жоғары жетістіктер спортына бөлінетін қаржыны тиімді пайдаланып, ұлттық кадрлар даярлауға және ішкі спорт инфрақұрылымын қолдауға бағытталған қадамдар жасалуы қажет.

P.S. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев спорт саласын түбегейлі қайта қарау қажеттігін бірнеше рет атап өткен болатын. Бұл заң – сол саяси еріктің нақты заңнамалық жалғасы. Спорт арқылы ұлттық имиджді нығайту, жастарды тәрбиелеу және денсаулық сақтау саласын қолдау – бұл құжаттың астарындағы негізгі стратегиялық идеялар.

Нұрлат БАЙГЕНЖЕ

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button