Елорда тынысы

Спорт пен қайырымдылық ұштасты

Елорда төріндегі Есіл өзенінде қысқы қармақпен спорттық балық аулаудан Астана қаласының чемпионаты өтті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz

Дүбірлі дода тек мықты балықшыларды анықтап қана қоймай, игілікті іске де мұрындық болды.

Астана қаласының Спорттық балық аулау федерациясы ұйымдастырған бұл жарысқа елорданың ең тәжірибелі спортшылары мен әуесқой балықшылары жиналды. Турнирдің жоғары деңгейде өтуін Бақытжан Әділбеков бастаған кәсіби төрешілер алқасы қадағалап, әділдік пен ашықтықты қамтамасыз етті.

Бірнеше кезеңнен тұрған тартысты жарыстың қорытындысы бойынша ең көп олжа салған мерген балықшылар анықталды:

І орын — Абай Мұқанов;

ІІ орын — Антон Родионов;

ІІІ орын — Амангелді Салықов.

Ал «Big Fish» (ең ірі балық) номинациясы бойынша Вячеслав Байгужин оқ бойы озық шығып, арнайы жүлдені иеленді. Жеңімпаздарға федерация атынан кубоктар, медальдар мен бағалы грамоталар табыс етілді.

Биылғы чемпионаттың басты ерекшелігі – оның әлеуметтік маңызында. Жарыс барысында ауланған барлық балық жануарларға арналған баспанаға өткізілді. Бұл игі бастаманы федерацияның жастар қанаты саналатын «Добро рулит» клубының еріктілері жүзеге асырды.

Бұдан бөлек, еріктілер жарыс аясында аз қамтылған отбасыларға азық-түлік себеттерін таратып, спорттық шараны нағыз қайырымдылық мейрамына айналдырды.

Осылайша, Есіл жағасындағы бұл турнир салауатты өмір салтын насихаттап қана қоймай, қоғамдағы өзара көмек пен мейірімділік құндылықтарын тағы бір мәрте паш етті.

 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button