Спорт мектебінде жаңа Конституция жобасына арналған жиын өтті

Бүгін Астана қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасына қарасты №1 балалар мен жасөспірімдердің мамандандырылған олимпиадалық резерв спорт мектебінде Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы жобасына арналған ақпараттық-танымдық жиын өтті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Жиынға арнайы спикер ретінде Астана қаласы мәслихаты VIII сайланымының депутаты Лория Давид Григорьевич қатысты. Кездесу барысында ол Конституция жобасына енгізіліп отырған негізгі өзгерістерге жан-жақты тоқталып, бұл бастамалардың елдегі саяси жүйені жетілдіруге, әділетті қоғам құруға және азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды күшейтуге бағытталғанын атап өтті.
Іс-шараның негізгі мақсаты — ұсынылып отырған конституциялық өзгерістер мен толықтырулардың мәні мен маңызын түсіндіру, балалар мен жасөспірімдердің құқықтық сауаттылығын арттыру, сондай-ақ олардың азаматтық ұстанымын қалыптастыру.
Сонымен қатар, спикер мемлекеттік басқару жүйесіндегі жаңашылдықтар, заң үстемдігі қағидаттарын нығайту, халық пен билік арасындағы ашықтық пен өзара жауапкершілікті арттыру мәселелеріне ерекше назар аударды. Жиын қатысушылары тақырып аясында сұрақтар қойып, өз пікірлерін білдірді.



