Сотталғандарға арналған семинар

«Заң мен тәртіп» қағидаты аясында елордалық Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері бұрын есірткі қылмыстары үшін сотталған азаматтарға ақпараттық-оқыту семинарын өткізді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Іс-шара ҚР ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің Астана қаласы бойынша департаментіне қарасты №3 мекемеде ұйымдастырылды.
Семинар нашақорлық пен есірткі бизнесіне қарсы күрес жөніндегі Кешенді жоспарды және «Астана – есірткісіз қала» акциясын жүзеге асыру аясында өтті.
Астана қалалық Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл жөніндегі ведомствоаралық үйлестіру және профилактика бөлімінің бастығы, ведомствоаралық комиссияның хатшысы, полиция подполковнигі Әлия Қибатқызының айтуынша, бұл шара түрлі мамандардың ортақ мақсат – нашақорлық пен есірткі қылмысына қарсы күрес жолында бірлескен жұмысының көрінісі болды.
«Біз бұл жерге тәуелділікті емдеу және алдын алу бойынша маманданған аддиктологтарды, нарколог-дәрігерді, психологты шақырдық. Нарколог есірткіні қолданудың салдары туралы айтып береді, ал мен есірткі қылмыстары үшін қарастырылған қылмыстық жауапкершілік жөнінде түсіндіремін. Психолог бұрын сотталғандармен де, қылмыстық-атқару жүйесі қызметкерлерімен де тренингтер өткізеді», – деді ол.



