Солженицын. Қашқын. Прокурор Күлтәй жеңеше
Әкім Таразидың астары қалың бір әңгімесін қайта оқығанда...
Жазушы Әкім Таразидың «Күлтәй жеңешем мен Александр Солженицын» деген әңгімесін оқыған адам бәрібір бірдеңе айтқысы келмей, жазғысы келмей тұра алмайды.
Автор 1950 жылдары Қазақстанға жер аударылып, үш жыл өмірін лагерьде өткізген, одан кейінгі үш жылында Жамбыл облысына қарасты сол кездегі Көктерек ауданының алыс бір ауылында математика пәнінен сабақ берген, кейін сол түрме лагеріндегі тіршілік туралы ең алғаш «Иван Денисовичтің бір күні» атты әңгіме жазып атағы шыққан, одан соң КСРО-дағы саяси репрессия туралы «ГУЛАГ архипелагы» деген романымен дүние жүзіне әйгілі болған қаламгер Александр Солженицынның Совет Одағында он миллион данамен тарайтын газетте «орыс елін көркейту туралы» ойлары баяндалған мақаласында Совет Одағының тарайтынын айта келіп, Одақ құрамындағы әрбір халықтарға көзқарасын білдіргені туралы баяндайды. Сонда ол кейбіреуін бостандық сүйгіш деп дәріптесе, кейбірін орыс халқына пайдасыз ғып көрсетіп, ең соңында қазақтар туралы «Бұлар адамзаттың қас жауы, атқа мінген қазақ, атының тұяғы жеткен жердің бәрін өз жерім деп санайды» деп қатты шүйлігеді.
«Күндердің күнінде, менің құрдасым Сәкен Жүнісов Жазушылар одағында кездесіп: «Әй, Әкім, оқыдың ба?» деді. «Нені?» дедім. «Анау Солженицын деген қазақты масқара қылыпты ғой, – деді. – Мен оны дуэльге шақырам, іздеп барам, әкең… – деп қатал-қатал сөздер айтты. – Атып тастаймын мен оны барып!» деді» дейді Тарази.
Әрі қарай Солженицынның қазақ даласында қалай өмір сүргені, балаларына азық апара жатқан әйелді өлтіріп, бидайын тартып алғаны, кейін оның қылмыскер екенін білсе де аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы кеңшілік жасағаны туралы баяндайды.
«Қарағым, қайтесің, өзі жалғыз орыс болса, бүкіл аудан жабылып, сол жалғыз саяси айдауда жүрген орыстан көрді деген сөзге қаламыз ғой. Босатып жібер, енді қоя ғой, – деп маған жалынғандай болды» дейді жазушының прокурор жеңешесі Күлтәй. Міне, сол Солженицын қазақ туралы жоғарыдағы сөзді айтады. Автор алабота жеген түйедей дөңбекшіген алабөтен күйін жаза отырып, талай сырды суыртпақтайды. Өлген әкесінің құшағында қалған екі жасар Қалихан досының ауыр жағдайын баяндайды. Шын мәнінде, ол жалғыз Қалиханның емес, жалпақ қазақтың басындағы ауыр трагедия еді. Мұның барлығы, әрине, ауқымды әңгіме. Біз оның бәрін өзге мақаламызда кеңінен айтқан болатынбыз. Қазір тақырыпқа орай осы хикаяттың соңғы бөліміне ғана тоқталғанды жөн санадық.
***
Айтқалы отырғанымыз шығармада Күлтәй жеңешенің тағы бір оқиғасы бар.
«Жамбыл облысының Көктерек ауданында прокурор болған, жаңа түскен келін кезі. Прокурор ол кезде форма киетін. Погон сияқты иығында, жағасында оқалы алтынды-күмісті белгілері болатын. Сол Күлтәй жеңешемнің өзі туралы айтатын бір күлкілі жағдайы бар. Аудан орталығы шағын ғана село, ол кездегі аты – Фурмановка, қазіргі аты – Бірлік. Сол Фурмановкадан, қазынаның үйінен таңертеңгі сағат жеті-сегіздерде шығып, мекемесіне қарай жаяу өтеді екен. Жол бойында ешкімге қарамайды, ешкіммен сөйлесіп, тоқтап тұруға қақысы жоқ, себебі бүкіл бір ауданның прокуроры! Басына іс түсіп жататын адамдар көп. Біреу біреуге тәуелді, әсіресе, заң қызметкерлеріне жұрттың бәрі үрке қарайды, шоши қарайды. Себебі отыз жетінші жылдың қара дауылы қайта соға бастаған. Ызғар. Қатал ызғар ел ішін елеңдетіп тұр. Сотталушылар көп. Нақақ кетіп жатқандар көп. Күн көсемнің тірі кезі» дейді автор.
«…Бір күні бір үйдің есігінің алдынан өтіп келе жатса, бес-алты кемпір отыр екен, біреуі Күлтәй жеңешеме:
– Әй, бала, тоқта! – депті. Бұл кісі «әй» деген сөзді ұнатпаса да тоқтайды. Үлкен кісілер ғой деп, қазақпын ғой деп.
– Сен, өзің неге сонша қайқаңдап бара жатырсың? – депті әлгілердің біреуі.
– Әрі өтесің, бері өтесің. Біз осы жерде отырмыз. Сәлем беру жоқ сенде. Біз, мынау отырғандар, Қапалдың кемпірлеріміз. Сен біздің келінімізсің. Неге сәлем бермейсің? депті».
Қапал деген – Күлтәй келін болып түскен рудың үлкен бір атасы. Кемпірлер соны меңзеп отыр.
«Сіздер менің прокурор екенімді біліп тұрсыздар. Себебі менің мынау оқалы жағамда белгі бар, – депті. – Ал мен сіздердің Қапал атаның кемпірі екендеріңізді қайдан білем?! Маңдайларыңызда «Мынау Қапалдың келіні!» деген жазу жоқ қой, – депті». Бұл Күлтәй жеңешенің сөз тапқаны ғой, әйтпесе мұның келін болып үлкендерге сәлем бергенін үкімет ұнатпайды. Ескілік санайды. Ал Күлтәйдің «үлкен кісілер ғой деп, қазақпын ғой деп» тоқтауы ішкі ерегестің кішкентай көрінісі еді.
Енді автордың Күлтәй жеңешесінің басынан өткен негізгі оқиғаға келейік. Облыс орталығы – Жамбыл қаласында үлкен бір жиналыс өтіп, сол жиналыста «Көктерек ауданында Отанын сатқан біреу қашып жүр. Ол туралы біздің аудандық прокурор ештеңе білмейді» деген қатаң сөгіс алған Күлтәй астына ат мініп қашқынды іздеуге шығады. Айдарлы деген ауылға келіп колхоз бастығының үйіне түседі. Жан-жақтан жеткен сыбыстың бірі: «Ауыл шетінде, оңашада, жалғыз үй тұрады. Сол үй күдікті көрінеді, – дейді. – Бес-алты баласы бар жалғыз әйел тұрушы еді, сол әйел колхоздың сиыр қорасы жағына жиі-жиі түнде барып-келіп жүреді» дейді.
Сонымен, қасына екі-үш жігіт куәгер ертіп алып, Күлтәй жеңешем күндіз де, түнде де қараңғы болып тұратын, ұзыннан-ұзақ терезесі жоқ сиыр қораға лампы шаммен кіреді. Қораның ең түкпірінде бүрісіп, екі тізесіне басын тығып алып, бір адам, шынында, селкілдеп отыр екен. Ұстап алып келеді. Сол ауылда, колхоз бастығының кеңсесінде отырып, жалғыз өзі сұрақ алады. «Шығыстан батысқа кетіп бара жатқан әскери составтардың біреуінен түсіп қалғаным рас, – депті. – Шуға келдім, ыстық су алайын деп едім, пойыз жүріп кетті. Содан кейін мен жақын жердегі ауылыма барайын, бір-екі күн болайын. Содан кейін қайтып келіп, Шудан қайтадан басқа составтармен кетермін деп ойлап едім. Бірақ болмады, балаларымның ең кішкентайы дімкәс еді. Соған қамқорлық жасауым керек болды. Сөйтіп жүргенде, мен туралы сыбыс тарап кеткенін естідім. Әйелім айтты: «Қашқындарды аямайды, ұстаған жерде тік тұрғызып қойып атып тастайды деді. Сонымен, қашқын болып жүргенім рас, қарағым. Енді өзің біл, атам десең ат, мінеки, бас, міне, мойын!» деп айтады қашқын жігіт». Сатқын, қашқын деп облыс дүрлігіп жүрген қазақтың бар бейнесі осы еді.
«Сонымен, өзім ұстаған кісіні, өзім енді аудан орталығына апаруым керек болды, – дейді Күлтәй жеңешем. Күлтәй жеңешем, дегенмен, қанша оқа жағалы болғанмен, әйел емес пе, ауылдан айдап шыққан тұтқынды жұрт көзі көрінбейтін жерге барғанда, атына мінгізіп, өзі жаяу жүріп, атты жетектеп алады. Оған тұтқын келіспейді. «Қарағым, мені атқа мінгізбе, өзің сөзге қаласың, ұятқа қаласың, қызметіңнен айырылып қаласың!» дейді. Жеңешем көнбейді. Сөйтіп келе жатқанда, бұлардың алдынан ағысы қатты үлкен тоған шығады. Тоғаннан жаяу адам өте алмайды, су екпінді, ағызып кетеді. Тек қана атпен өтуге болады. Жеңешем тұтқынға:
– Қайын аға, мына атқа сіз мініп алдымен өтіңіз, содан кейін атты маған қарай жіберіңіз, – дейді.
Анау көнбейді.
– Бірақ мен енді сізді өткізе алмаймын ғой, – дейді бұл.
Сонымен, ұзын шылбырды жеңешем қолына ұстатып, бергі бетте тұрады. Тұтқын атпен жалдап, тоғанның арғы бетіне өтеді.
…Сол кезде барып, есіме түсті, ойпырай, мына кісі қазір атқа мініп шаба жөнелсе, мен масқара болдым ғой деп ойладым! – дейді.
«Сөйтіп тұрғанда, менің қолымнан шылбыр сусып шығып, тоғанның суымен жыланша сызып барып… Бұл көзі бақырайып тұрғанда, тоғанның арғы бетіндегі қашқын аттың шылбырын қысқартып алып, тізгінін тарта ұстап, үзеңгіге аяғын салады… жеңешем кескен теректей құлап түседі. «Енді мен біттім, құрыдым, енді мен «Жас коммунист Жәлімбетова Күлтәй Отанын сатқан қашқынды өз қолынан босатып жіберді» деген масқараға қалдым. Енді мен партиядан шығамын, енді мен сотталамын! Оның бәрін қойшы, енді бүкіл Совет Одағының газеттері жазатын болды ғой: «Қазақ әйелі сатқындық жасады» деп».
Аз жатқан көп жатқанын білмейді. Бір кезде есін жиып, енді қайтадан жүрелей отырып, оң қолымен жер тіреп көтерілгісі келген екен, оң жақ иығына әлгі адамның қолы тигенін байқады.
– Қарағым, келін, тұр! – дейді қашқын. – Міне, мынау атың. Кел, міне ғой, қарағым. Әлгінде байқадым, анау жарты шақырымдай жерде өткел бар екен. Сол өткелден айналып сенің қасыңа келдім, қарағым. Мә!». Есімізде болуы керек, бұл таңғажайып оқиға. Біреу жай қарар, біреу түсіне қоймас, мән де бермес, бірақ бұл талайды таңғалдырар оқиға. Бірін-бірі танымайтын қашқын мен тергеушінің бір-біріне осыншалық жанашыр болып, бір-бірінің жағдайын осыншалық түсініп, аттарын да атаспай иен далада бір-бірін «қайын аға», «келін» десіп, арадағы жалғыз атты тоғанға кезек салып судан өтуі… қазаққа ғана тән оқиға десек артық бола қоймас, иә! Еш артықтығы жоқ!
Екеуі бірі атпен, бірі өткелден жаяулап тоғаннан өтеді. Содан кейінгі жағдай.
«Ол бергі бетке өтті, тоғанның батыс жағына қарай. Келді де:
– Ал, қарағым, мінеки, – деп екі қолын созып тұр. Қайтадан матап байла дегендей! Сол кезде мен ол кісіге айқайлап жіберіппін:
– Қарабет, қашқын, Отанын сатқан қашқын! Түс, алдыма! – деппін.
Ол үн-түнсіз. Басы салбырап кеткен, алдымда жүріп келеді. Жүріп келе жатып теңселіп кетеді, біресе сол жағына қисаяды. Әлде бірдеңеден сүрініп кеткендей, алдына қарай еңкеңдеп барып, шайқала әрең тұрып қалады». Сөйтіп, аш-арық тұтқын жүруге әлі келмей құлап түседі. Енді оны Күлтәй атқа салады. Әуреге түсіп әрең салады. Әлі келмей, жылап жүріп салады. «Жарықтық, жылқы баласы ақылды ғой, шіркін! Жануар, қасыма келіп басын салбыратып тұр, тұрған жері – ойпаң» деп қояды Күлтәй арасында.
«Жарты сағат жүрдім бе, бір сағат жүрдім бе, бір кезде тұтқын есін жинап алды.
– Қарағым, мен түсейін аттан. Сен өзің мін, – дейді.
– Жоқ, – дедім.
– Ендеше, қарағым, сен ер-тоқымға отыр. Мен сенің артыңа мінгесейін, – деді тұтқын».
Өзі өлім халінде келе жатып, алты баласы мен жары шиқылдап артта қалып, өзін алда ауыр жаза күтіп тұрғанын біліп келе жатып, «мені атқа мінгізгенің үшін үкіметтен сөз естисің ғой, қарағым-ау» деп өзін тұтқындап келе жатқан әйелге жанашырлықпен қараған қандай биік кісілік дейсіз! Кімнің қолынан келеді осы ерлік? Өзеннің арғы жағында да, бергі жағында да қашып кетуге мүмкіндігі бола тұра, «Сен сөзге қаласың ғой, қарағым» деп, байлауға қолын ұсыну… қай еркектің қолынан келмек? Дәл қазір, осы күнде?.. Өздерін кешегі қазақтан мәдениетті санап жүрген, білімді, білікті санап жүрген бүгінгі қазақтың қай жігіті осы тұтқынның, осы жалаң аяғы домбығып ісіп кеткен, өлім халінде келе жатып осындай кісілік биіктігінен бір мысқал түспеген осы қазақтың ерлігін істей алады? Қайталамақ түгіл, түсінуге, түйсінуге рухани қауқарлары жете ме?.. Міне, сұрақ! Міне, жауап! Жоқ. Гуманизмнің шыңы!
Енді Күлтәй жеңешенің, қазақ қызының, қазақ әйелінің мына сөзін қараңыз!
«Атқа міне қоймадыңыз ба? – деп қалжыңдадым жеңешеме.
– Әй, Әкім-ай, қарағым-ай, – деді Күлтәй жеңешем. – Әкем қазақ, шешем қазақ емес пе? Мен қазақтың келіні, қазақтың қызы емеспін бе? Қалай мен еркек адаммен бір атқа мінгесіп келе жатам? Ол байғұстың басы сылқ ете қалады, кеудесіне түсіп кетеді. Сонда мен оны құшақтап алам ба? Жоқ, қарағым, қой ондайды! – деп маған, осы авторға ежірейе қарайды».
Бұған не айтамыз? Не айтамыз емес, не айта аламыз? Осындай халде, осындай жағдайда қазақ әйелі, аналарымыз осылай істеген дегенде көзінен от жарқ етіп: «Неткен арлылық! Неткен тазалық! Еркекті әйел қалай құрметтеген?! Әйелді еркек қалай аялаған?!» деп орнынан атып тұрар, оларға сүйіне тамсанып, іштей болса да құрмет қылар жаңа өркен – жастар бар ма? Иығын екі толғап, аузын қисайтса, ернін шығарып қана қоймай, «Неткен сорлылық» десе қайттік? Ақиқатында, біз ондай кісіліктің бойымыздан табылуы түгіл, оны түсінуден, түйсінуден қалып бара жатқан, адамдықтан, адамгершіліктен өзге құндылықтардың құрдымына құлап бара жатқан ұрпақпыз ба? Бәлкім…
Ал оларды, тұтқын мен Күлтәйды, бірін қашқын, бірін тергеуші қылған – қоғам, үрей. Күлтәй да қазақтың келіні секілді кемпірлерге сәлем бергісі келеді, үрей сәлем салғызбайды – үкімет жақтырмайды. Ауру баласының қасында бір-екі күн болғысы келген қазақты жібере салғысы келеді – үрей, үрейлі үкімет жібертпейді. Күлтәй оны өзі де айтады: «Аудан орталығы көрінген кезде мен жүрісімді жайлаттым. Қараңғы түссе екен дедім. Мен мынау қашқынды атқа мінгізіп алып, өзім жаяу келе жатсам, қаңқу сөзге қалам ғой. Себебі ондайды кешірмейді. Қашқынды атына мінгізіп, өзі жаяу келді деген сөз ертең, ел құлағы елу, бастықтарға жетсе, олар мені аямайды ғой».
Міне, адам ретінде, қазақ ретінде, қазақ әйелі, қазақ қызы ретінде жүрегі қалап істегісі келген әр ісінің алдында осындай үрей тұрды. Өйткені автор жоғарыда айтқандай «Отыз жетінші жылдың қара дауылы қайта соға бастаған. Ызғар. Қатал ызғар ел ішін елеңдетіп тұр. Сотталушылар көп. Нақақ кетіп жатқандар көп. Күн көсемнің тірі кезі».
Сол үрей аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Тілеубердинге «Қарағым, қайтесің, орыс қой, жібере сал» дегізеді. Сол үрей бүкіл аудан бойынша екі-ақ орыс бола тұра, соның бірі адам өлтірген бола тұра, оны босаттырып жібергізеді. Сол үрей пойыздан қалып қап, ауру баласына бола отбасына келген жазықсыз қазақты ақыры өлтіріп тындырады. «Тұтқынды НКВД-ға да, Ішкі істер министрлігінің аудандық бөліміне де берген жоқпын. Білемін ғой, әй-шәйға қарамайды, тепкілеп ұрып тастайды, өлтіріп тастайды. Сонымен, қазір есімде жоқ, толық төрт дәптер ме екен, әлгі кісінің барлық жауабын жазып, хаттап, енді аудандық түрмеге апарайын деп қарасам, жарықтық, дүниеден өтіп кеткен екен. Қылжиып, кабинеттің бұрышында отыр екен. Мойыны былқ-сылқ етеді» деп еске алады Күлтәй. «Қашқынды ұстаған жас прокурор» деген шағын мақала шықты облыстық газетте. Мен енді, шынымды айтайын, оған мақтанғам жоқ. Себебі ол менің қолымда өліп кеткеніне, шын мәнінде, қатты күйіндім» деп күрсінеді Күлтәй.
Сол аласапыран замандағы қазақтың жан дауысы, қазақ болмысының шырқыраған құлын дауысы жазушы жанын жаншып өтеді. Соның бәрін жүрегінен өткізе отырып, асықпай, аптықпай, айқайламай, аттандамай отырып-ақ осылай жеткізіпті. Осылай…
Ұларбек НҰРҒАЛЫМҰЛЫ,
ақын, жазушы, сценарист



