Соғылды соңғы қоңырау

Елімізде 34 аптаға созылған оқу жылы аяқталды. Биылғы оқу жылында республика бойынша 3,9 млн бала, оның ішінде Астана қаласында 288 531 оқушы білім алды. Елордада 14 274 мектеп түлегі білім ошағымен қоштасып, оның 444-і «Алтын белгі» иегері атанды. Айтулы күнге орай бас қаланың орта білім беру ұйымдарында «Білімім – Отаныма!» тақырыбында бірыңғай сынып сағаттары өтті.
Жыл қорытындысы жемісті
Мерекелік жиынның бірі елорданың №104 орта мектебінде ұйымдастырылып, оған Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев пен қалалық Білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазыев қатысты. Іс-шарада сөз алған министр 2024-2025 оқу жылының қорытындыларымен бөлісті.
– Мемлекет басшысының бастамасымен елімізде бір жыл ішінде рекордтық көрсеткіште 257 жаңа мектеп ашылды. Олардың қатарында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынған алғашқы заманауи білім ордалары да бар. Оқушыларымыз халықаралық білім додаларында 362 медаль иеленіп, оның 41-і алтын медаль болды. Астаналық 10-сынып оқушысы Нұргүл Егенбергенова Азия физика олимпиадасының ең үздік қатысушысы атанды. Өзге де өңір оқушылары жетістіктерімен тәнті етті. Барлық жетістік – отандық білім беру жүйесіндегі жүйелі реформалар мен қажырлы еңбектің жемісі. Әсіресе академиялық біліммен қатар, шәкірттерге ұлттық құндылықтарды дарытып, олардың саналы азамат болып қалыптасуында өлшеусіз үлесі бар ұстаздардың еңбегі ерекше атауға тұрарлық, – деді министр.
Астана қаласы Білім басқармасының мәліметінше, қаладағы мемлекеттік 115 мектепте 236 956 оқушы, жекеменшік 74 мектепте – 45 014, республикалық 7 мектепте 6561 оқушы білім алды. 9-сыныпты 24 479 оқушы аяқтады. Сондай-ақ мектеп түлектерінің 1087-сі – үздік аттестатқа үміткер.
«Мектеп – тек білім ордасы ғана емес, ол – тұлға ретінде қалыптасудың, алғашқы арман мен үміттің, достық пен табандылықтың мекені. Осы жылдар ішінде әр оқушы білім алып қана қоймай, өмірге деген көзқарасын қалыптастырып, алдыға биік мақсат қойды. Ендігі кезекте түлектеріміз үлкен өмірге қадам басқалы тұр. Бұл жолда сенімділік, еңбекқорлық, табандылық пен білім ең басты серік болмақ. Әрқайсысының бойында еліміздің болашағына үлес қосатын әлеует бар. Мектеп түлектері ата-аналар мен ұстаздардың сенімін ақтап, ел үмітін арқалайтын азаматтар боларына сенемін» деді қалалық басқарма басшысы Қ.Сенғазыұлы.
2024-2025 оқу жылының қорытындысы бойынша елордадағы 32 техникалық және кәсіптік білім беру ұйымын (оның ішінде 9 – мемлекеттік, 23 – жекеменшік) 11 646 түлек тәмамдады. Оның 6 814-і – мемлекеттік тапсырыс негізінде, 4 832-сі ақылы негізде білім алған.
Жұмысшы мамандықтары жылында жалпы білім беретін мектептердің 10-11-сынып оқушыларына арналған эксперименттік білім беру бағдарламасы аяқталып, оның аясында 155 түлекке біліктілік бойынша диплом табысталды. Олардың қатарында автомобиль жөндеу слесарі – 27, аспазшы – 48, тігінші 9 және электргазымен дәнекерлеуші 71 жоғары сынып оқушысы оқуларын бітірді.
Ал бүгін Оқу-ағарту министрлігінің бекіткен жоспарына сәйкес орта білім беру ұйымдарында мектеп түлектеріне арналған «Мектебім, саған мың алғыс!» атты салтанатты жиын өткізіледі. Аталған іс-шара «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасының құндылықтарына негізделіп, оқушылардың азаматтық ұстанымын қалыптастыруға бағытталады. Сынып сағаттары аясында оқушылар «Таза Қазақстан», «Заң және тәртіп», «Адал азамат» бағыттарында эссе жазады. Сонымен қатар, жазғы демалыс кезінде оқуға ұсынылатын кітаптар тізімі беріліп, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, демалысты алдын ала жоспарлау, қосымша білім беру ұйымдарына қатысудың маңызы мен еңбек дағдыларын қалыптастыру бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізіледі.
Жазғы демалыс қалай өтеді?
Енді оқушылар 3 айғы демалыстарын қалай тиімді өткізбек? Жыл сайын жаз қызығын төл мерекелерімен бастайтын өрендер үшін биылғы лагерлердің жұмысы 2 маусымнан басталғалы отыр. Жазғы каникулда бала келер оқу жылына күш жинайды. Бұл уақытты да баланың тиімді пайдалануын ескеріп, жазғы демалысты олардың танымы мен дене тәрбиесіне оң әсерін тигізетіндей қылып ұйымдастыру қажет. Бұған жазғы демалыс лагерлерінің әсері мол. Сонымен, елордалық өрендер үшін биылғы демалыс қандай болмақ?
Жазғы демалыс кезеңінде Астана қаласы бойынша 1-10 сынып аралығындағы 210 мыңнан астам оқушыны, оның ішінде халықтың әлеуметтік осал санатындағы 11 мыңнан астам баланы қамту жоспарланған. Білім беру ұйымдарының жанынан бірнеше лагерлер ашылады. Олардың қатарындағы 92 мектеп жанындағы лагерьге 55 200 оқушы, 192 бейінді лагерьге – 11 520 оқушы, 10 тақырыптық жобаға 142 298 оқушы және 1 қала сыртындағы лагерьге 1 400 бала бармақ. Қала сыртындағы сауықтыру лагерьлеріне жергілікті бюджеттен қаражат бөлініп, 4 мыңнан астам бала жіберіледі.
Жаздың алғашқы күні мен халықаралық Балаларды қорғау күніне орай Ақмола облысы Ақкөл ауданында орналасқан «Барап» балалар спорттық-сауықтыру орталығы ресми түрде ашылады. Бұл орталық бір ауысымда 200 балаға, жазғы маусымда жалпы 1 400 балаға тиімді демалыс ұйымдастыруды көздеп отыр.
Сонымен қатар, елордадағы 13 қосымша білім беру ұйымының базасында тақырыптық күндізгі лагерлер мен қолданбалы өнер, шет тілдері және жүзу бағыттары бойынша қысқа мерзімді үйірмелер жұмыс істейтін болады.
Балалардың демалыс кезеңіндегі қауіпсіздігі – басты назарда. Осыған орай білім беру ұйымдарының басшыларымен бірлесіп, Полиция, Төтенше жағдайлар департаменті, Санитарлық-эпидемиологиялық қызмет және Қоғамдық денсаулық сақтау басқармалары өкілдерінің қатысуымен нұсқамалар, семинарлар және түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Әрбір ұйымға қауіпсіздік техникасы туралы жадынамалар таратылды.
Бетті дайындаған
Индира Бержанова