Сөзі мен ісі үйлескен

Жуырда белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Оразкүл Асанғазықызының «Отбасы берекесі» деген кітабы қолыма түсті. Оразкүл қарындасымызды бұрыннан жақсы танитынмын. Оның жас кезінен ел басқару қызметіне араласып, мектепте мұғалім, мектеп директоры болып еңбек еткенінен, аудан, облыс көлемінде басшылық қызмет атқарғанынан, іскер басшы бола білуінің арқасында Қазақстанның Жоғарғы Кеңесіне депутат болып сайланғанынан, ал тәуелсіздік жылдарында Оразкүлдің астанамызда аудан әкімінің орынбасары, қалалық Тіл басқармасының басшысы, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты ретінде үнемі абырой биігінде жүргенінен хабардармын.
Және бір сүйсінерлігі ұзақ жылдар бойы осындай жауапты мемлекеттік қызметтерді еңсерумен бірге Оразкүл – сөз жүзінде де, іс жүзінде де ұлт қамын бірінші орынға қойып, бойындағы бүкіл күш-жігерін сол бағытта еңбек етуге арнаған қайраткер. Бұған мысалдарды көптеп келтіруге болады. Әсіресе елордада қызметке араласа бастаған кезде қазақтың тілі, салт-дәстүрі мәселелері алдынан кесе-көлденеңдеп шыға берді. Бұрынғы қызметінің бәрі қазақы ортада өткендіктен, қазақ пен қазақтың орысша сөйлесуі, тілге, ділге мән бермеу тәрізді мінездер өте сирек болғандықтан, ондай өрескелдіктерге бұған дейін онша мән бермей келген екен. Ал мұнда аяқ басқан сайын кездесе берген ахуалға көзі де, өзі де үйрене алмай қиналғаны бар. Ақыры осы қиналу оны ұлттық тәрбиеге баса мән беру керектігін қайта-қайта қозғап, биік мінбелерден сөз сөйлесе де, мақала жазса да, кітап шығарса да осы өткір мәселені жалықпай айта беретін әдетке алып келді.
Әрине, қоғамда ұлттың салт-дәстүрі, тілі мен ділі мықтап орнығуы үшін біріншіден, орта керек, екіншіден, уақыт керек, үшіншіден, зиялы қауымның қалыптасуы қажет. Содан соң осы істі жүзеге асыра алатын, ұйымдастыра білетін, табандап тұрып, дегеніне жеткізе алатын қабілетті кісі де керек. Сол таңдау – Оразкүл Асанғазыға түсті. Астана қаласы Тілдерді дамыту басқармасының басшысы болып еңбек еткен жылдарында Оразкүл қазақ тілінің, қазақы жөн-жоралғылардың дамуына қатысты талай игілікті істердің ұйытқысы болды.
О.Асанғазықызы бір сөзінде «қазақтың байырғы, баянды, ғасырдан-ғасырға үзілмей келе жатқан мәдениеті – бүкіл қазақстандықтарды біріктіре алатын мәдениет. Біз қайда бірігеміз десек, ұлттық құндылықтарымыздың, қазақ мәдениетінің айналасына бірігуіміз керек» деген еді.
Оразкүл Парламент Мәжілісінде де белсенді депутаттардың бірі болды. Мәжілістің жалпы отырыстарында да, билік орындарына депутаттық сауал жолдауда да, журналистермен сұхбат кезінде де айтатын әңгімесі халқына қатысты зәру мәселелер еді. Әсіресе ел арасында шағын мемлекет аталып кеткен отбасы жағдайы, халықтың әлеуметтік тұрмысы, тілі, ділі, діні төңірегіндегі түйткілді мәселелерге жиі тоқталып, тиісті органдарға, жұртшылыққа қозғау салып отырды.
Оразкүл Асанғазы қазаққа қатысты зәру мәселелерді бүгінгі күні де жалықпай айтумен келеді. Мысалы, бұдан бұрын бұл тақырыптар автордың «Керегем саған айтам» (1995), «Ұлт мерейі» (2012), «Ұлт тұмары» (2015) тағы басқа кітаптарында көрініс тапқан болса, биылғы жылы Алматы қаласындағы «Қазына» баспасынан жарық көрген, мақаламыздың басында айтылған «Отбасы берекесі» жинағында одан әрі жан-жақты қамтылады. Атап айтқанда, бұл кітапта жастар үшін отбасы құрудың алғышарттары, шаңырақ шаттығын сақтаудың амалдары мен жас ұрпақ тәрбиесі тақырыптары ұлттық құндылықтарымызға, салт-дәстүріміз бен заман қажеттілігіне сай жазылған.
«Отан отбасынан басталады», «Отбасы берекесі – махаббатта», «Ел бүгіншіл, менікі ертең үшін…» деп аталатын үш бөлімнен тұратын кітаптың алғы сөзінде автор: «Қазақтың әрбір отбасы тату-тәтті, берекелі де, бақытты ғұмыр кешсе екен деген Аналық тілекпен осы кітабымды халқымыздың болашақ жас отбасылары мен келешек ұрпағына арнаймын!» деген ақ тілегін жеткізіпті.
Отбасының ең маңызды қызметтерінің бірі – жас жеткіншекті тәрбиелеу міндеті, оны қоғамдық тәрбиенің ең тиімді деген жүйесі де алмастыра алмайды. Оның негізгісі – баланы өмірге келтіру ғана емес, сонымен бірге оған әлеуметтік-мәдени ортаның құндылығын сіңіру, аға ұрпақтың өнегесін жас ұрпақтың бойына дарыту әке-шешенің ең маңызды борышы. Ата- ананың, басқа да отбасы мүшелерінің өмір сүру тәжірибесі, жүріс-тұрысы, өз міндеттерін адал атқаруы, бір-бірін құрметтеуі – бәрі де үлкен мектеп, тәрбиелік мәселе.
Кітап бөлімдеріндегі тақырыптармен танысудан-ақ шығарманың өзектілігін айқын аңғаруға болады. «Біз кімбіз? Не үшін жаралдық?», «Отбасын құру – жауапкершілік», «Өтейбойдақ өнегесі», «Тектілік дегеніміз не?», «Үйді пеш емес, махаббат жылытады», «Келіні жақсы үйдің керегесі алтын» немесе «Баланы құрсақтан тәрбиелеу», «Перзент – Алланың аманаты», «Қарты бар үй – қазыналы», «Жан мен тән тәрбиесі» және басқа да әрбір тақырып адамды ойға жетелеп, әрі қарай не айтты екен дегендей қызығушылық тудырады.
Кітаптың негізгі мазмұны жас ұрпақ тәрбиесіне құрылып, автордың өнегелі ойлармен оқырманды жетелеп отыруына Оразкүл Асанғазықызының біраз жылдар ұстаздық, педагогтық қызмет атқаруы да, бұл бағыттағы өмірлік тәжірибесі де әсерін тигізген-ау деп пайымдаймын. Өйткені өзім де осы саланың маманы болғандықтан, кітаппен танысу барысында Оразкүлдің сөз саптауынан, жазу стилінен нағыз педагогке тән қасиеттерді аңғарғандай болдым. Бұл ретте автордың өз отбасының өнегелі жағдайынан келтірілген мысалдары үлгі тұтарлық.
Кітаппен танысу барысында автордың өзі баяндап отырған ой мен білімнің барлығын діни ілімдерден, ғылыми теориялардан, ғұламалардың сөздерінен, заманауи психологиядан, қазақтың салт-санасына кереғар келмейтін бастаулардан алғанын аңғардық.
Осы кітапты жазудағы мақсаты жөнінде Оразкүл былай дейді: «Менің жалғыз ниетім – елімізде ұлттық құндылықты сақтайтын, тарихымызды, тілімізді, дәстүрімізді ұмытпайтын ұрпақ көбейіп, олардың береке-бірлігі жарасқан отбасын құруы. Ел алдында жүріп, бірнеше жыл қатарынан «Отбасы берекесі» атты дәрісімді өткізе келе халқыма айтарымды қағазға түсіруді жөн деп білдім. Осы жазғанымды оқырманым түсініп, көкірегіне түйіп, ұрпағына жеткізсе екен деген ниет-тілек білдіремін!»
Өз тарапымыздан айтарымыз, «Жақсы кітап – жан азығы» дегендей, әдемі безендіріліп, 3000 дана таралыммен жарық көріп, оқырман көзайымына айналған, тәрбиелік мәні зор бұл туынды өнегелі ұрпақтың өсіп-жетілуіне үлес қосады деген ойдамыз.
Өмірзақ ОЗҒАНБАЕВ,
«Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігі Орталық кеңесі
төрағасының бірінші орынбасары,
тарих ғылымдарының докторы, профессор