«Сөз шебері» анықталды

Елордалық М. Өтемісұлы атындағы Оқушылар сарайында «СӨЗ ШЕБЕРІ» қалалық шығармашылық жүргізушілер байқауы өтті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
Бұл байқау оқушылардың сөйлеу мәдениетін дамыту, көпшілік алдында еркін сөйлеуге үйрету және медиа мен коммуникация саласына қызығушылық танытқан жастарды қолдау мақсатында ұйымдастырылды.
Конкурсқа қатысу үшін 57 өтінім қабылданған. Алдын ала іріктеу кезеңінен кейін 21 қатысушы финалға жолдама алды. Байқау үш кезеңдерден тұрды. Бірінші айналымда қатысушылар 1 минуттың ішінде өз-өзін таныстыруы керек болса, екінші кезеңде қатысушыларға бейнеролик фрагменті ұсынылады. Оқушылар 30 секунд ішінде дыбыссыз бейнені дыбыстап, тапқырлық қабілеттерін танытты. Үшінші кезеңде үстел үстінде жатқан арнайы қағаздарды жеребе арқылы таңдап, сол мезетте іркіліссіз мәтін құрап, сөз саптаудан кім үздік екенін сарапқа салды.
«Сөз шебері – 2025» байқауының негізгі міндеті — медиа, журналистика, теледидар және мәдени-бұқаралық шараларға қызығушылық танытқан балаларды анықтап, олардың алғашқы қадамын қолдауға бағытталған.
«Қолдаушысы болмаса, Құлагер де озбайды. Біз де бала күнімізде осындай сахнадан бастағанбыз. Қазақ телевизиясының құрамы келешекте осы бүлдіршіндермен толығады» дейді қазылар алқасының құрамында болған «Qazaqstan» телеарнасының арнайы тілшісі Азамат Бейбітұлы.
Байқау қатысушылары үшін бұл тек сайыс емес, өзін-өзі ашу алаңы болды. Жастардың ойлау мәдениеті, сахнадағы еркіндігі, сөйлеген сөздің табиғилығы – олардың болашақта үлкен сахна, үлкен аудитория алдында сенімді боларына дәлел.
Байқау қорытындысы бойынша, 3-ші орынды шейх тәмим бен Хамад әл-тәни атындағы №85 мектеп-лицей оқушысы Аружан Изатулла, №60 мектеп лицейдің оқушысы Ерназар Алинур, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы №48 мектеп лицейден Ринат Абдижапаров, Шейха Халифа бен Заида Аль-Нахаяна атындағы №84 мектеп лицей Адия Русланова, №101 орта мектеп Еркежан Сембаева, Ф. Оңғарсынова атындағы №77 мектеп-гимназия Жанару Даулетова иемденді. Ал 2-орынды №6 гимназия оқушысы Клобук Богдан, №8 мектеп-лицейінен келген оқушы Айымжан Шынболат, Қасым Қайсенов атындағы №27 мектеп-лицейінің оқушысы Ульяна Горбенко, Кәрім Мыңбаев атындағы №59 мектеп-лицейінің оқушысы Ерасыл Қадірқұл жеңіп алды. 1-орынды Б.Момышұлы атындағы №53 мектеп-лицейінің оқушысы Еркеназ Абдығаппар және М.Мақатаев атындағы №74 мектеп-гимназиясының оқушысы Аружан Бақытжанова иемденсе, байқауда ең үздік танылған Райымбек батыр атындағы №50 «Қазғарыш» мектеп-лицейінің оқушысы Пак Тимур бас жүлде иегері атанды.



