Сөз мәдениетінің майталманы

Қазақ тіл білімі деп аталатын іргелі ғылымның ілгері дамуына өлшеусіз үлес қосып келе жатқан көрнекті тілші-ғалымдардың бірі – филология ғылымдарының докторы, профессор Нұргелді Уәлиев.
Ғалым шығармашылығының шеңбері кең, әрі әр алуан екенін ғылыми жұртшылық жақсы біледі. Атап айтсақ, академик Ісмет Кеңесбаевтың аспиранты ретінде тіл білімінің күрделі салаларының бірі – фразеологиядан басталған зерттеушілік ізденістері тіл мәдениеті, лексикология, лексикография, орфография т.б. салаларға ұласқанын жарияланған монографиялық еңбектері мен зерттеу мақалаларынан аңғару қиынға соқпайды.
«Сүйікті іс – сүйкімді келеді» дегендей, бұл мақаламызда профессордың өткен ғасырдың сексенінші жылдарынан бастап күшін сарп етіп зерттеген сала — сөз мәдениетіне ерекше тоқталғанды жөн көрдік. Оның өзіндік себебі де жоқ емес.
Жалпы, тіл білімінде «тіл мәдениеті» мен «сөз мәдениеті» терминдері жарысып, бірінің орнына бірі қолдана беретіні белгілі еді.
«Тіл мәдениеті» мен «сөз мәдениеті» ұғымдарының мазмұнында, қарастыратын мәселелерінде ұқсастықпен қатар, айырмашылықтар бар екенін қарастырған әлемдік тілі біліміндегі тұжырымдарды алға тарта отырып, жаңаша зерделеуді қолға алған профессор Нұргелді Уәлиев болатын.
Ғалым тіл және сөз мәдениетін айырмашылығын, оның коммуникативтік, прагматикалық, лингвокогнитивтік, лингвоэкологиялық, этикалық аспектілерін, сонымен қатар ғылыми-теориялық негіздерін ұсынған еді.
Академик Рабиға Сыздық ғалымның «Сөз мәдениеті» кітабына жазған Алғы сөзінде «…ал біз оның дәл осы кітаптағы қолданысы жайына келсек, «сөз мәдениеті» дегенді «сөйлеу», яғни «тілді жұмсау» (пайдалану) тәртібі (дұрыстығы, мәдениеті) деп танимыз. Демек, бұл жердегі «сөз» – орысша «речь» дегеннің баламасы. Ал соңғы термин «тілдің қолданыстағы көрінісі» дегенді білдіретіні мәлім. Әдетте, біздің бұл ғылымның саласын атауда «тіл мәдениеті» деген тіркес жиі қолданылып жүр. Бірақ мазмұнға сай дәлірегі, дұрысы – «сөз мәдениеті» атап көрсетіп, сөз мәдениеті дегеніміз – сөздерді дұрыс, орнымен қолдану (лексикалық), дұрыс құрастыру (синтаксистік), дұрыс қиюластыру (морфологиялық), дұрыс дыбыстау (орфоэпиялық), сауатты жазу (орфографиялық), тілді әсерлі етіп жұмсау (лингвостилистикалық) нормаларын ұстану, орнықтыру, жетілдіру. Осылардың бәрін қосып, сөз мәдениеті деген ғылым-таным саласын «ортология» деп атаушылық бар, яғни ортология – сөздің дұрыстығы туралы ілім» дегені ғалымның көзқарасының дұрыс екендігін көрсетеді.
Сөз мәдениетін одан әрі індете зерттеу нәтижесінде профессор монографиялық еңбек жариялайды. Бұл ауқымды еңбекте қазақ сөз мәдениеті тілдік аспектімен қатар, коммуникативтік-прагматикалық , когнитивтік және лингвомәдениеттік, этикалық және лингво-экологиялық тұрғыдан қарастырылып, қазақ сөзінің коммуникативтік сапаларын объективті түрде анықтаудың және тілдік нормаларды кодификациялаудың теориялық негіздерін құрайтын концепциялық тұжырымдар ұсынылған. Тілдік тұлға сөз мәдениетінің іргелі түпқазық ұғымы ретінде қарастырылып, оның сөзі вербалды және когнитивтік әрекеттердің нәтижесі, тілдік және тілдік емес білімдер жүйесінің когнитивтік құрылымы ретінде зерттелгенін, әрі құнды еңбек сала мамандарының ғана емес, бұқаралық-ақпарат құралдары өкілдерінің де кәдесіне жарайтынын екпін түсіре айтсақ, артық болмасы анық.
Сөз мәдениетін орта білім беретін ұйымдарда қалыптастыру мақсатында оқулықтардың алар орны ерекше екені белгілі. Осы тұрғыдан келгенде, профессордың жалпы білім беретін мектептің қоғамдық-гуманитарлық бағытындағы 10-сыныбына арналған «Сөз мәдениеті» оқулығының арқалаған жүгін айтпай кетпеске болмас.
Сөз мәдениетінің өнегелі өрнегін көрсету – әдеби тіл нормасына сай, әрбір сөзді дұрыс қолдануға оқушылар мектеп партасынан бастап машықтанғаны дұрыс болар еді. Оқулықта оқушылар сөз байлығы, сөз бедері, т.б. сөз мәдениетіне қойылатын негізгі талаптармен танысу мүмкіндігі қарастырылып, қазақ тілінің әлеуметтік-тұрмыстық қатынастағы қызмет ету ерекшелігі сөз мәдениеті түрғысынан талданып берілгенін аңғаруға болады.
Жалпы, ғалымның жазған еңбектері санымен емес, сапалығымен өлшенетіні белгілі. Сапа өлшемшарты ретінде ғалымның зерттеу жұмыстарының елге тигізер нақты нәтижесі не екен деп сұрастырылып жататыны бар. Осы жағынан келгенде, профессор Нұргелді Уәлиевтің монографиялық еңбектерінің, ғылыми зерттеулерінің, оқулықтары мен сөздіктерінің құндылығы әр адамның кәдесіне жарап, сөз мәдениетін қалыптастыруға қызмет етуінде десек, артық айтпаған болар едік.
Сондықтан да, ғылыми жұртшылық профессор Нұргелді Мақажанұлын сөз мәдениетінің майталманы деп орынды мақтан етеді.
Профессор зерделі зерттеуші болумен қатар, ғылымды ұтымды ұйымдастырушылардың бірі болғанын да айтқанымыз абзал. Өткен ғасырдың жетпісінші-сексенінші жылдары Тіл білімі институтын академик Әбдуали Қайдаров басқарып, академик Шора Сарыбаев директордың орынбасары болып, Қайдаров-Сарыбаев тандемі істің көзін тауып, институт іргелі зерттеулерді игеріп, институт ғалымдары биік жетістіктерге қол жеткізгені ел есінде. Осындай толағай табысқа Көбей Хусайынов пен Нұргелді Уәлиев тандемі тұсында да қол жеткізілгенін, ғалымдардың ғылыми жобалары жүлде алып, монографиялық еңбектері марапаттарға малынып, көп томдық сөздіктері институтты бедел биігіне көтергенін ғылыми жұртшылық әлі де айтудан жалыққан емес.
Бүгінгі күнгі Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының жас басшыларына, шәкірттеріне, талантты жастарға ақыл-кеңесін беріп, институттың абызы атанып отырған Нұргелді Мақажанұлын 80 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймыз.
Кәрімбек ҚҰРМАНӘЛИЕВ,
Президент жанындағы
Ұлттық ғылым академиясы
Директорлар кеңесінің тәуелсіз директоры, академик



