Мәдениет

Сөнбес рух – өлмес есім

Кеше елордада көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, ақын, жазушы, драматург, халық композиторы Сәкен Сейфуллиннің атылған күніне орай «Сөнбес рух – өлмес есім» атты еске алу іс-шарасы өтті. Жиналғандар тұлға ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, ол жайында деректі фильмді тамашалады. 

Сәкен Сейфуллин музейі ұйымдастырған тағзым іс-шарасын аталмыш мәдени ошақ директоры, тарих ғылымдарының докторы Марат Әбсеметов ашып, Сәкеннің қазақ тарихында алатын орнына тоқталды. Мемлекет және қоғам қайраткері Оралбай Әбдікәрімов Сәкен Сейфуллиннің өмір жолы, елдік мұраты туралы айтып өтті.

Елордадағы Сәкен Сейфуллин музейінің тұңғыш директоры Роза Асылбекова осы музей тарихына тоқталып, Сәкен өз кезінде Ақмоланы ел астанасына лайық көрген адамдардың бірі болғанын, оның арманы түптің түбінде орындалғанын атап өтті. Бұл қаламен Сәкеннің өмірі өте тығыз байланысты екенін, оның іздері кешегі Ақмола, бүгінгі Астанада сайрап жатқанын жеткізді. Мәселен, қазіргі Жамбыл Жабаев атындағы №4 мектеп-гимназияда орыс тілінен сабақ бергенін, патша өкіметі құлағанда бүгіндері көпес Кубриннің үйі аталатын тарихи ғимараттың балконынан сөз сөйлегенін, басқа да деректерге тоқталды.

Көрнекті ақын, халық­аралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Серік Тұрғынбекұлы бір мүшелдей уақыт осы музейді басқарды. Ол сол кезең туралы әңгімелеп, күрделі жөндеу жұмыс­тарын жасатқанын, Сәкен тұлғасы туралы поэма, драма жазғанын еске алды. Сәкен Сейфуллиннің нағашы қарындасы Асылгүл Әбішқызы тұлғаны ұлықтау туралы айтты. Қазақстанда Сәкеннің аты берілген 33 мектеп барын атап өтті. Сондай-ақ елордадағы С.Сейфуллин атындағы №80 мектеп-гимназия директоры Гүлдерай Майқанова, Астананың іргесіндегі Қарағанды облысы Нұра ауданы Ахмет ауылындағы Сәкеннің аты берілген мектеп директоры Атымтай Балабиев Сәкеннің осы мектепте сабақ бергеніне биыл 110 жыл толатынын, осыны атап өтуге білім ошағы дайындықты бастағанын жеткізді.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Ұқсас жаңалықтар
Close
Back to top button