Елорда тынысы

Скандинавиялық таяқпен жүруге арналған тегін жаттығулар басталады

Елорда тұрғындары мен қонақтары үшін 6 тамыз бен 5 қазан аралығында қаланың әртүрлі ауданында таза ауада скандинавиялық жүріске арналған тегін жаттығулар ұйымдастырылады. Жоба халық арасында салауатты өмір салтын насихаттауға және тұрақты дене белсенділігіне жағдай жасауға бағытталған, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, қатысуға ниетті кез келген адам жасына немесе дайындық деңгейіне қарамастан қатыса алады.

«Бүгінде спортқа көңіл бөлетін қала тұрғындарының қатары артып келеді, ал скандинавиялық жүріс қолжетімділігі мен денсаулыққа пайдасының арқасында ең танымал бағыттардың біріне айналуда. Екі ай бойы қатысушылар таза ауада тегін жаттыға алады. Тіркеу талап етілмейді, ал әр қатысушыға скандинавиялық жүріске арналған таяқтар беріледі.

Бұл жоба көтеріңкі көңіл-күй, жаңа таныстық пен салауатты өмір салтына сенімді қадам сыйлайды деп үміттенеміз», — деді Астана қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз хатшысы Мадина Айтқалиева.

Жаттығулар апта сайын сәрсенбі, жұма және жексенбі күндері сағат 19:00-ден 20:00-ге дейін өтеді.

Баспасөз хатшысының айтуынша, қатысу тегін, алдын ала тіркеу қажет емес. Жаттығу орнына келген қатысушыларды инструктор қарсы алып, жүріс техникасын меңгеруге көмектесіп, топты белгіленген бағыт бойынша бастап жүреді.

Жаттығу өтетін орындар:

• Сарыарқа ауданы – «Йога» саябағы, Мәмбетов көшесі, 1 (жиналу орны: Бейбітшілік және Бұқарбай батыр көшелерінің қиылысы)

• Есіл ауданы – «Жетісу» саябағы (жиналу орны: Шарын шатқалы маңында)

• Нұра ауданы – Орталық қалалық саябақ (жиналу орны: шаңғы-роллер жолы)

• Алматы ауданы – «Жерұйық» саябағы (Момышұлы көшесі жағынан кіреберіс); Триатлон саябағы (жиналу орны: көпір жағындағы полиция пункті)

• Сарайшық ауданы – Президенттік саябақ (жиналу орны: Ахмет Байтұрсынұлы көшесі, 1Б)

Астана қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасының ресми сайтынан және Спорттық-бұқаралық іс-шаралар дирекциясының әлеуметтік желідегі парақшаларынан толық ақпарат пен өзекті кестемен танысуға болады.

Қосымша сұрақтар бойынша колл-орталық нөмірі: +7 747 095 78 62.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button