Шындықты ашқан шеге

Бір ғана мысал еді бұл. Қайбір жылдары республика бойынша Үкімет қыруар қаржы бөліп, әсіресе, ауылдық жерлерде жаңа мектеп, дәрігерлік амбулатория, Мәдениет үйі мен клубтарды жаңартуға кірісті. Әрі бұл жақсы үрдіс әлі тоқтай қойған жоқ. Әлеуметтік ғимараттардан мәселе туындаған елді мекендерде мұндай құрылыстар кезең-кезеңімен жүруде.
Айтпағымыз ол емес. Сондай құрылыс, дұрысы, мектеп салу кезіндегі түрлі құйтырқы еді. Расымен, мен білетін сол мектеп салынғанына жыл толмай жатып сыр берген. Қатты желден әуелі шатыры ұшты. Бір жауған нөсерден соң іргетасы сөгілді. Шындығында, қиюластыра өрген кірпіштердің арасында жарықшақ пайда болған. Жаңа мектеп қабырғасының жырым-жырым болып бөлінуі цемент құрамының аздығынан екенін анық көрсетті.
Иә, сол мектеп салынып жатқан тұста жергілікті тұрғындар «қарық» болғандай. Бюджеттен бөлінген миллиондарға алынған құрылыс заттары оларға арзан бағамен сатылды. Сатты. Яғни ұрлап сатты. Ақ каскалы әлдебір бригадир арзан бағамен ауылдағыларға цемент, кірпіш, еден тақтайларын, түрлі бояу құйылған қалбырларды пұлдап, ақшасын өз басына жаратқан еді. Тіпті шегеге дейін келілеп сатып, теңгеге айналдырған. Оны мектеп құрылысының сапасы емес, қу құлқыны қатты ойландырғандай.
Ал ауыл тұрғындары ше? «Өз балаларымыз оқитын мектеп еді» деп олар алаңдады ма? Жоқ! Бәрі бірдей емес шығар, бірақ көпшілігі арзанға келген дүниені сатып алуға құмартқаны да рас…
Былтыр 128 қылмыс анықталды
Біздегі түсінік осы. «Бәрі де жеп жатыр ғой». Ал әркім өзіне келгенде жемқорлық дертінен неге бойын алыстатпайды? Бір ғана мысал, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Астана қаласы бойынша департаменті сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты іске асыру және заң бұзушылықтарды анықтау бағытында көп қылмысты анықтап отыр. Айталық, былтыр Астанада 128 қылмыстық іс тіркелген. Оның ішінде 93-і – сыбайлас жемқорлық сипатындағы қылмыс. Мұнымен қатар қызметтік өкілетті теріс пайдалану (17 қылмыс), пара алу және беру (63 қылмыс), сеніп тапсырған бөтен мүлікті иемдену немесе алаяқтық (10 қылмыс) бар.
«Сыбайлас жемқорлық қылмыстарының санаттары бойынша айтар болсақ, 6 аса ауыр қылмыс, 68 ауыр қылмыс, 11 орташа ауырлықтағы және 8 шағын ауырлықтағы қылмыс тіркеліп отыр. Сыбайлас жемқорлық қылмыстарының негізгі үлесі парақорлыққа тиесілі, яғни 67,7%-ды құраған. Бұдан бөлек, лауазымдық өкілетін теріс пайдалану 18,2%, бюджет қаражатын жемқорлау және алаяқтық 10,7% көрсеткішті көрсетіп отыр. Жалпы ең көп тіркелген қылмыс білім беру саласы, инфрақұрылым, экология, жер қатынастары, денсаулық сақтау, энергетика және спорт саласында болып тұр» дейді елордалық департаментке қарасты превенция басқармасының басшысы Рустам Садвокасов.
Оның айтуынша, сыбайлас жемқорлыққа бейім құрылымдар арасында жергілікті атқарушы органдар мен ведомстволық бағынысты мекемелердің қызметкері көп. Сондай-ақ ішкі істер органдарының қызметкерлері де жемқорлыққа жол бермеуден «мүдіріп» тұр.
Жалпы бүгінге дейін сотқа 97 қылмыстық іс жолданса, сотталған адам саны – 57. Сонымен қатар мемлекетке келтірілген шығынды өндіру мақсатында бюджетке 458,2 млн теңге өтелген.
«Астана қаласында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бағытындағы жұмыс қылмыстық-құқықтық шаралармен ғана шектелмей, алдын алу, қоғаммен өзара іс-қимыл жасау және мәдениет қалыптастыру бағытында да жүйелі түрде жүзеге асуда. Бұл – азаматтардың құқықтық сауатын арттыру мен мемлекеттік басқару жүйесіндегі ашықтықты қамтамасыз етудің маңызды факторы» дейді Р.Садвокасов.
Биыл бірінші тоқсанда 35 қылмыстық іс тіркеліпті. Әдетте, мұның ішінде де қызмет өкілетін теріс пайдалану, пара беру немесе алу, бөтен мүлікті иелену сияқты факторлар бар. Сондай-ақ ең көп сыбайластық тіркелген сала – білім беру.
Сыбайластықты әшкерелесеңіз, сыйақы бар
Біле жүретін бір мәлімет бар. Астана қаласында пара алу немесе беру фактілеріне куә болған азаматтарға сыйақы төлеу жүйесі қалыптасқан. Бұл – сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің маңызды құрамдас бөлігі. Әрі мұндай шара азаматтарды белсенділікке ынталандырып, сыбайлас жемқорлықты анықтаудағы рөлін арттырмақ.
«Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі белгілеген ережелерге сәйкес, сыбайлас жемқорлық фактілері туралы хабарлаған азаматтарға пара сомасының 10%-ына дейін, бірақ 4000 АЕК-тен аспайтын мөлшерде сыйақы төленеді. 2025 жылы 1 АЕК шамамен 3932 теңге болған жағдайда, сыйақының максималды мөлшері 15728000 теңгеге дейін жетуі мүмкін. Бұл жүйе азаматтардың құқық қорғау органдарына көмектесуін ынталандырады. Мысалы, өткен жылы Астана қаласында сыбайлас жемқорлық фактілері туралы хабарлаған азаматтардың көмегімен 6 адам сотталды. Бұл азаматтарға көрсеткен белсенді азаматтық ұстанымы үшін жалпы сомасы 7731640 теңге көлемінде сыйақы төленді. Екіншіден, сыбайлас жемқорлық туралы хабарлаған тұлғалардың құпиялылығы заңмен толық қорғалады.
Олар тәртіптік жазаға тартылмайды, жұмыстан шығарылмайды және басқа лауазымға заңсыз ауыстырылмайды. Сонымен қатар олардың физикалық қауіпсіздігі мен еңбек құқығы толық сақталады. Мұндай мәліметтерді жария ету қылмыстық жауапкершілікке әкеледі» дейді превенция басқармасы басшысының орынбасары Диас Қозыбаев.
Бүгінде елордада сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында бірқатар жүйелі ақпараттық-түсіндірме шаралары жүруде. Мемлекеттік және квазимемлекеттік мекемелерде қызметкерлерге арнап арнайы семинар, құқықтық тренинг ұйымдастырылып келеді. Әр салада жадынама таратылып, қызмет көрсету үдерісінің ашықтығы түсіндіріледі. Сонымен қатар халықпен кері байланыс орнату үшін қоғамдық қабылдау, ашық есік күні, «Адалдық сағаты» сынды іс-шаралар өтеді. Цифрлық сервистер мен автоматтандырылған жүйе арқылы адам факторы азайып, пара алу тәуекелі төмендеуде. Сондай-ақ 1424 call-орталығы, Antikor порталы арқылы азаматтар жасырын түрде жемқорлық фактісі туралы мәлімдей алады.
Мақала басында айтқан мысалға қайта оралсақ. Расымен, бір мектепке бөлінген мүлікті талан-таражға салу сол ғимараттың ғұмырын ұзаққа апармайтыны белгілі. Аз қамтылған құрылыс материалы мектеп салушы мердігердің абыройын төккендей. Сатылған шегенің соңы шатырдың ұшуымен аяқталып отырғаны да сол емес пе? Демек, әр адам сыбайластықты болдырмауда өз басының адалдығын алға қоюы тиіс. Шындығы да осы!
Ержан ҚОЖАС