Шын хакім, сөзің асыл – баға жетпес…

Астана қаласы әкімдігінің «Орталықтандырылған кітапханалар жүйесі» мен AMANAT партиясы Алматы аудандық филиалының қолдауымен Қаламгерлер аллеясында қазақ руханиятының темірқазығы, ұлы ойшыл Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған «Шын хакім, сөзің асыл – баға жетпес» атты әдеби-шығармашылық кеш өтті.
Дана ақынның рухани мұрасын ұлықтаған кешке Астана қаласының зиялы қауым өкілдері, ақын-жазушылар, әдебиетсүйер қауым және Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының мүшелері қатысты. Қатысушылар қатарында Қазақстан Жазушылар одағы Астана қалалық филиалының төрағасы, ақын Бауыржан Бабажанұлы және белгілі ақындар Мақпал Мыса мен Батырболат Айтболатұлы болды. Олар Абай мұрасының қазақ руханиятындағы орны, қазіргі ұрпаққа берер өнегесі жайлы жүрекжарды пікірлерімен бөлісті.
Іс-шараны жас домбырашылар «Алаш аманаты» күйімен ашты, одан кейін кеш ақынның өлеңдерін оқумен жалғасты. Шамамен 40 бала Абайдың шығармалары мен әйгілі қара сөздерін жатқа оқыды. Сондай-ақ кеш аясында арнайы ұйымдастырылған «Шын хакім, сөзің асыл – баға жетпес…» атты кітап көрмесіне библиографиялық шолу жасалды. Сонымен қатар «Абай – руханияттың алтын қазығы» атты әдістемелік-
библиографиялық көрсеткіш көпшілік назарына ұсынылды.
Бұдан бөлек ақынның балалық шағынан сыр шертетін театрландырылған көрініс қойылып, көрермен қауымды әсерге бөледі. Абайдың жүрекке жетер өлеңдері мен ғибратты қара сөздері оқылып, әндері әуелесе, енді бір жағында ұлы ақын сүйіп ойнаған тоғызқұмалақ ойыны да балалар арасында ұйымдастырылып, ұлттық мұраны жаңғыртудың жарқын үлгісі көрсетілді. Сондай-ақ, «Қара шаңырақ» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен балаларға арналған боямақпен шеберлік сағаты өтті.
– Ұлттың ұлы ұстазы – Абай Құнанбайұлы – қазақ руханиятының темірқазығы, мәңгілік шырағы. Оның қалдырған мұрасы – тек әдеби байлық қана емес, рухани бағдар, өмірлік мектеп. Абайдың қара сөздері – терең ойдың, биік парасаттың, адами құндылықтың айнасы. Ол өз заманының ғана емес, бүгінгі һәм келер ұрпақтың да мұратын межелеп берген кемеңгер тұлға. Ұлы ақынның сөзімен айтқанда, «ақырын жүріп, анық басқан» ұрпақ – елдің ертеңі, ұлттың болашағы. Сондықтан біз Абайды оқып қана қоймай, түсініп, бойға сіңіріп, өмірлік ұстанымға айналдыруымыз қажет. Бүгінгі кеш – соның айқын дәлелі. Біздің мақсат – Абайды насихаттау арқылы жас ұрпақтың бойына ұлтқа деген сүйіспеншілік пен рухани жауапкершілік дәнін егу. Абай – біз үшін өткеннің ғана емес, болашақтың да шамшырағы, – деді Астана қаласы Орталықтандырылған кітапханалар жүйесі директорының орынбасары Манат Керімбекова.
Іс-шара соңында кітап көрмесі таныстырылып, тоғызқұмалақ ойынының жеңімпаздары марапатталып, қатысушылар Абайдың «Көзімнің қарасы» әнімен тағылымды кешті түйіндеді.
Шапағат ӘБДІР