Мәдениет

Шымнан шуақ шашқан күн

Қазан айының алғашқы күндері елорда тұрғындары үшін ерекше театр апталығы болды. Шымкент қаласынан арнайы келген Жұмат Шанин атындағы академиялық қазақ драма театры «Шымнан шуақ» атты гастрольдік сапар аясында астаналық көрермендерге үш бірдей қойылым ұсынды. Театр ұжымы Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театры сахнасында жазушы Сәбит Мұқановтың «Мөлдір махаббат» драмасын, Назерке Құмарғалиеваның бүлдіршіндерге арналған «Есте сақта, балақай!» танымдық-интеллектуалды спектаклін және башқұрт жазушысы Айгиз Баймұхаметовтың жүрек тебіренткен «Тастамашы, ана!» драмасын көрермен назарына ұсынды.

– «Шымнан шуақ» гастрольдік сапары аясында 5 қалаға бардық. Павлодар қаласынан басталған сапарымыз, өзіміздің ұлы ұстазымыз, театр өнерінің негізін қалаған Жұмат Шаниннің туған жері Баянауылда жалғасты. Ұлы ақынымыз Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына орай Семей қаласына да арнайы барып ақынның «Желсіз түнде жарық ай» әдеби музыкалық толғауын, Айгиз Баймұхаметовтің «Тастамашы, ана!» драмасын сахналадық. Екібастұз қаласында да болып, осы спектакльдерді аншлагпен өткізіп қайттық. Осылайша, сапарымыздың соңғы аялдамасында елордамыз Астанаға тоқтадық. Мұндағы әріптес­тер құшағын ашып, шашуын шашып, ыстық ықыласпен, қазақы қонақжайлылығымен қарсы алды. Елордалықтарға екі күн қатарынан өнер көрсеттік. Алдағы уақытта да қос театр арасындағы шығармашылық байланыс арта түседі деп сенеміз, – деді Жұмат Шанин атындағы академиялық қазақ драма театрының директоры Дархан Балажанов.

Шымкент театры қойған алғашқы қойылым – «Мөлдір махаббат» драмасының авторы атақты жазушы Сәбит Мұқанов, қоюшы режиссері Ұлан Болатбек, қоюшы суретшісі – Ербол Қантураев. Махаббат атты мәңгілік тақырыпты өзегіне алған бұл туындыда қазақ халқының қилы тағдыры мен рухани жарасы көрініс табады. Басты кейіпкерлер Бүркіт пен Бәтес адал сезім жолында қоғамның қатал шындығымен бетпе-бет келеді. Сахнадағы көрініс тек махаббаттың емес, әділетсіздік пен рухани сергелдеңнің де символы іспетті. Қазақы киіз үйдің тігіліп, кейіннен құлауы – бір дәуірдің құлауын, ал оның орнынан қайта көтерілуі – жаңғыруды білдіреді. Режиссер шешімімен сахнадағы әрбір үнсіз сәт көрерменнің жүрегіне ой салып, тарих пен шындықтың терең астарын ашып берді.

Келесі қойылым – башқұрт жазушысы Айгиз Баймұхаметовтың «Тастамашы, ана!» драмасы. Қоюшы режиссері – Әли Бидахмет, қоюшы суретшісі – Ербол Қантураев. Бұл драмада жетімдер үйінде өскен балалардың тағдыры, ананың мейіріміне деген сағыныш пен үміт әсерлі баяндалады. Ильястың өмір жолы арқылы көрермен балалық пен аналық махаббат­тың шексіз құндылығын сезінеді. Әсерлі оқиға мен актерлердің шынайы ойыны, режиссердің сахналық шешімдері көпшілікті терең ойға қалдырды. Сахнадан айтылған әр сөз адамның жан дүниесіне жол тауып, «Анасы бар жан – шын бақыттың иесі. Ал біз барымызды бағалап жүрміз бе?» деген сұрақты ойға салады.

Үшінші қойылым – Назерке Құмарғалиеваның бүлдіршіндерге арналған «Есте сақта, балақай!» танымдық-интеллектуалды драмасы. Қоюшы режиссері – Еркебұлан Қабдыл, қоюшы суретшісі – Ербол Қантураев. Бұл спектакль тәрбиелік мәні зор, балалардың ой-өрісін кеңейтіп, өмірге қажетті дағдыларды үйретуге бағытталған. Автор балаларға тазалық сақтау, дұрыс тамақтану, салауатты өмір салтын ұстану, өрт және жол қауіпсіздігі ережелерін сақтау сынды маңызды тақырыптарды тартымды түрде жеткізген. Режиссер Еркебұлан Қабдыл қойылымды балабақша мен бастауыш сынып оқушыларының психологиялық ерекшеліктеріне бейімдеп, интерактивті сипатта сахналаған.

Қойылымда тазалық сақтамайтын, фастфудқа әуес Әмір есімді баланың дәрігер мен мұғалімнің кеңесінен кейін дұрыс тамақтану мен жеке гигиенаның маңызын түсінуі бейнеленеді. Сабақ үстінде телефонға беріліп, өрт қауіпсіздігін елемеген Адина есімді қыздың оқиғасы арқылы балаларға 101 нөміріне қоңырау шалу ережесі түсіндіріледі. Ал сабақтан қашып, көшеде бағдаршамға шығып кеткен Әлидің әрекеті жол ережесін сақтаудың және төтенше жағдайда 102 нөміріне хабарласудың маңызын ұғындырады. Мұның бәрі балаларға таныс өмірлік жағдайлар арқылы жеткізіліп, олардың қызығушылығын арттырды.

Жарық пен музыкалық ше­шімдер қойылымның шынайы­лығын күшейтіп, балалардың назарын толық аударды. Қорыта айтқанда, «Есте сақта, балақай!» – бүлдіршіндердің танымын кеңейтіп, өмірлік маңызды ережелерді үйрететін әсерлі әрі пайдалы спектакль. Қойылым елордалық балалардың ерекше қызығушылығын тудырып, оларды тазалық пен қауіпсіздік ережелерін есте сақтауға, салауатты өмір салтын ұстануға ынталандырды.

Шапағат ӘБДІР

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Ұқсас жаңалықтар
Close
Back to top button