Шұғыланың шуақты шағы

Тіршілік пен берекенің бастауы, адамзат бойындағы бар ізгіліктің қайнар көзі әйел-ана десек, бүгінде олар араласпаған сала қалмады. Еңбекті жанына етене тұтып, мемлекеттік қызмет саласында табысты тер төгіп жүрген қыз-келіншектер де қазақ қоғамында жетерлік. Солардың бірі – Астана қаласы Сарайшық ауданы әкімінің орынбасары, елорда әкімдігі жанындағы әйелдер істері және отбасы-демография саясаты жөніндегі комиссияның мүшесі Шұғыла Құдайберген.
Шығыс Қазақстан облысының Семей қаласында дүниеге келген Шұғыла Серікханқызы орта мектепті «Алтын белгіге» бітіреді. Жастайынан аса зерек, білімге құштар қыз асқақ арманын Астанамен астастыруды мақсат тұтып, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіне оқуға түседі. Жоғары оқу орнын «мемлекеттік және жергілікті басқару» мамандығы бойынша үздік бітірген ол бүгінде магистр дәрежесіне ие.
Алғашқы еңбек жолын студенттік жылдары сол кездегі «Нұр Отан» партиясының «Жас Отан» жастар қанаты Астана қалалық филиалында бастайды. Көп ұзамай «Жас ұлан» республикалық ұйымының Астана қаласы бойынша атқарушы хатшысы болып сайланады. Кейін қаладағы жастар мәслихатында ұйымдастыру-кадр бөліміне жетекшілік етеді.
Мемлекеттік қызметші ең бірінші адал, тындырымды және қажырлы болуы тиіс болса, бұл қасиеттер Шұғыла Серікханқызының бойында бала кезінен қалыптасқан. 2017 жылы Астана қаласының Жастар саясаты мәселелері басқармасында бас маман болып кіріскен ол алдымен «Астана қаласы әкімінің аппараты» ММ ұйымдастыру-бақылау жұмысы бөлімінің басшысы болып жұмыс істеді. 2021 жылдан бастап бас қаланың Сарыарқа, Байқоңыр аудандарында аудан әкімінің орынбасары қызметін атқарды. 2024 жылдың қараша айынан бастап қазіргі күнге дейін Астананың жаңа Сарайшық ауданында әкімнің орынбасары.
Өзіне жүктелген міндеттерді адал және жауапкершілікпен атқарып қана қоймай, кез келген күрделі мәселені кәсіби түрде орындайтын талапшыл әрі тиянақты жанның еңбегі ескерусіз қалған жоқ. ҚР Президентінің атынан, ҚР Президенті Әкімшілігінің басшысынан, Астана қаласының әкімінен және елорда тұрғындарынан алған алғыс хаттары мен кеудесінде жарқыраған «Қазақстан Тәуелсіздігіне 30 жыл», «Қазақстан халқы ассамблеясына 30 жыл», «Астана қаласы Полиция департаментіне 25 жыл» мерейтойлық медальдары – осы жылдардағы табандылығының жемісі.
– Мемлекеттік қызметке өзімді сынап көрейін деп саналы түрде келдім. Бұл қадамыма еш өкінбеймін. Осы саладағы әйелдер таңның атысы мен кештің батысына дейін ерлермен қатар иық тіресіп қызмет етеді. Одан бөлек, мемлекеттік қызметте жүрген нәзік жандарға отбасында саналы да білімді ұрпақ тәрбиелеу міндеті жүктелген. Біздің қызметіміз заңға қатаң бағынумен ғана шектелмейді, біз кез келген жағдайда тұрғындардың тілін тауып, шиеленіскен мәселелерді дер кезінде шешуге ықпал етіп, оларды түсінуге тырысуымыз керек. Өз мамандығымды жақсы көргендіктен шаршау дегенді мүлде сезбеймін, – деді ол.
Шұғыла Серікханқызы қызметте қатал әрі талапшыл басшы болғанмен, жақындарының ортасында нәзік те сүйкімді. Ұлы Абай айтқандай, «қайрат, ақыл, жүректі» бір-бірінен ажыратпай, қатар ұстап, адам үшін қызмет етуді алдыңғы орынға қойып жүр. Анасының сүтімен, әкесінің қанымен бойына біткен мақсаткерлік пен жасампаздық қуаты оның ең батыл бастамаларын жүзеге асыруға көмектесіп келеді.
Гүлбаршын ӨКЕШҚЫЗЫ



