Шомылу маусымында сақ болайық!

Елордада 1 маусымнан бастап ресми түрде шомылу маусымы ашылды. Жазғы күндердің аптабында өзен-көл жағасына барып, шомылу – тұрғындар үшін демалудың ең кең таралған тәсілі. Алайда қауіпсіздік – басты назарда.
Төтенше жағдайлар министрлігі жағажай маусымына алдын ала дайындық жүргізіп, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге күш салуда. Орталық коммуникациялар қызметінде «Шомылу маусымындағы қауіпсіздік шаралары» тақырыбында баспасөз конференциясы өтті. Шара барысында ҚР ТЖМ Азаматтық қорғаныс және әскери бөлімдер комитеті төрағасының орынбасары Ақылбек Ахметжанов маусымға дайындық барысы мен қауіпсіздік мәселелері жөнінде мәлімдеді. Оның айтуынша, биыл республика бойынша шомылуға рұқсат берілген 698 ресми орын тіркелген. Оның ішінде 458-і – жекеменшік, 227-сі – коммуналдық жағажайлар және 13-і туризм мен спорт нысандарына қарасты. Қазіргі таңда тағы 84 су айдынын ресми ету жұмыстары жүріп жатыр. Бұл жағажайлардың орналасуы мен мәртебесі жайлы ақпараттар «2ГИС» мобильді қосымшасында қолжетімді. Елорда тұрғындарына арналған 5 ресми жағажай – орталық жағажай, «Үш пескарь» (Көктал-1), «Армина», «Столичный двор» (Күйгенжар), сондай-ақ Ш.Бейсекова көшесі маңындағы коммуналдық жағажай – шомылушылар үшін қауіпсіздік талаптарына сай жабдықталған. Бұл аймақтарда құтқарушылар қызмет атқарып, қажетті белгілер орнатқан.
Су қауіпсіздігі мәселесі күн тәртібінен түспей отыр.
«2021-2024 жылдар аралығында жүргізілген кешенді профилактикалық жұмыстардың нәтижесінде суға кету жағдайы 51 пайызға азайды. Өткен шомылу маусымында Төтенше жағдайлар министрлігінің құтқарушылары патруль кезінде 258 адамды құтқарды, олардың 66-сы – балалар» деп атап өтті Ақылбек Ахметжанов.
Астана қаласындағы жедел-құтқару жасағында 70-тен астам кәсіби құтқарушы тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде. Қазіргі таңда мамандар шомылуға тыйым салынған жерлерге ескерту белгілері мен ақпарат тақталарын орнатып, профилактика жұмыстарын белсенді түрде жүргізіп жатыр. Елордадағы су айдындарында қауіпсіздік шараларын сақтау мақсатында аудан әкімдіктерімен бірлесіп, қауіпті әрі жабдықталмаған су айдындарына «Шомылуға тыйым салынады!» деген стендтер мен ескерту белгілері орнатылды. ТЖ департаментінің қызметкерлері полиция, Ұлттық гвардия, қоғамдық ұйымдар және еріктілермен бірге қаладағы су айдындары бойында күнделікті рейдтер мен патрульдер жүргізіп, тұрғындарға судағы қауіпсіздік ережелерін жеткізіп, қауіпсіздік туралы жадынамалар мен буклеттер таратуда. Есіл өзенінің арнасында әр сағат сайын су құтқарушылар катермен патрульдеуде, қауіпті учаскелерде қосымша 2 мобильді пост және қайықтар қойылған және шомылуға тыйым салынған аймақтарды бақылауда ұстайды.
Биыл ТЖМ ІІМ және Көлік министрлігімен бірлесіп, 20 мыңнан астам рейд пен патрульдік шара өткізген. Нәтижесінде су қауіпсіздігі ережелерін бұзған 761 адам ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 364-бап («Жалпы су пайдалану ережелерін бұзу»), 151 адам 412-бап («Су айдындарында қауіпсіздік ережелерін бұзу немесе орындамау») және 440-бап («Алкоголь ішімдіктерін ішу немесе қоғамдық орындарда мас күйінде жүру») бойынша жауапқа тартылған. Рұқсат етілмеген жерлерде шомылғаны үшін астаналықтарға 1 миллион теңгеге жуық айыппұл салынған.
Төтенше жағдайлар министрлігі ел азаматтары мен қонақтарын қарапайым қауіпсіздік талаптарын сақтауға шақырады:
– тек арнайы жабдықталған жағажайларда шомылу;
– мас күйінде суға түспеу;
– балаларды су маңында қараусыз қалдырмау;
– белгіленген аумақтан аспау;
– суға секіретін жердің қауіпсіз екеніне көз жеткізу.
Естеріңізде болсын: шомылу – сергіту мен демалыстың бір түрі ғана емес, қауіпсіздік талаптарын қажет ететін маңызды процесс. Сақтық – өмір кепілі.
Айнамкөз БҮРКІТХАН,
Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің студенті