Басты ақпаратСұхбат

Шетелдіктер ұлттық операға қызығады

Көрермендер халықаралық байқаулардың лауреаты, «Астана ­Опера» солисі Бейімбет Таңарықовтың ұлттық опера кейіпкерлерін халық мәнерінде орындайтынына әрдайым тәнті. Оның дауысы әр жылдары беделді шетел сахналарында шыр­қалып, театр сыншыларының жоғары бағасын алды. «Музыкальная жизнь» журналының бетінде музыкатанушы Михаил Кривицкий: «Әзімнің рөліндегі Бейімбет Таңарықовтың қатысуымен өткен көрініс­тер ерекше қасіретті әрі өткір шықты» деп жазса, музыка сыншысы Александр Матусевич «Независимая газета» басылымында қазақстандық әртістің өнер көрсетуі ешкімді бейжай қалдырмағанын атап өткен. Осынау асқақ өнерге қалай келгені және алдағы жоспары жайлы опера әншісінің өзінен сұрап білдік.

– Бейімбет Тәйкенұлы, сіз әнге бала кезіңізден әуес болған екенсіз, осы қабілетіңізді ең алғаш байқаған кім?

– Мен туып-өскен Шығыс Қазақстан облысы Марқакөл ауданына қарасты Боран ауылында ән үйірмесі болатын. Мектеп қабырғасында оқып жүргенде осы үйірмеге қатысып, білім ошағымызда өтетін кез келген іс-шаралардан, концерттерден қалмайтынбыз. Бұл сонау 1990 жылдар еді. Ұстазымыз – баяншы Жұмай ағаның ұйымдастыруымен мектептің ғана емес, ауылдағы мәдениет үйінің де сахнасына шығатынбыз. Бұдан бөлек, өнерге жақын болып өсуіме ата-анам зор әсер етті. Отбасымызда әкем де, анам да ән айтатын, оларға қарап үйдегі тоғыз бауырым және мен – барлығымыз ес білгелі домбыра шертіп, қонақтар келгенде міндетті түрде өнерімізді паш ететінбіз. Кішкентайымнан радиодан КСРО халық әртіс­тері Бибігүл Төлегенова, Ермек Серкебаев, Ришат Абдуллин, Қазақстанның халық әртісі Мүсілім Абдуллиннің орындауындағы әндерді сүйіп тыңдайтынмын. Опера өнеріне деген қызығушылығымның оянуына осы аға буынның шығармашылығы әсер еткен шығар деп ойлаймын. 1994 жылы мектепті тәмамдағаннан кейін 2 жыл Отан алдындағы әскери борышымды өтедім, одан кейін ата-анама қолғабыс етейін деп тағы 2 жылға ауылда қалдым. Музыкаға кәсіби тұрғыда бет бұрудың сәті 1999 жылы ғана түсті. Жақындарымның ақыл-кеңесімен Өскемен қаласындағы Халық әртістері ағайынды Абдуллиндер атындағы Шығыс Қазақстан өнер училищесіне «хормен дирижерлеу» кафедрасына оқуға құжат тапсырдым. Сөйтіп, 4 жыл бойы Сергей Почекиннің сыныбында білім алдым. Бізде академиялық вокал сабағы да қатар жүрді, одан бізге Вячеслав Ткач сабақ берді. Ал колледжді бітіріп Астанаға келгенімде, Қазақ ұлттық музыка академиясында «жеке ән айту» мамандығы бойынша Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, профессор Қанат Омарбаевтың сыныбында оқыдым.

– Ұстазыңыз Қанат Омарбаев сізді ең дарынды шәкірттерінің бірі деп атаған екен. Сізді ерекше жақын көруінің себебі неде?

– Мені академияға оқуға түсірген, опера әлемінің есігін ашқан адам – Қанат Нұрмұхамедұлы. Өскеменде оқып жүргенде колледжімізге Астанадан бір топ оқытушы келіп: «Елордада музыка академиясы ашылып жатыр, сіздерді сол жақта күтеміз» деп үгіт-насихат жұмысын жүргізген еді. Сол ұстаздардың қатарында Қанат Омарбаев та болды. Ол менің дауысымды тыңдады да, «Астанаға келгенде маған хабарлас» деді. Ілуде біреуге ғана берілетін мұндай тамаша мүмкіндікті мен де қалт жіберген жоқпын. Сөйтіп, арман қуып Астанаға келдім. Пойыздан түскен бойда Қанат ағаға телефон шалып: «Аға, мен келдім» деп едім, ол мені көлігімен алып кетті де, жатақханаға орналастырды, сосын «ешқандай емтихансыз қыркүйекте менің класыма келесің» деді. Оның осынау ағалық қамқорлығын ешқашан ұмытпаймын, ұстазыма әлі күнге дейін алғысымды айтамын. Қанат Нұрмұхамедұлы өзінің барлық тәжірибесін шәкірттерінің бойына сіңірді, тәлім-тәрбие берумен қатар әр оқушының қабілетін аша білді. Қанат Омарбаев – тенор дауысты әнші, ал мен оның тенор дауысты алғашқы шәкірті болдым. Бәлкім, сол себептен де мені басқаларынан ерекше көрген шығар деп ойлаймын. Ұстазымның орындаған барлық партиясын, оның ішінде Біржан, Әзім, Шеге, Понг, Гастон және басқа да бейнелерді сахнада сомдап келемін.

– Опера әншісі ретінде кә­сіби жолыңызды К.Байсейі­това атындағы опера және балет театрында бастаған екенсіз. Үлкен сахнаға алғаш шыққан сәтіңіз туралы айтып беріңізші.

– Бұл 2005 жыл болатын, ол кезде мен әлі студентпін. Қанат аға қолымнан жетектеп жүріп Шегенің партиясын жаттатқан еді. Сөйтіп ұстазымның қол­дауымен 3-курс оқып жүргенде К.Байсейітова атындағы театр сахнасында Е.Брусиловскийдің «Қыз Жібек» ұлттық операсында Шегенің партиясын орындадым. Мені алғаш рет қалың көрерменге танытқан рөл осы болды. Мұнда опера труппасының негізін қалаған көптеген сахна шеберіне қарап өстік, тәжірибе жинақтадық. Бұл театрда еңбек еткен 7 жыл ішінде өз репертуарым қалыптасты. Опера саңлақтарының ақыл-кеңесімен еңбек жолымды кішігірім партиялардан бастап, 2010 жылы алғаш рет М.Төлебаевтың «Біржан – Сара» операсында Біржанның басты партиясын шырқадым. Менің орындаған алғашқы маңызды рөлім осы болды. Сол кезде Сараның бейнесін жүзеге асырған әріптесім, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Ғалия Байғазинова маған кейіпкерімді ашуға зор қолдау көрсеткен еді. Ал 2013 жылы Қазақстан, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстаннан және басқа да шет елдерден келген 20-дан астам тенордың арасында іріктеуден өтіп, еліміздің бас театры – «Астана Операның» опера труппа­сына қабылдануым өмірімдегі ең маңызды кезеңдердің бірі болды. «Астана Операның» әртісі атану сол кездегі әрбір солистің арманы еді.

Театр осымен XIII маусым бойы өз көрермендеріне әлемдік деңгейдегі спектакльдерді ұсынып келеді. «Астана Операда» репертуарым Дж.Пуччинидің «Тоска»-сындағы Сполеттаның, Дж.Вердидің «Аида»­-сындағы Хабаршының бейнелерімен және басқа да рөлдермен толықты. Әр партияның өзінің кереметі әрі қиындығы болады, соны әр айтқан сайын жетілдіріп, сахнаға жарқыратып алып шығуға тырысудамын. Жақында «Астана Опера» отандық композиторлар Серікжан мен Әліби Әбдінұровтардың музыкасына Тілеуғазы Бейсембектің либреттосы негізіндегі «Қыпшақ қызы Аппақ» ұлттық операсының әлемдік премьерасын ұсынады. Осы күндері театрдың барлық бөлімі – опера, балет труппалары, оркестр, өндіріс цехтары премьераға зор жауапкершілікпен да­йындалады. Ал менің алдымда спектакльде қатарынан үш партияны айту міндеті тұр. Бірінші актіде Жауынгердің бейнесін жүзеге асырамын, ал екінші актіде термені таныстырамын. Осы ретте композиторлар термені менің дауысыма арнап жазғанын атап өтуім керек. Бұл театр директорының бірінші орынбасары Төлеубек Әлпиевтің ұсынысы бойынша жүзеге асуда. Төлеубек Нығметұлы маған: «Сен қазақтың өнерін дәріптеп жүрсің. Ұлттық операны нақышына келтіре орындайтын болғандықтан, қазақтың тілін анық жеткізетіндіктен, термені өзің айтасың және сахнаға қазақтың қара домбырасын ұстап шығасың» деген еді. Оған осы үшін рақметімді айтамын және сенімін ақтауға тырысамын. Сондай-ақ бұл операда Сайқымазақтың да рөлін орындау маған жүктеліп отыр, бұл – вокалдық шеберлікпен қатар, зор актерлік қабілетті талап ететін партия. Менің басты міндетім – операдағы осы үш партияны бір демде алып шығу және кейіпкерлерімді сан алуан қырынан көрсету. Жалпы маған білдірген қолдау­лары үшін театр директоры Александр Совостьяновқа және опера труппасының директоры Талғат Мұсабаевқа айтар алғысым зор.

– Рөлдерді есте қаларлықтай етіп сомдау қалай қолыңыздан келеді?

– «Сырт көз – сыншы» демекші, мен әрдайым өзіме қатысты айтылған ескертпелерді дұрыс қабылдаймын және соны түзетуге тырысамын. Егер мен шыр­қаған туындыларды көпшілік түсініп жатса, демек, бұл – менің дұрыс жеткізе білгенім. Ұлттық операларды орындаған кезде маған екі есе жауапкершілік артылатынын түсінемін. Партияның вокал-техника бөлігі бірінші кезекте болғанмен, оның әр сөзін көрермендерге жеткізе білу, әрбір әрпін ұғынықты қылып айту қажет. Қазақтың әр сөзінің тәрбиелік мәні бар. Сондықтан әрбір әріпті шегелеп тұрып айтса, ол міндетті түрде тыңдарманға жетеді. Жиналған қауым спектакльдің мазмұнын ұқса, бұл – әртіс үшін үлкен дәреже. Ерекше атап өткім келетін жайт, 20 жылдық шығармашылық қыз­метімде қолымнан домбыра түскен емес. Біржанды, Шегені, Әзімді айтсам да, сахнаға домбырамды ұстап шығамын. Кішкентай кезімнен әнге және қазақтың қара домбырасына әуес болып өскенім сахнада осылай көрініс тапты.

– Иә, әсіресе Біржанның партиясын халық мәнерінде жеткізетініңіз көрермендерге ерекше ұнайды.

– Рақмет! Өмірімде зор мақтанышпен айтатын опера – Мұқан Төлебаевтың «Біржан – Сарасы». Композитор ұлттық операдағы шоқтығы биік Біржанның партиясын өте сирек кездесетін лирика-драма тенорына арнап жазған. Кезінде тәлімгерлерім «осы рөл сенің төл белгіңе айналады» деуші еді. Шынымен, солай болды. Әріптесім әрі сахнадағы сенімді серігім – театрымыздың жетекші солисі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бибігүл Жанұзақ екеуміз Венгрияның беделді концерт алаңында «Біржан – Сара» операсынан «Айтыс» сахнасын ұсындық. Сол кезде залда отырған көрер­мендердің қошеметінде шек болмады, олар бізді сахнадан жібергілері келмей, екінші рет ән шырқауымызды өтінді. Тағы басқа шет елдерге гастрольмен барғанда үнемі осындай ыстық ықыласқа бөленеміз. Шетелдіктер біздің ұлттық операларымыздың ұлылығына және костюмдеріміздің әдемілігіне, декорациялардың ауқымына әрдайым тәнті.

– Театр солисі ретіндегі қызметіңіз бен отбасын қатар алып жүру қиын емес пе? Балаларыңыздың сіз секілді өнер жолына түсетін ойлары бар ма?

– Жұбайым Сәуле Рахимова
өзі музыкант болғаннан кейін мені жақсы түсінеді. Сондай-ақ балаларымыз да өнерден алыс емес, үлкенім Бақытжан кларнетте, ал кенжем Әділжан тромбонда ойнайды. Екеуі де Астанадағы дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-интернатта білім алуда. Оларды үрлемелі аспаптарға берген себебіміз, вокалистер мен үрлемелі аспаптарда ойнайтын музыканттардың тыныс алу техникасы бірдей болып келеді. Сондықтан келешекте ұлдарымыз әншілік өнерге бет бұрып жатса, олардың осы саланы қиналмай жалғастырып әкетуге мүмкіндігі болады. Отбасым – өмірдегі ғана емес, өнердегі үлкен қолдаушым. Жақындарым маған әрдайым зор демеу береді. Мен операға қатысардан бір жұма бұрын үйімізде тыныштық атмосферасы орнайды, отбасымның барлық мүшесі менің жағдайымды жасауға тырысады. Қазір мен лирикалық-драмалық дауыстағы тенорларды тәрбиелеу, оларды Біржанның бейнесінде сахнаға шығару үшін еңбектеніп жүрмін. Опера әлеміне келген адам театрдың нағыз жанашыры болуы тиіс деп санаймын. Жас вокалис­терге өздеріңді шыңдаудан жалықпаңдар, ерінбей еңбек етіңдер дегім келеді.

Сұхбаттасқан

Райхан РАХМЕТОВА

 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button