Шерағаңның шекпені мен мектебі

Елордадағы Шерхан Мұртаза атындағы №63 мектеп-гимназияда жазушы атындағы қайырымдылық қорының ұйытқы болуымен қазақ руханиятының абызы, көрнекті жазушы-публицист Шерхан Мұртазаны еске алу шарасы өтіп, қайраткерге арналған мұражай-бөлме салтанатты түрде ашылды.
Ашылу рәсіміне мемлекет және қоғам қайраткерлері, ғалымдар, Шерхан Мұртазаның шәкірттері, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері мен кәсіпкерлер қатысты.
Іс-шара барысында мемлекет және қоғам қайраткері Қуаныш Сұлтанов, журналист Сауытбек Абдрахманов, Дархан Мыңбай, Мәжіліс депутаттары Жигули Дайрабаев пен Дәулет Тұрлыханов, ҚР Жазушылар одағы Астана қалалық филиалының директоры Бауыржан Бабажанұлы, «Астана ақшамы» газетінің бас редакторы Еркін Қыдыр, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Нұрлан Өнербаев сынды есімі елге белгілі азаматтар Шерхан Мұртаза туралы әсерлі естеліктерімен бөлісіп, пайымды пікірлерін ортаға салды.
Салтанатты жиын мектеп фойесіндегі көрмемен басталды. Қонақтарды мектеп оқушылары дәліз бойында күтіп алып, мектептің жетістіктері мен экспозиция бұрыштарымен таныстырды. Одан кейін мектептің ұлт аспаптар ансамблі «Алаш аманаты» күйін орындап, шара шымылдығын айшықтады. Жиын барысы мектеп-гимназия ұжымы мен оқушыларының ұйымдастыруымен арнайы концерт бағдарламасына ұласып, жазушының өмірі мен шығармашылығына арналған «Шындықтың шарайнасы» атты деректі фильм көрсетілді, «Ай мен Айша» повесінің желісі бойынша театрландырылған көрініс қойылды.
Әрі қарай мемлекет және қоғам қайраткерлеріне сөз берілді. Ең әуелі сөз алған Қуаныш Сұлтанов: «Шерхан тумысынан көсем боп жаратылған ерекше тұлға болатын. Ұлттың тағдыры сынға түскенде, тәуелсіздік талқыға түскенде ширығып, көк семсердің жүзіндей кесіп түсіп сөйлеуші еді» деп еске алса, Сауытбек Абдрахманов: «Қаламгерлер арасында «Шерханның шекпенінен шыққандар» деген тіркес жиі айтылады. Енді, міне, балаларымыз «мектебінен шықтық» деп мақтанатын күнге де жеттік» деп сөзін бастап, әрі қарай: «Шерхан Мұртазаның арқасында журналист мәртебесі биіктеді. Бұрын журналист болу жазушы бола алмағандардың жолы сияқты бағаланатын. Ал Шераға сол көзқарасты түбегейлі өзгертті» деді.
Шерхан Мұртазаның туған жері – Түлкібас пен Жуалы аудандарынан келген арнайы делегация Шерағаға деген құрметін ерекше көрсетті. Олар музейге жазушының туған ауылы – Ақсу-Жабағылының пейзажын, ата-тегі жазылған шежіресін тарту етіп, қызының жазған алғыс хатын мектептегі музейге табыс етті.
Білім ордасында Шерхан Мұртаза музей-бөлмесінің ашылуы – бір тұлғаны ұлықтау ғана емес, ұлттың рухани тамырына тағзым. Аталған мұражай заманауи мультимедиа құралдарымен, контентті сенсорлық басқарумен жабдықталған. Мұнда қаламгердің балалық шағы, жазушылық, журналистік қызметі жайлы тың деректер, жеке заттары мен құжаттары қойылған. Әдеби мәліметтер, қолжазбалар мен фотосуреттер де назарға ұсынылған. Бұдан бөлек, QR-кодтар арқылы Шерхан Мұртазаның шығармаларын арнайы сайт арқылы оқуға мүмкіндік қарастырылған.
Шапағат ӘБДІР