Шаштайұлының шырайлы шығармалары

Кеше Ұлттық академиялық кітапханада көрнекті жазушы, публицист, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жұмабай Шаштайұлының мемлекеттік тапсырыспен шыққан төрт томдық толық шығармалар жинағының таныстырылымы өтті.
Іс-шара аясында биыл туғанына 75 жыл толған қаламгердің «Жылдар мен жолдар…» атты иллюстрациялық-кітап көрмесі қойылып, арнайы бейнеролик ұсынылды. Жазушының көркем туындыларына шолу жасалып, әдебиеттегі жолы мен шығармашылық әлемі жайлы естеліктер айтылды.
Қаламгер туралы естеліктермен көмкерілген әдеби іс-шараны алаштанушы ғалым, филология ғылымдарының докторы Айгүл Ісмақова ашып, жүргізіп отырды. Ол өз тарапынан жазушының азаматтық келбетіне тоқталып, өзінің мақаланы қазақша жазуына Жұмабай Шаштайұлы тікелей әсер еткенін, қаламгердің ұлтшыл, отаншыл қасиеттерін атап өтті. Мәдениет және ақпарат министрлігі архив, құжаттама және кітап ісі комитетінің төрағасы Рустам Әли Мемлекет басшысының тапсырмасымен қаламгерлерді, кітаптарды насихаттау бағытындағы жұмыстармен, іске асып жатқан жобалармен таныстырды.
Белгілі жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Қуаныш Жиенбай қаламгердің өзіне ең қатты ұнаған «Аспанқора» повесіне тоқталды. Шағын ғана 40 беттік шығармада адамның тағдыры тамаша суреттелгенін айтты. Ақын, жазушы, жыршы, жырау, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Баянғали Әлімжанов өзінің айтыста жүріп, әдебиетке араласуына Жұмабай Шаштайұлы жол ашқанын, «Қазақ әдебиеті» газетінде бас редактор болғанда шығармалары басылғанын жеткізді.
Белгілі ақын, Парламент Мәжілісінің депутаты Жанарбек Әшімжан қаламгер келбетіне тоқталды.
Депутат «Мұндай жаны таза, ары таза, қолы таза, жүрегі таза тұлғалар өте сирек келеді. Бірақ шынын айтқанда, жазушы ретінде үгіт-насихаты кем болды. Оған өзі де ұмтылған жоқ, шығармаларының тағдыры да қиындау болды» дей келе, осыған тоқталды. Сондай-ақ академиктер Кәрімбек Құрманәлі, Дихан Қамзабекұлы, белгілі ғалым Амантай Шәріп, әдебиет сыншысы Амангелді Кеңшілікұлы, т.б. пікірлерін айтты.
Қазіргі қазақ прозасында өзіндік қолтаңбасымен көрініп, әдебиет әлемінде соны соқпағын салған Жұмабай Шаштайұлының төрт томдық толық шығармалар жинағының бірінші томына адам жан дүниесіндегі түрлі құбылыстар мен табиғаттың тылсым сырлары нәзік шеберлікпен суреттелетін повестер мен әңгімелер жинақталған.
Екінші томына кешегі кеңестік кезеңнің өліара тұсындағы қоғамның «партноменклатура» деп аталатын бөлшегінің құпияға толы қатпарларын терең ашуға арналған «Аяз би» романы енген.
Жазушының үшінші томына соцреализмге бой алдырмай, малшының машақатқа толы ауыр тіршілігі мен жастардың қажыр қайратын суреттеген «Қызыл қарт» романы еніп отыр. Ең алғаш 1984 жылды повесть болып жарық көріп, «репрессияға» ұшыраған шығарма 30 жылдан кейін қайта жазылып, романға айналды. Сондай-ақ бұл томға атакәсіптің бейнетін белшесінен кешкен қазақтар, қалаға енді ғана орналасып, үлкен мұрат көздеген болашақ зиялы қауым өкілдері суреттелетін «Замана илеуі» романы да енген.
Ал төртінші томы – қаламгердің журналистикадағы ұзақ жылғы ғұмырына ойша көз жүгіртіп, өткеніне сын көзбен қараған өмірбаяндық толғанысы. Автор аудандық газеттегі сегіз жылынан бастап, Алматыдағы республикалық басылымға қызметке орналасқан кезеңін, шығармашылық ізденістері мен кәсіби ортадағы қарым-қатынастарын бүкпесіз баяндайды.
Кітаптар шығарма желісімен салынған иллюстрациялық суреттермен безендірілген. Жинақ 3 000 дана таралыммен шығып, республиканың барлық кітапханаларына тарады.
Аманғали ҚАЛЖАНОВ



