«Шамшырақтан» – «Шаңыраққа»

Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Шаңырақ» әуесқой театры сахналарды бағындырып жүр. Бүгінгі таңда бұл театр «Халықтық» атағына ұсынылды.
«Шаңырақтың» тарихы 2009 жылы Еуразия ұлттық университетінде басталды. Сол жылы филология факультетінде ұйым ретінде «Шамшырақ» деп аталып құрылды. Бұл кезде тек 5-7 студент қана жиналып, болашақ өнер ұжымының алғашқы қадамдарын жасады.
2011 жылы екі жылдық тәжірибеден соң, 1 желтоқсанда «Шаңырақ» театры ресми түрде өз жұмысын бастады. Сол кезден бері ұжым ешқашан тоқтамады, өз шығармашылығын дамытып, көрерменнің ыстық ықыласына бөленіп келеді. Бастапқы құрам аз болса да, жылдар өте келе театрға студенттер ағыны артып, қазір шамамен 50 мүше бар. Құрамда тек 1-4 курс студенттері бар. Университетте өнер факультеті жоқ, сондықтан әртүрлі бағыттағы студенттер бірігіп, сахнаға деген махаббатпен жұмыс істейді. Түлектер саны бүгінде 100-ден асқан.
«Шаңырақ» – әуесқой театр. Жалақы жоқ, мемлекеттен қаржылай қолдау аз, бірақ махаббат пен ынта жеткілікті. Театрдағы әрбір студент үшін сахна – тек өнер емес, өмір мектебі. Олар физикалық дайындықтан өтеді, сахна қозғалысын, сценалық тіл мен қимылды меңгереді. Теориялық сабақтар мен практиканы үйлестіріп, студенттер сахнада өздерін еркін ұстап, көрерменге шынайы эмоция жеткізуді үйренеді.
Әр спектакльге дайындық кем дегенде 1,5-2 ай алады. Пьесаны таңдау, оны дамыту, декорация мен реквизиттерді жинау – бәрі ұжым мен түлектердің өз қалтасынан шығады. Бір ғана дубль, сахнада қателікке орын жоқ.
«Шаңырақ» театрының репертуары ерекше кең. Қойылымдар тарихи драмалардан бастап, мелодрамалар, комедиялар, мюзиклдерге дейін созылады. Жылына 9-дан астам спектакльді 25 рет қояды. Көрермен әр спектакльде жаңа эмоция мен әсер алады. Театрдың басты ұраны – «Актер болу басты мақсат емес, адам болу маңызды».
2018 жылдан бастап «Шаңырақ» халықаралық сахнаға шықты. Ресейдің Сочи қаласында қазақ классикалық қойылымы «Қыз Жібек» спектаклімен гран-при жеңіп алды. Бұл – театр үшін үлкен жетістік пен ұлы армандарға жол ашқан бастау болды. Кейін Мәскеуде өткен «ТТТ» Театр – Творчество Талант байқауында І орын, 2019 жылы Бакуде «Каспий бризі» театр фестивалінде І орын, 2021 жылы Бельгиядағы «Open Belgium» өнер фестивалінде І орын, 2022 жылы Дубайдағы «Dubai musical festival» өнер фестивалінде гран-при, 2023 жылы Испанияның Барселона қаласында «Sea Sun» өнер фестиваліне I орын, 2025 жылы БАӘ, Дубай «Dubai Grand Festival» өнер байқауында гран-при жеңіп алды.
Театрдың басты құндылығы – адамгершілік пен тәрбие. Студенттерге тек сахна өнерін үйретпей, үлкен өмірге бағыт-бағдар береді.
«Біз үшін актер болу басты мақсат емес, басты мақсат – адам болу. Әрбір студентті сахнаға ғана емес, үлкен өмірге дайындауға тырысамыз. Құрамдағы әуесқой актерлардың барлығы – бір отбасының мүшелері. Біздің мұндағы басты қағидамыз – өнермен бірге тәрбие беру» дейді театр режиссері Бағдат Әшім. Бірнеше жылдан бері күтіп келе жатқан «Халықтық» атаққа ұсынылу – ұжым үшін тарихи сәт. Бұл – атақ тек марапат емес, халық алдындағы жауапкершілік пен сенімнің белгісі. Бүгінгі таңда «Шаңырақ» – 14 жылдық тарихын артқа қалдырған. Әуесқой бола тұра көпшілікке қызмет етіп келе жатқан театр. Мемлекеттен қаржы алмай, тек махаббат пен жігерге сүйене отырып театрдың тарихын жазып келеді.
«Шаңырақ» театры «Халықтық» атағына әбден лайық. «Келешекте театрымыздың әлеуеті өсіп, мемлекет қаржыландыратын үлкен ұжымға айналуды қалаймыз. Кешегі армандарымыз мақсатқа, ал мақсаттарымыз шындыққа айналып келе жатыр. Сондықтан, біздің ұлы армандарымыздың бірі «Халықтық» атақ» дейді театр режиссері Бағдат Әшім. Әрбір спектакль, әрбір студенттің әрекеті, әрбір жеңіс – театрдың халық алдындағы орнының дәлелі. Сондықтан да, «Шаңырақ» сахнада ғана емес, өмірде де жарық сәуле шаша берсін.
Ерасыл НҰРЛЫБЕКҰЛЫ



