Шамшырақтай жол көрсеткен

Ұлы Абайдың туғанына 180 жыл толуына орай «Жарым адамнан – толық адамға» кітабының авторы, абайтанушы Сұлтан ЫБЫРАЙМЕН сұхбаттастық.
– Абай күні қалай аталып өту керек? Дұрыс тойлап жүрміз бе?
– «Абай күні» дегенде елімізде Абайды жылына бір еске алып, желідегі жұрт өлеңдерін оқып, челлендж жасап, әнін айтып, бұқаралық ақпарат құралдары ресми, формалды түрде еске алып, осындай бір сұхбат жариялап не бір хабар жасап қоя салумен шектеледі. Жалпы тойдың мақсаты қандай? Абайдың өзі «Сыр мен сымбат екі түрлі» дегеніндей, жылына бір атап өтумен, той тойлаумен Абай насихаттала ма? Яғни тойлау, тігілген үй, аламан бәйге – тек сыртқы көрініс, сымбат қана. «Сыртқа қасиет бітпейді» дейді тағы өзі. Сол тойларда, әдеттегідей, киіз үй тігіліп, ат шаптырып, айтыс ұйымдастырылып, ас ішіп, қазан-
аяқ босайды. Онымен жас ұрпақтың санасына Абайды сіңдіре аламыз ба? Аталмыш тойларда бар болғаны «Сегіз аяқтағыдай» афоризм деңгейінде кездесетін: «Адал бол – бай тап, Адам бол – мал тап», «Біріңді, қазақ, бірің дос көрмесең, істің бәрі бос» деген сыңайдағы жаттанды болған, той-жиында жиі айтылатын, нақылға айналған ақынның сөздері жүреді. Содан жастар тарапынан: «Осы неге Абайды қайталап айта бересіңдер?» деген заңды сұрақ туады. Абайды өскелең ұрпақ түсінетіндей деңгейде, шын асылын көрсете алатындай насихаттай алдық па, анимация, мультфильм, қысқаша ТikTok, Youtube сияқты желілерде бейнероликтер бар ма? Тағы «қазақты әлемге Абай арқылы танытамыз» деп жар саламыз. Басқа тілдер тұрмақ, орысшаға дұрыс аудара алдық па? Ал басқа тілдерге орыс тілі арқылы аударылып жатқанын ескердік пе, түпнұсқаға жақындығын тексердік пе? Қазақша басылымдардағы түпнұсқа деп есептелетін өлең, қара сөздерінде қателерді қашан түзетеміз? Сол тойға «төгілетін» халықтың қаржысын осы кемшіліктердің орнын толтыруға неге жұмсамасқа?
Дара тұлғаның өзі осы тойларға қалай қарар еді? Өз әкесі Құнанбай жайында: «Ол сыпатты қазақтан дүниеге ешкiм келмептi» дейді. Яғни өз әкесін бар қазақтан биік қойып отыр. Сөйте тұра, сол әкесінің жылдық асын бергізбейді. Абай: «Асқа мал бөлейік, бірақ ол малды сойып жұртқа жегізбейік, орыс школасында оқып жүрген қазақ балаларына жәрдемге берейік» дейді және солай жасаған. Яғни той тойлансын, бірақ форматы, мағынасы бөлек болып, өскелең ұрпақтың рухани пайдасына асатын ғибратты істермен есте қалса, сауабы мол болар еді.
Абай жылына бір рет қана еске алатын күнтізбедегі «кезекті» қызыл күн емес, адам болуды ойлаған әрбір азаматтың әр күніне, әр қадамына жарық түсіріп тұрған шамшыраққа айналса керек-ті.
– Абай өз еңбектері арқылы халыққа нені жеткізгісі келді?
– Абай – сегіз қырлы, бір сырлы адам. Жалпақ жұрт оның ақындығын, композиторлығын, әрі кетсе болыс болғанын ғана біледі. Ақын – тек қана қазақ жазба әдебиетінің негізін қалаушы ғана емес, мықты аудармашы. Сол жазушылығымен қоса жанынан ән шығарып, күй де қалған артында. Қарамола съезінде заң – «Ереже» жазып, онда әйел теңдігі мәселесін көтерген. Тұтас бір ақындық орта қалыптастырған ұстаз, болыс ретінде ұйымдастырушы, қазақ жәдидшілдігінің негізін қалаушы, ойшыл-философ, психолог – қазақ жантану ғылымының басында тұрған ғалым. Әрине, ғалым деген ресми атағы жоқ болса да, ғалым екенін дәлелдейтін фактілер бар, олар бұл сұхбаттың шеңберіне сыймайды.
Абайдың ең басты еңбегі және оны өз шығармашылығымен халыққа жеткізе білгені, «ебін тауып, халқын жөнге салғаны» ұлттың санасын оятып, сапасын өзгерткенінде жатыр. Сананың оянуы, сапаның өзгеруі – адамның дұрыс тәрбие көріп, мінез қалыптастыруымен келетінін түсіндіре білді ақын.
«Алтын орда» ұлыс-империясының ыдырауы, одан бөлініп шыққан ордалардың өзара бәсекесінің, ел бірлігі осалдығының салдары сол Жошы ұлысының үлкен бір сынығы Қазақ хандығының Ресей империясына бодан болуына, өзінің саяси тәуелсіздігінен айырылуына әкелді. Халық жады Қазақ хандығы кезеңіндегі тәуелсіз заманды аңсаумен келді. Мұхтар Әуезов ол уақытқа «Зар заман» деп ат қойды. «Зар заман» ақын-батырлары зар илеп жырлағанмен, халыққа сол бодандық қамытынан құтылатын жол көрсете алмады. Ол Асан қайғы, Бұқардан басталып, Абайға келіп тірелді. Хакім «Қиналып тапқан ақылды, толғатып сөзге аудардым. Енді бұл сөзді іс қылмақ, оқушы жұртым, қазақ өз мойныңда!» деп Әлихан Бөкейхан айтқандай, «Қазаққа күзетші болайын деп, біз де ел болып, жұрт білгенді біліп, халық қатарына қосылудың қамын жейік деп ниеттеніп үйрену керек» (25-қара сөз) деп жол көрсетіп, оқу-білім, өнер үйрену арқылы басқалармен терезесі тең ел болуға, тәуелсіздікке шақырды.
Абайдың жол көрсетуі, өнегесі ұлттың санасын, сапасын өзгертіп, Алаш зиялыларының қалыптасуына тікелей әсер етті. Өнер-ғылым үйренген, білімді Алаш арыстары үкімет құрып, жаңа заманға сай тәуелсіз мемлекет орнатуға ұмтылып, елдің шекарасын заңдастырып, бекемдеді. Сол атқарылған өлшеусіз жұмыс, өз бастарын құрбандыққа шалған есепсіз ерлік бүгінгі Қазақстанның сол шекара аумағында де-юре тәуелсіздігіне жол ашты.
– Сіз Абайдың қай қырын зерттеп жүрсіз? Сол жайында толығырақ айтып берсеңіз.
Иә, «Абай – мұхит» деп Мұхтар
Әуезовтің өзі мойындаған, сол хакімнің бір қырын зерделей алсаң, оның өзі бір адамға өмір бойы рухани азық. «Жарым адамнан – толық адамға» деген кітаптың авторымын. Кітап Абайдың 38-қара сөзі – «Ғақлиат тасдиқатқа» жазылған комментарий.
Ұлы философтың 38-қара сөзін «Ғақлиат тасдиқатты» (ҒТ) түсінуге деген ынта-талпыныс бұрыннан бар еді. Бірінші мақсат араб-парсыдан ажыратып, толық бүгінгі қазақ тіліне келтіру болатын. Ол үшін сол 203 араб-парсы сөзінің мағынасын қайта қарап шығып, түпнұсқа сөздерін қоса беріп тәржімалауға тура келді. Мүрсейіттің көшірмесімен 1995 жылы «Жазушы» баспасынан шыққан екі томдықтағы 38-қара сөзді салыстыра отырып, өзіміздің түсінігімізді жазып шығу керек деген ой келді. Ішінде «ҒТ-ның» жаңаша жасалған авторлық орысша, ағылшынша аудармалары мен «ҒТ» – адам және қоғамның кемелдікке жетуінің әмбебап заңы», «Махаббат пен ғадауат майданы», «Шортанбай, Дулат пен Бұқар жырау», «Абайдың орысшылдығы жайында», «Абай мен миссионер Сергий», «Сегіз аяқ: Пайдасыз ақыл – байлаусыз тақыл», «Қырық бесінші қара сөз: махаббат пен ғадаләт» атты мақалар мен «Алтын хакімнен коучинг» деген бөлім бар.
Жалпылама айтқанда, «Абайдың «толық адамы» кім?» деген сұраққа жауап іздедім. Бір қызығы, Абайда «толық адамның» екі анықтамасы бар. Оны хакім ойының дамуы деп түсінемін. «Толық» деген анықтама мінезге байланысты айтылған. «ҒТ» – күрделі шығарма. Жазылу тәсілі, қолданылған терминдер, түсініктер дайындықсыз оқуға қиындық келтіреді. Бұл шығармада философиялық логика тәсілдері, психология, тәрбие негіздері мен дін де қамтылған.
Қара сөздерде Абайдың ащы сұрақтарды көптеп қоюы оның сыни ойлау тәсілін жете меңгергенін байқатады. Сыни ойлау – адам өз ақыл-ойымен сырттан келіп түскен ақпаратқа күмәнмен қарай алу қабілеті.
Сыни ойлау үлкен мағынасында – проблемалардың ішкі логикасына үңіле алатын, өзімшілдіксіз, әлеуметтік жіктеусіз шынайы зерттей алатын тұлғаның ой-пікірі, яғни тұлға өзін абстракциялы түрде қоғамнан ажыратып, сол қоғамдағы проблемаларға жоғарыдан, сырт көз болып қарай алу деңгейіне жетуі. Сыни ойлау ақиқатқа жету жолындағы кездесетін кедергілерден шынайылықпен өтуге көмектеседі.
Кемеңгер ақын сол ащы сұрақтарды қоя отырып, берісі қазақ, әрісі бүкіл адамзат қоғамындағы проблемаларды анықтап, оның себеп-салдарын, ақиқаттың не екенін, қайдан іздеу керек екенін осы «Ғақлиат тасдиқатта» анықтап берді, қоғамдағы қиындықтар адамның мінезінен (жарым адам – жартыкеш мінез) туындайтынына көз жеткізді, сондықтан өзі бұл шығарманы «Мінез жайындағы жәдігер» деп атады.
Сұхбаттасқан Сәбина КӘКІМЖАН