Шахматтан кадеттер арасындағы әлем чемпионаты басталды

Алматыда шахматтан кадеттер арасындағы әлем чемпионаты басталды. Турнир 2025 жылғы 19–30 қыркүйек аралығында өтеді. Жас санаттары – U8, U10 және U12. (FIDE World Cadet C hess Championships 2025), деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Чемпионатқа қазірдің өзінде 88 елден 850-ден астам жас шахматшы тіркелді. Олардың қатарында Үндістаннан (28), Қытайдан (25), АҚШ-тан (24) қатысушылар бар. Қазақстан чемпионат иесі ретінде 200-ден астам ойыншы шығарады.
Турнирдің ұйымдастырушылары: Қазақстан Республикасының Туризм және спорт министрлігі, Алматы қаласының әкімдігі, Халықаралық шахмат федерациясы (FIDE) және Қазақстан шахмат федерациясы (KazChess). Ашылу салтанатына ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ермек Көшербаев, Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды, ФИДЕ президенті Аркадий Дворкович және KazChess президенті Тимур Турлов қатысты.
«Ешбір шахмат турнирі, тіпті еліміздегі өзге спорттық шаралардың ешқайсысы да мұндай ауқымды қатысушылар құрамын жинамаған. Бұл – қазақстандық шахмат пен тұтас еліміз үшін тарихи сәт. Біз қонақтарды тек қонақжай ретінде ғана емес, сонымен қатар әлемнің ең мықты шахмат державаларының бірі әрі турнирдің басты фавориті мәртебесінде қарсы алып отырмыз», – деді Қазақстан шахмат федерациясының президенті Тимур Турлов.
Қазақстанда шахматтан ең жоғары деңгейдегі халықаралық жарыстардың, соның ішінде әлем чемпионаттары мен ерлер арасындағы әлем чемпионы атағы үшін матч та өткізілді.
Өткен жылы Италияның Монтесильвано қаласында өткен Әлем чемпионатына 77 елден 700-ден астам жас шахматшы қатысты. Биылғы чемпионатта қатысушылар саны артып, 88 елден 851 ойыншы, соның ішінде 231 қазақстандық тіркелді.
Ашылу рәсімінен кейін бірден 1-ші тур басталды. Жалпы 19–30 қыркүйек аралығында швейцар жүйесі бойынша 11 тур өтеді. Уақытты бақылау – 90+30 форматы (әр партияға 90 минут және алғашқы жүрістен бастап әр қадамға 30 секунд қосылады).
11 турдың қорытындысы бойынша әлем чемпиондары, күміс және қола жүлдегерлер анықталады. Жарыс ұлдар (Open) мен қыздар (Girls) арасында алты жас санатында өтіп жатыр: O8, G8, O10, G10, O12 және G12.
25 қыркүйек – демалыс күні. Бұл күні жас спортшылар үшін арнайы мәдени-спорттық бағдарлама ұйымдастырылады: олар Шымбұлақ тау-шаңғы курортына экскурсияға шығады (онда Халықаралық шахмат күні – 20 шілдеде ашылған Minecraft стиліндегі шахмат атының арт-объектісі бар), сондай-ақ шешім шығару бойынша әлем чемпионатына және жүлде қоры 2000 АҚШ долларын құрайтын блиц-турнирге қатыса алады.
Чемпионат аясында 27–28 қыркүйекте Satbayev University-де (Алматы, Сәтпаев көшесі, 22) «Білім берудегі шахмат» атты III Халықаралық конференция өтеді. Конференцияға FIDE-нің «Chess in education» комиссиясының төрағасы, АҚШ өкілі Джерри Нэш қатысады.
Чемпионат туралы қызықты деректер
♚ 2025 жылғы шахматтан кадеттер арасындағы әлем чемпионаты (FIDE World Cadet Chess Championships 2025) Алматыда, Балуан Шолақ атындағы Спорт және концерт кешенінің бас аренасында 19–30 қыркүйек аралығында өтеді.
♚ 2025 жылғы шахматтан кадеттер арасындағы әлем чемпионатына (FIDE World Cadet Chess Championships 2025) 88 елден 851 жас шахматшы қатысады. Олардың жасы 6-дан 12-ге дейін (Chess-Results.com деректері, 18 қыркүйектегі жағдайы бойынша).
♚ Ең көп қатысушысы бар санат – O10 (10 жасқа дейінгі ұлдар): 187 ойыншы, оның ішінде 54-і – қазақстандық. Ең аз қатысушысы бар санат – G8 (8 жасқа дейінгі қыздар): 95 шахматшы, оның ішінде 26-сы – қазақстандық. Басқа санаттарда: O8 – 153 (50), G10 – 118 (26), O12 – 176 (51), G12 – 122 (24).
♚ Чемпионат қожайыны – Қазақстан құрамасы 231 ойыншымен көш бастап тұр. Одан кейін: Ресей (ФИДЕ туы астында) – 67, Үндістан – 28, Моңғолия – 27, Қытай – 25, АҚШ – 24, Оңтүстік Корея – 22, Қырғызстан – 17, Өзбекстан – 16, Қытай Тайбэйі, Түркия және Шри-Ланка – әрқайсысы 13-тен, Австралия, Польша, Тунис және Түрікменстан – әрқайсысы 12-ден, Беларусь (ФИДЕ туы астында) және Оңтүстік Африка Республикасы – 11-ден, Канада және Франция – 10 қатысушыдан. > Райхан:
♚ Ең көп халқы бар елдер (млн адам) – Үндістан (1444), Қытай (1408) және АҚШ (341). Ең аз халқы бар елдер (мың адам) – Гуам (167), Исландия (357) және Мальдив аралдары (402).
♚ Ең үлкен аумаққа ие мемлекеттер (млн шаршы км) – Ресей (17,125), Канада (9,984) және АҚШ (9,833). Ең шағын мемлекеттер (шаршы км) – Мальдив аралдары (298), Барбадос (430) және Сингапур (778).
♚ Чемпионатқа қатысу үшін ең ұзақ жолды Жаңа Зеландиядан келген жас спортшылар жүріп өтті – шамамен 13 500 км. Ал Қырғызстан шахматшылары үшін бұл аралық небәрі 235 км (Бішкектен).
♚ Қатысушылар арасындағы жалғыз халықаралық шебер – 11 жастағы мысырлық Абдальрахман Самех Мохамед (рейтинг 2207), 2025 жылғы Әлем кубогының жеңімпазы. Сонымен қатар тағы 4 FIDE шебері бар: Чжу Линьси (2320, АҚШ), Мазен Фанди (2307, Сирия), Рамтин Какаванд (2115, Иран) және Әлімжан Жауынбай (1968, Қазақстан). Олардың барлығы O12 санатында ойнайды.
♚ Қыздар арасында 4 FIDE әйелдер шебері бар: Софи Ли (2073, АҚШ), Лори Кью (1995, АҚШ), Сюэ Тяньхао (2000, Қытай) және Алиса Генриетта Юнкер (1869, FIDE).
♚ Австралия делегациясында Батырбековтар отбасы ерекшеленеді – Айдан (13.09.2017) және Қайсар (2016 ж.т.). Делегация жетекшісі – балалардың әкесі, 40 жастағы Қуаныш Батырбеков, мамандығы бойынша қаржыгер, ал хоббиі – шахмат төрешілігі.
♚ Чемпионаттағы ең жас шетелдік қатысушы – Молдова елінен келген Ярослав Агафонов, ол 2019 жылдың 18 шілдесінде туған.
https://s1.chess-results.com/tnrWZ.aspx?SNode=S0&tno=1234777