Шағын кәсіп шаһарды түлетеді

Бүгінгі таңда елордада 254 мың шағын және орта бизнес субъектісі бар. Бұл былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 8,3 пайызға артық. Аталған салада 528 мың адам жұмыс істеп, өз нәсібін тауып отыр. Бұл көрсеткіш қаладағы еңбек етуге қабілетті тұрғындардың 73 пайызын құрайды. Отандық өндірісті дамытуға айрықша үлес қосып жатқан кәсіпорындарда мыңдаған адам жұмыспен қамтылған.
Астана шаһарында қазір 254 мың шағын және орта бизнес субъектісі жұмыс істеп тұр. Бұл былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 8,3%-ға артық. Жалпы елордадағы кәсіпкерлікті дамыту мен қолдау туралы Астана қаласы Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы басшысының орынбасары Қуаныш Сапаров қалалық коммуникациялар қызметіндегі брифинг барысында айтқан еді.
Оның сөзінше, шағын және орта бизнес саласында 528 мың адам жұмыс істейді. Бұл қаладағы еңбекке қабілетті тұрғындардың 73%-ын құрайды. 2023 жылмен салыстырғанда бұл көрсеткіш 12 мың адамға өскен.
Былтыр ШОБ субъектілері 15,8 трлн теңгеге тауар өндіріп, қызмет көрсеткен. Бұл республика бойынша өндірілген өнім мен көрсетілген қызметтің 19%-ын құрайды. Аталған көрсеткіштерге қол жеткізуге қаржылай және қаржылай емес мемлекеттік қолдау шаралары үлкен үлес қосты.
«2025 жылдың алғашқы бес айында сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау бойынша кешенді бірыңғай бағдарлама аясында жалпы сомасы 31725,1 млн теңгені құрайтын 213 жоба, ал несиеге кепілдік беру бойынша 50 жоба 1961,4 млн теңгеге мақұлданды. Сонымен қатар жергілікті «Астана бизнес» жеңілдетілген несиелеу бағдарламасы аясында биыл 3 млрд-қа жуық теңге бөлінеді деп жоспарланып отыр. Осы жылдың 2 шілдесінен бастап сыйақы мөлшерлемесінің бір бөлігін субсидиялау және несиелерге ішінара кепілдік беру шеңберіндегі кешенді бірыңғай бағдарламаға өзгерістер енгізілді. Сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау шағын және микрокәсіпкерлік субъектілеріне, оның ішінде әлеуметтік кәсіпкерлікпен айналысатындарға экономиканың басым секторлары (өңдеу өнеркәсібі, білім беру, туризм, денсаулық сақтау және т. б.) аясында ұсынылады» дейді спикер.
Субсидия берілетін кредиттік қаражат инвестициялық мақсаттарға, айналым қаражатын толықтыруға (АҚТ) 3 жылға дейінгі мерзімге және қолданыстағы несиелерді бір жылға дейін қайта қаржыландыруға бағытталуы мүмкін.
Субсидияланатын несиенің ең жоғарғы сомасы – 200 млн теңге. Қарыз алушы үшін түпкілікті мөлшерлеме – кемінде 12,3%, ал әлеуметтік кәсіпкерлер үшін – 11,3%. Бұдан бөлек, биыл «Өрлеу» жаңа жеңілдетілген несиелеу бағдарламасын іске қосу жоспарланып отыр. Бұл құрал экономиканың басым секторларына (өңдеу өнеркәсібі, АӨК, көлік, білім беру, медицина және т. б.) кіретін микро, шағын және орта бизнесті қолдауға бағытталған.
«Даму» қорының банктермен келісіміне сәйкес, кәсіпкерлерге кепілдік алу үшін өтінім беру тетігі жеңілдетілді. Яғни банктің қаржыландыру мүмкіндігі туралы оң шешімінен кейін құжаттар пакетін қорға банк өзі жолдайды.
Сонымен қатар өтінімді қарау мерзімі 2 жұмыс күніне дейін қысқарды. Алайда қарсы міндеттемелер де қарастырылған. Атап айтқанда, несие шешімі қабылданған күннен бастап 2 жыл ішінде салық түсімдері мен жұмыс орындарының санын 10%-ға арттыру қажет. Сондай-ақ кәсіпкер кепілдік сомасының 1,5%-ын бір реттік комиссия ретінде және жыл сайын қалған кепілдік сомасының үстінен төлеуі тиіс. Яғни комиссия көлемі уақыт өте келе азаяды.
Қазіргі уақытта қала бойынша кепілдік қоры 1 (КҚ1) аясында 79 жоба қолдау тапты.
Кепілдік қоры 2 (КҚ2) аясында инвестициялық және қайта қаржыландыру мақсатындағы кепілдік сомасы 7 млрд теңгеден асады, бірақ жоба құнының 30%-ынан аспауы тиіс. Ал айналым қаражатын толықтыру үшін қаржыландырудың жалпы сомасының 40%-ынан аспауы тиіс. Несиелеу мерзімі 15 жылға дейін есептелген.
КҚ2-де мақсатты бағыттар КҚ1-дегімен бірдей, бірақ салалық шектеулер бар. Сонымен қатар кәсіпкер жобаның жалпы құнының кемінде 20%-ын өз қаражаты (ақша, жылжымалы/жылжымайтын мүлік немесе жобаны іске асыру аясында сатып алынған активтер) есебінен бірлесіп қаржыландыру арқылы растауы тиіс.
КҚ2 аясында несиелерге ғана емес, облигациялар мен опциондарға да кепілдік беруге жол беріледі.
«Жергілікті бюджеттен субсидиялау, кепілдендіру және жеңілдетілген несиелеу «Даму» қорының қаржы агенті арқылы жүзеге асырылады. Әлеуметтік кәсіпкерлікті қолдау мақсатында елордада мемлекеттік гранттар бөлу жалғасады. Конкурс 2025 жылдың төртінші тоқсанына (қазан айы) жоспарланған. Гранттар әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілеріне өтеусіз негізде беріледі. Негізгі шарттар: кәсіпкер грант сомасының кемінде 20%-ын өз қаражаты есебінен қоса қаржыландыруы тиіс, міндетті түрде «Еңбек» порталы арқылы жұмыс орнын ашуы және қажетті инфрақұрылым болуы тиіс (немесе құрылуы қажет). Осыған байланысты мемлекеттік гранттар конкурсына қатысу үшін кәсіпкерлер әлеуметтік кәсіпкерлер реестріне енуі керек. Қаржылай емес мемлекеттік қолдау шарасы ретінде әлеуметтік кәсіпкерлердің бірыңғай реестрі жүргізілуде» дейді Қ.Сапаров.
2021 жылдың соңында әлеуметтік бағыттағы ШОБ субъектілерін қолдау мақсатында заңнамалық тұрғыда «әлеуметтік кәсіпкерлік» ұғымы енгізілді. Осыған орай, ҚР Ұлттық экономика министрлігі әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілерінің реестрін жүргізу қағидаларын әзірледі.
Осы қағидаларға сәйкес, әлеуетті әлеуметтік кәсіпкерлер 4 санатқа бөлінеді:
1-санат – халықтың әлеуметтік осал топтары санатындағы азаматтарды жұмыспен қамтуды жүзеге асыратындар (кемінде 2 адам, штаттың 50%-ы);
2-санат – халықтың әлеуметтік осал топтары санатындағы азаматтардың өндіретін тауарларын, орындайтын жұмыстарын, көрсететін қызметтерін өткізуге жәрдемдесетіндер;
3-санат – өмірлік шектеулерді жеңуге немесе өтеуге мүмкіндік беретін жағдай жасау мақсатында мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған тауарлар өндірумен, қызмет көрсетумен айналысатындар (әлеуметтік-медициналық, психологиялық қызметтер, оңалту және бейімдеу);
4-санат – әлеуметтік салада қызмет көрсететіндер (психологиялық-педагогикалық қызмет, балалардың демалысы мен сауығуын ұйымдастыру, жалпы білім беру, мәдени-ағарту, қоршаған ортаны қорғау).
«2024 жылдың маусым айындағы жағдай бойынша республикадағы барлық әлеуметтік кәсіпкердің (1094) 19,7%-ын құрайтын 215 кәсіпкер реестрге енгізілді. Оның ішінде: 1-санат – 13, 2-санат – 1, 3-санат – 40, 4-санат – 161 кәсіпкер. Бұл реестр кәсіпкерлерге мемлекеттік гранттар конкурсына қатысуға, сондай-ақ «Даму» қоры арқылы 11,3% мөлшерлемемен жеңілдетілген несие алуға мүмкіндік береді» деп хабарлады спикер.