Мәдениет

Шәмші әндері шарықтады

Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерт ұйымында «Менің Қазақстаным» атты Шәмші Қалдаяқов әндерінің халықаралық фестивалі өтті.

Іс-шараның мақсаты – Қазақ­станның халық әртісі, ұлы композитор Шәмші Қалдаяқовтың шығармашылық мұрасын насихаттау. Фестиваль халықаралық мәдени ынтымақтастықты нығайтуға, ұлтаралық диалогты дамытуға және жас орындаушылардың шығармашылық бастамаларын қолдауға арналған.

Концертте Шәмші Қалдаяқовтың танымал шығармалары жаңа музыкалық өңдеуде орындалды. Атап айтқанда, «Ақ маңдайлым», «Отырардағы той», «Сыр сұлуы», «Қайдасың», «Шынарым», «Ана туралы жыр», «Арыс жағасында» және т. б. туындылар.

Іс-шараға İlkim Eylül İlk (Түркия), Сарвиноз Камалова (Өзбекстан), Альфия Каримова (Башқұртстан), Michelle Joseph (Моңғолия) және Вреж Киракосян (Армения) сынды шетел өнерпаздары қатысты. Фестиваль қатысушыларының қатарында «Қазақконцерт» әртістері мен шығармашылық ұжымдары да болды. Атап айтқанда, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Әділхан Макин, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегерлері Бауыржан Исаев, Алтыншаш Мұқатаева, Анна Уварова, «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісінің иегері Оралхан Алтынбеков, республикалық және халықаралық байқаулардың лауреаттары Ибраһим Амин, Айбек Әбдіәшімұлы, Талғат Аллабиринов, Сая Махамбет, Сұлтан Ахмет, Зарина Макина, Дидар Абдухалық, Нұрмұхаммед Сатен, Табриз Иылдырым, сондай-ақ «Бірлік» би ансамблі, «Saz&Soul» тобы және Қазақ мемлекеттік симфониялық оркестрінің камералық ансамблі.

Фестивальге ұлы композитор­дың ұлы, танымал дирижер, «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісінің иегері Мұхтар Қалдаяқов қатысты. Қатысушылар дипломмен және арнайы сыйлықтармен марапатталды.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button