Білім

Шәкірт шырағын жаққан

Ұлт тәрбиелеу атты үлкен жауапкершілік жүктелген ұстаздық қызмет қашанда құрметке лайық. Білім мен білік, қажыр мен қайрат сынға түсетін ұстаздық қызметті өмірінің мәні де, сәні де ете білген, жаңашылдыққа ұмтылған сондай педагогтардың бірі – елордалық Әлімхан Ермеков атындағы №38 мектеп-лицейінің информатика пәні мұғалімі Күлзира Сейлова.

«Мұғалім болу – жүрек жылуын, мейірім шуағын, адамгершілік қасиетін оқушы бойына дарыту. Бұл – жай ғана мамандық емес, үлкен жауапкершілік пен миссия. Ұстаздық тек пәнді оқыту емес, адамның жүрегіне жол табу екендігін түсіндім. Бұл жолдың әр қадамында студенттерге, олардың дамуына, болашағына үлес қосуды мақсат еттім» деген Күлзира Серікбайқызының бұл пікірі – нағыз ұстаздың жүректен шыққан, 30 жылдық тәжірибесінен түйген ойы.

«Өзім мектеп кезінен ұстаздарымның еңбегін көріп, оларды үлгі тұтатын едім. Үйретуден жалықпайтын мұғалімдердің қажырлы еңбегін көріп, мен де оқушыларға дамуына, өмір жолына дұрыс бағыт көрсететін маман болуды қалайтын едім» деп ой бөліскен педагог бұл жолға кездейсоқ келмегенін жеткізді.

Білікті маман, Ы.Алтынсарин атындағы төсбелгі иегері, педагог-шебер балаға жүрек жылуын сыйлау, олардың қарым-қабілеттерін үнемі жетілдіріп отыру, сабақ барысында жаңа әдіс-тәсілдерді үздіксіз пайдалануды басты ұстанымы еткен. Әсіресе оқушыларды ғылыми жоба, олимпиада, зияткерлік сайыстарға дайындауды мақсат ететін педагогтың шәкірттері жылда республикалық деңгейдегі байқаулардың үздіктері қатарынан табылады. STEM және робототехника бағытындағы жарыстарда мектеп оқушыларынан құралған Venom атты топ беделді жарыстарда жақсы көрсеткіш көрсетіп, соңғы төрт жылда халықаралық деңгейдегі додаларда жүлделі орындардан көрініп жүргенін ұстаз мақтанышпен бөлісті. Педагогтың сөзінше, мұғалім еңбегінің жемісі шәкіртінің жетістігімен көрінеді.

«Қазіргі таңда ұстаз есімі ардақталып, тартымдылығы арта түскені сөзсіз. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бастамасымен «Педагог мәртебесі туралы» заң еніп, педагог еңбегі жақсы дәріптеліп келеді. Сондықтан айтарым, ұстаздықтан шаршамау керек. Әр кез жас мамандарға, әріптестеріме «өзіңіз мықты мұғалім болсаңыз, өз пәніңізді сүйсеңіз, теориялық білімді әдістемелік біліммен ұштастыра білсеңіз, шығармашылық ізденісте жүретін болсаңыз, сіздей мұғалім жерде қалмайды» деймін. Цифрлы технологиялар қарыштап дамыған заманда дарынды балалар өте көп. Біздің басты миссиямыз – олардың талантын ашуға септесу, шамшырағы болу. Қоғамдағы әртүрлі өзгерістерге бейімделе отырып, ұлт көшбасшысын дайындауды негізгі міндетім деп білемін. Мамандығым – өмірімнің мәні мен мазмұны» деді К.Серікбайқызы.

Индира БЕРЖАНОВА

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button