Басты ақпаратБілім

Шәкірт шырағы

Ұлт тәрбиелеу атты үлкен жауапкершілік жүктелген ұстаздық қызмет қашанда құрметке лайық. Ал соның ішінде үздігі болу – тұтас өмірін ұстаздыққа арнаған жандардың еселі еңбегі. Педагог мәртебесі ардақталып, жақында елорданың 5 бірдей ұстазы республикалық «Үздік педагог-2024» байқауының жеңімпазы атанған еді. Солардың қатарында Астананың Сұлтанбек Қожанов атындағы №64 мектеп-­лицейінің ­география пәні мұғалімі, 20 жылдан астам уақытын білім беру саласына арнаған білікті педагог Баян Даутбайқызы бар.

«Мұғалім болу – жүрек жылуын, мейірім шуағын, адамгершілік қасиетін оқушы бойына дарыту. Мұғалім мәртебесі – шәкіртке ата-анасындай болып тәрбие беру. Олармен бірге қуана білу, уақыт арнау» деген Баян Даутбайқызының бұл пікірі – нағыз ұстаздың жүректен шыққан, қанша жылдық тәжірибесінен түйген ойы.

«Мен Тараз қаласының 10 шағын ауданында №49 мектепті аяқтадым. Мұхаммед Хайдар Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінде 1999 жылы жаратылыстану ғылымдары факультеті ашылып, оқу ордасын алғашқылардың бірі болып тәмамдадым. 2003 жылы жас маман ретінде конкурстық іріктеуден сәтті өтіп, міне, сол уақыттан бері елорданың білім беру саласында қызмет етіп келемін. Әлемді тану арқылы оқушылармен біріге жұмыс істеу менің арманымның бірі десем болады. Астананың бірқатар мектебінде қызмет атқарып, 2016 жылдан бері Сұлтанбек Қожанов атындағы №64 мектеп-лицейінде география пәнінен сабақ беремін. Отбасымда үлкен әпкем, өзім, сіңлім де – педагогпыз» дейді ұстаз.

Баян Даутбайқызы – 5 баланы тәрбиелеп отырған көпбалалы ана. «Мектептегі оқушыларым – менің де балаларым» деген ұстаз өз ұстанымын оқушыларды шығармашылыққа тәрбиелеу, дарынды балаларды шыңдап отырумен байланыстырады. Әсіресе оқушыларды ғылыми жобаға дайындауды мақсат ететін педагогтың шәкірттері жылда республикалық деңгейдегі байқаулардың үздіктері қатарынан табылады. Оқушылар жақсы көрсеткіш көрсетіп, соңғы екі жылда республикалық деңгейде ғылыми жоба қорғаудан жүлделі орындармен оралатынын ұстаз мақтанышпен бөлісті. Педагогтың сөзінше, ғылыми жоба қорғау баланың сенімін арттыруға, жауапкершіл болуға, ойын еркін жеткізуге, қоғамдық ортамен қарым-қатынасын нығайтуға талпындырады.

«Мектебімізде «Жасыл аймақ» жобасы бар. 2022-2023 оқу жылы Жетісу жерінен мақта әкеліп ектік. Мақтаны өсіріп, жерсіндірдік, кейін ол әдемі гүлдеп, процестің барлығын балалармен бірге тамашалаған едік. Ендігі бір жоба осма өсімдігін өсірумен байланысты. Бұл – қанша пайдасы бар болғанмен, ұмытылып бара жатқан өсімдіктің бірі. Соны оқушылар етене танысын деген мақсатта жобаны қолға алдық. Оқушылардың география пәніне қызығушылығы айрықша. Әсіресе болашақ мамандығын анықтауда географияны таңдап жатқан оқушыларымыздың саны көп» деді Б.Даутбайқызы.

Білікті мұғалім бар білімін бүгін алдында партада отырған, ертең ұлттың болашағына айналатын оқушылардың бойына сіңіріп жатыр. Ізденістен жалықпайтын ұстаздың 7-11-сынып оқушыларына арналған «Географиялық номенклатуралар» атты авторлық оқу-әдістемелік құралы бар. Мұнда барлық мемлекеттердің географиялық орны, астанасы, гидросферасы, басқару формасы секілді бірқатар бағыт бойынша талданған ақпарат беріледі. Осы арқылы кез келген балаға әлемді таныстыруды мақсат еткен.

«Мен сабақты еркін түрде өткізуге тырысамын. Себебі оқушылар арасында жақсы жазғанмен, аудитория алдында сөйлеуден қорқатын балалар болады. Мұндайда топтарға бөліп, бар назарды баланың ойын ашық жеткізуге бағыттаймын. Сабақты өмірдегі мысалдармен байланыстырып үйрету өте тиімді. Білімді өмірмен ұштастырмай берсек, балаға ол қонымсыз болады. Сол секілді бақылау кезінде балаларға белгілі бір тақырып бойынша «өз ұсынысыңызды айтыңыз» немесе «өзіңіз қандай шешу жолдарын ұсынасыз?» деген сынды сұрақтар қойылады. Сонда балалардың зейінін ашып, ойын анық әрі нақты жеткізуде еркіндік берген дұрыс деп санаймын. Елімізде «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы аясында географияны ұлттық құндылықтармен ұштастырып үйретемін. Балаларды топқа бөлгенде, көбіне «жебе» әдісін пайдаланамын. Желдей ескен жебе діттеген жеріне жететіні секілді оқу процесінде балаларға аңсаған армандарына қол жеткізуге болатынын, сонымен бірге жебенің мән-мағынасын қоса түсіндіремін» деді Б.Даутбайқызы.

Озық шәкірттерді тәрбиелеп, «Үздік педагог» атанған маман ұстаз бақытына жеттім деуге әлі де қанша еңбектену керек екенін айтады.

«Қазіргі таңда ұстаз есімі ардақталып, тартымдылығы арта түскені сөзсіз. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бастамасымен «Педагог мәртебесі туралы» заң еніп, педагог еңбегі жақсы дәріптеліп келеді. Ал педагогтар арасында өтетін байқауларға қаншама жылдық тәжірибе керек. Авторлық жобаның болуы, волонтерлік жұмысқа қатысу сияқты кезеңдерді қамтитын байқауға жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар білікті ұстаздар қатысты. «Үздік педагог» атағын алғанмен, оның салмағы да бар. Ұстаздықтан шаршамау керек. Цифрлы технологиялар қарыштап дамыған заманда дарынды балалар өте көп. Біздің басты миссиямыз – олардың талантын ашуға септесу, шамшырағы болу. Қоғамдағы әртүрлі өзгерістерге бейімделе отырып, ұлт көшбасшысын дайындауды негізгі міндетім деп білемін. Мамандығым – өмірімнің мәні мен мазмұны» деді Б.Даутбайқызы.

Индира Бержанова

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button