Сеулде халықаралық спектакльге қатысты

Оңтүстік Кореяның Сеул қаласында өткен «Париждегі екі әйел» атты халықаралық спектакльдің премьерасына елордалық актерлер де қатысты. Аталған қойылым – үш елдің (Оңтүстік Корея, Қазақстан және Ресей) бірлескен жобасы, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
2025 жылдың қаңтар айында Оңтүстік Кореяның PIAC (ПИАК) театр компаниясының арт-директоры және өкілі, режиссер Ра Джин-Хван мырза «Париждегі екі әйел» спектакліне кастинг өткізу мақсатында Астана қаласына іссапармен келді. Кастинг нәтижесінде Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театрының актері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Асылбек Қапаев пен актриса, «Дарын» Мемлекеттік Жастар сыйлығының лауреаты Ақмарал Танабаева іріктеуден өтті. Актерлер мамыр айынан бастап екі ай бойы Сеул қаласында дайындық жұмыстарына қатысты. Халықаралық жобаға Оңтүстік Корея, Қазақстан және Ресей елдерінің өнерпаздары бірлесіп атсалысты.
Қойылымның негізі – екі әйелдің тағдыры: Корей өнеріндегі алғашқы феминист, суретші Ра Хе Сок пен А. Чеховтың әйгілі «Шие бағы» пьесасындағы кейіпкер Раневская. Бұл бейнелер қазіргі заман тұрғысынан қайта интерпретацияланып, көрерменге ұсынылды. Оқиға 1937 жылғы тарихи зұлмат кезеңді арқау етіп, ұлт болмысы мен жеке тағдырлар қиылысында өрбиді. Спектакльде бірнеше рөлді сомдаған Асылбек Қапаев — «Қазақ»рөлімен Қазақ халқының жинақталған образын және А. Чеховтың «Шие бағы» пьесасындағы кейіпкерлері Лопахин, Яша образында, Ақмарал Танабаева — «Айша» рөлімен Қазақ әйелінің рухани бейнесін және әкесі кәріс анасы орыс, екі мәдениеттің тоғысындағы Аглая, «Шие бағы» шығармасындағы Варя кейіпкерлерін сомдайды. Жобаның мақсаты — Қазақстан, Корея және Ресей елдері арасындағы мәдени байланыстарды нығайту, тарихи жадыны жаңғырту және әр халықтың рухани кодын сахна арқылы таныту болды. Спектакльді алдағы уақытта Астана мен Мәскеу қалаларында қою жоспарға енгізілген.