Сеулде Астананың туризм саласын таныстыруға арналған роуд-шоу өтті

Сеулде «Astana Tourism» компаниясы Астана мен Кореяның туристік саласындағы жетекші мамандарды жинап, тәжірибе алмасу, туристік өнімдерді таныстыру және іскерлік байланыстар орнату үшін бірегей алаң ұсынды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Корея Республикасындағы Қазақстанның Төтенше және Өкілетті Елшісі Нұрғали Арыстанов пен Астана қаласы Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы басшысының орынбасары Мақсат Жанабаев іс-шара қатысушыларына құттықтау сөз арнады. Олар екі ел арасындағы туристік байланыстарды дамытудың маңызын және Астананың Орталық Азиядағы болашағы туристік бағыт ретінде маңызды орын алатынын атап өтті.
«Мен корейлік әріптестеріміздің елімізге туризм саласында көрсетіп келе жатқан тұрақты қолдауы мен қызығушылығы үшін алғысымды білдіргім келеді. Бұл іс-шара екі ел арасындағы байланыстарды нығайту жолындағы маңызды қадам болып табылады», – деді Кореядағы Қазақстанның Төтенше және Өкілетті Елшісі Нұрғали Арыстанов.
Қазақстандағы туризмді дамыту стратегиялық маңызға ие. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев атап көрсеткендей, туризм – экономикалық өсудің және елдің халықаралық тартымдылығын арттырудың маңызды факторы.
Корея Республикасы азаматтарына арналған визасыз режимнің болуы, аптасына 20 тікелей рейстің орындалуы және өзара туризм көрсеткіштерінің тұрақты өсуі – екіжақты байланыстарды одан әрі нығайтуға зор мүмкіндік беретінін дәлелдейді.
«Astana Tourism» Туризмді дамыту орталығының Басқарма төрағасы Артем Квашук Астананың туристік әлеуеті туралы презентация ұсынып, қаланың негізгі туристік өнімдерімен, инфрақұрылымдық ерекшеліктерімен және даму перспективаларымен таныстырды.
Оның айтуынша:
«2024 жылы Қазақстанға келген Оңтүстік Корея туристерінің саны 40 мыңнан асты, бұл өткен жылмен салыстырғанда 12%-ға көп. Сонымен қатар Қазақстан азаматтарының Кореяға сапарлары 8%-ға артып, шамамен 53 мың адамды құрады.
2025 жылғы қаңтар–шілде айларында Кореяға 38 мың қазақстандық барса, елімізге 17 мыңнан астам корей азаматы келді. Біз түрлі санаттағы туристерге арналған бағыттарды ұсынамыз. Оның ішінде мәдени және оқиғалық туризмнен бастап, іскерлік сапарлар мен белсенді демалысқа дейін бар», – деді Артем Квашук.
Роуд-шоу бағдарламасы Корея Республикасының туристік қауымдастығымен B2B-кездесулерді қамтыды. Іс-шараға 70-тен астам туриндустрия өкілдері, сондай-ақ жетекші туроператорлар мен туристік агенттіктер қатысты. Қазақстан тарапынан Air Astana, «Astana Opera» опера және балет театры, SkyWay, Shef Tour, Kompas, Tyран Азия, TOP Line туроператорлары таныстырылды.
2024 жылы Кореядан Қазақстанға тартылған тікелей инвестиция көлемі 1,2 млрд АҚШ долларын құрады. Бүгінде елімізде корейлік капиталдың қатысуымен 890 бірлескен кәсіпорын жұмыс істейді.
«Осындай роуд-шоу іс-шаралары инвестициялық климаттың дамуына және астана экономикасына корей инвестицияларын тартуға елеулі үлес қосады деп сенемін», — деді Астана қаласының Инвестицияларды дамыту қалалық орталығы «Astana Invest» Басқарма төрағасының орынбасары Сабит Мухамеджанұлы.
Астана Innovations компаниясының Технологиялық ынтымақтастық және жобаларды қолдау департаментінің директоры Айбек Ахметбеков Астанадағы туризм саласының дамуы үшін цифрландырудың маңызды рөлін атап өтті. Өз сөзінде ол цифрлық шешімдер мен құралдардың Елорда тұрғындары мен қонақтарының күнделікті өмірінің ажырамас бөлігіне айналғанын көрсететін бейнероликті таныстырды. Іс-шара аясында екі елдің туристік қауымдастықтары арасында бірқатар меморандумдар мен келісімдерге қол қойылды.
Атап айтқанда, «Astana Tourism» туризмді дамыту орталығы мен Tourism Promotion Organization арасында, сондай-ақ Орталық Азия – Корея Республикасы Ынтымақтастық форумының хатшылығымен ынтымақтастық туралы меморандумдар рәсімделді.
Іс-шараға қатысушылар роуд-шоудың іскерлік байланыстарды нығайтуға, серіктестік мүмкіндіктерін кеңейтуге және Астананы туристік әрі бизнес-бағыт ретінде ілгерілетуге ықпал еткен тиімді алаң болғанын атап өтті.



