«Self-Transcendence» ультрамарафонының қорытындысы жарияланды

Астанада онінші мәрте ұйымдастырылған «Self-Transcendence» атты жыл сайынғы ультрамарафонның қорытындысы жарияланды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
Ультрамарафон елорда полиция департаменті мен қаланың Жүгіру мен салауатты өмір салтын ұстанушылар клубының бірлесіп ұйымдастыруымен өткізілді. Шара есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл және нашақорлықтың алдын алуға бағытталған кешенді жоспарды жүзеге асыру аясында, сондай-ақ нашақорлыққа қарсы күрес күніне арналған айлық шеңберінде өтті.
Жарыс екі тәулік бойы бірнеше санатта ұйымдастырылды: 6 сағат, 100 км, 24 сағат және 48 сағат. Марафон өткізілген орында қатысушылардың тамақпен қамтамасыз етілуі үшін шатырлы лагерь жабдықталды.
Жарысқа еліміздің түрлі өңірлерінен және шетелден келген 60 адам қатысты. Жүгіруге қатысқан ең жасы үлкен адам – 75 жастағы Талапнұр Байзақ.
«Жастайымнан жеңіл атлетикамен айналысамын және әрқашан марафондарға қатысуға тырысамын. Бұл ультрамарафон – менің алғашқы тәжірибем және мен осындай ерекше шараның бір бөлігі болғаныма шексіз қуаныштымын. Бұл – өз күшімді сынап көру, мен оны өткердім деп ойлаймын», — деп бөлісті ол әсерімен.
Мәреге жеткен әрбір қатысушыны көрермендер шапалақтап қарсы алды. Марапаттау рәсімі барысында барлығына медальдар, кубоктар және тақырыптық естелік сыйлықтар табыс етілді.
«Біз бұл ай бойы осындай акцияларды өткізіп, қоғамның, әсіресе жастардың назарын нашақорлық мәселесіне аударғымыз келеді. Спорт пен осындай іс-шаралар арқылы зиянды заттарға балама – салауатты, жетістіктерге жетелейтін жолдардың бар екенін көрсеткіміз келеді», — деді Астана қаласы Полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі, полиция подполковнигі Әлия Қибатқызы.