ӘлеуметБасты ақпарат

Секундпен саналатын қызмет

Астананың қарбалас тіршілігі қайнап жатқанда, бір сәтке де босаңсымайтын қызмет бар. Олар адам өмірін арашалап, қауіптің дәл ортасында жүреді. Күні кеше сондай мекеменің бірі, яғни №6 мамандандырылған өрт сөндіру бөліміне барып, тынысымен танысып қайттық.

БАТЫР ЕСІМІ БЕРІЛГЕН БӨЛІМ

Асқар Забикулиннің есімі берілген №6 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімі елорданың Нұра ауданында орналасқан. 2013 жылдың ақпан айында жұмысын бастаған мекемеге 2023 жылы ерлігімен ел жадында қалған батыр Асқар Забикулиннің есімі берілген еді. Бұл жай ғана атау емес, бұл – әрбір қызметкерге артылған үлкен жауапкершілік пен сенім.

Бөлім аумағына кірген сәттен бастап тәртіп пен дайындық бірден байқалады. Мұнда бәрі – есеппен, бәрі бақылауда. Өрт сөндірушілер кез келген шақыртуға секундтар ішінде шығуға дайын. Аудан бойынша келіп түскен қоңырауларды жедел қабылдап, бригаданы жіберетін өрт сөндіру бөлімінің радиотелефоншысы Гүлмира Джапенова бұл салада жиырма жылдан бері жұмыс істеп келе жатқанын тілге тиек етті.

ТІЛСІЗ ЖАУМЕН КҮРЕСЕТІН ТЕХНИКАЛАР

Астана қаласы ТЖД бастығының орынбасары Өміржан Тұқышевтың айтуынша, бұл бөлім заманауи техникамен толық қамтамасыз етілген. Қазіргі таңда олардың қарауында 14 бірлік арнайы техника бар. Әсіресе, 90 метрлік авто-иінді көтергіш ерекше әсер қалдырды. Бұл алып техника 26-28 қабат биіктікке дейін жетеді екен. Ғимараттағы адамдарды құтқаруға мүмкіндік береді. Соңғы рет қаламыздағы «Семь бочек» деп аталатын тұрғын үйдің сыртқы қасбеті жанғанда дәл осы көліктің көмегімен сөндірген.

«Біздегі тағы бір назар аудартқан жаңашылдық – өрт сөндіру дрондары. Арнайы Hyundai Mighty автокөлігімен тасымалданатын QAZ BS-1 және QAZ BS-2 дрондары – биік ғимараттардағы өртті сөндіруде таптырмас құрал. Олар 3540 қабат деңгейінде жұмыс істей алады және 100 келіге дейін жүк көтереді. Бұл – өрт сөндірушілердің өмірін сақтап, қауіпті аймақтарға қашықтан әсер етуге мүмкіндік беретін технология» дейді Астана қаласы ТЖД бастығының орынбасары Өміржан Тұқышев. Мұндай дронның екі данасы осы бөлімге тиесілі көрінеді. Пультпен басқарылатын заманауи техникамен арнаулы дайындықтан өткен білікті мамандар жұмыс істейді.

Нұра ауданы ТЖБ бастығының орынбасары Абай Қабыкенов өзі басқаратын мекемеде 111 қызметкер еңбек ететінін айтты. Олар жыл сайын 800ден астам шақыртуға шығады. Бұл дегеніміз – тәуліктің кез келген уақытында, кез келген жағдайда әрекет етуге дайын команда. Бөлім тек өрт сөндіру қызметімен ғана айналыспайды. Төтенше жағдай кезіндегі авариялық-құтқару жұмыстары да – осы жігіттердің мойнында.

«Бізде ерекше атап өтетін техниканың бірі – авариялыққұтқару автокөлігі бар. Гидравликалық құралдармен жабдықталған техника жол-көлік оқиғалары мен үйінді астында қалған адамдарды құтқаруға арналған. Сонымен қатар, бұл техника апатты аймақты жарықпен және электр қуатымен қамтамасыз ете алады» дейді Абай Қабыкенов. Оның айтуынша, батыр атымен аталатын бөлім Астананың Есіл және Нұра аудандарына қызмет көрсетеді. Яғни, мыңдаған тұрғынның қауіпсіздігі – осы мамандардың кәсібилігіне байланысты.

АВТОКӨЛІКТЕГІ ӨРТ КӨБЕЙГЕН

Жыл басынан бері елордада 63 автокөлік өртенген. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда өте жоғары. Сараптама көрсеткендей, өрттің негізгі себептері көп. Электр жүйесінің ақауы, қысқа тұйықталу, жанар-жағармайдың ағуы және техникалық күтімнің уақытылы жүргізілмеуі. Мамандар, әсіресе қыс мезгілінде қауіп күшейетінін айтады. Автооталдыру мен қолдан жасалған жылыту құрылғылары өрт қаупін тудырады.

«Біз қарапайым халыққа көлікті уақытылы тексеруді, сымдардың жағдайын бақылауды, қолдан жасалған құрылғыларды пайдаланбауды, ең бастысы, міндетті түрде өрт сөндіргіш болуын ескертеміз. Ешқашан оталып тұрған көлікті қараусыз қалдырмау керек» дейді Абай Қабыкенов.

ҚАРАПАЙЫМ ЕРЕЖЕ ҚАУІПТІҢ АЛДЫН АЛАДЫ

Қауіп туралы тек болған кезде ғана ойлаймыз. Ал сол қауіптің алдын алып, өз өмірін қатерге тігіп жүрген жандардың еңбегі көбіне тасада қалып жатады. Өрт сөндірушілер үшін бұл жай жұмыс емес, әр шақырту сайын біреудің тағдырымен бетпе-бет келу. №6 бөлімнің табалдырығын аттаған сәттен бастап мұнда кездейсоқ адам жоқ екенін түсіндік. Әрқайсысы батылдық пен жауапкершілікті таңдаған, кез келген сәтте от пен қауіптің ортасына кіруге дайын жандар. Олар үшін уақыт – секунд, ал сол секундтардың ішінде біреудің өмірі сақтап қалуға болады.

Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button